СИРЕК ЖӘДІГЕРЛЕР СЫР ШЕРТЕДІ
Кеше мен бүгінгінің айшықты тұстарын жаңғыртып, олардан белгі болып қалған жәдігерлердің иесі іспеттес музейдің өзіндік тарихы бар. Себебі, ол – әр дәуірдегі мәдениетті сақтаушы, насихаттаушы бірден-бір рухани орда.
Сыр шаһарындағы осындай көне жәдігерлер мекені – облыстық тарихи-өлкетану музейінде де сан ғасырлық тарихы бар бағалы экспонаттар орын алған. Оның ішіне еніп, тарихты тануға ниет білдірген кез келген жан елдің, халықтың бай құнарлы мәдениеті жөнінде толығымен түсінік ала алады. Тарихи құндылықтардың көзіне айналған баға жетпес рухани байлықтың отаны – музей қорында қазіргі таңда жалпы саны 55416 жәдігер сақтаулы тұр. Оның ішінде археологиялық ғылыми-зерттеу жұмыстары кезінде ескі қалашықтардан табылған түрлі көне қолжазбалар, кітаптар, қару-жарақтар бар.
Шетелдік зерттеушілердің аса қызығушылығын тудырып жүрген сондай артефактілердің бірі – Жоңғар дулығасы. Облыстық тарихи-өлкетану музейінің археология және этнография бөлімі меңгерушісі Асхат Сайлаудың айтуынша, дулыға 1968 жылы музей қорына өткізілген. Бірақ, бұл құнды жәдігердің қайдан келгендігі, кімнің өткізгені әлі күнге дейін белгісіз күйде қалып отыр. Ал, зерттеуші мамандар дулығаның ХVІІІ ғасырға негізделген жоңғарларға тән дүние екендігін алға тартады. Ерекше әдіспен жасалған дулыға қалың матадан тігілген бас киім – күләпара тәрізді. Дулығаның жалпы пішіні төртке бөлініп, алдыңғы екі жағына айдаһар, артқы екі бөлігіне феникс құсының бейнесі бедерленген. Маңдайында өсімдік тәрізді диадемамен бедерленген тілшесі бар.Үш-төрт ғасырлық тарихты бойына жиған дулыға осынысымен-ақ келушілердің назарын өзіне аударып, қызығушылығын арттырып отыр.
Музей қорына белгісіз жағдайда түскен тағы бір аса құнды экспонаттардың бірі – шиті мылтық. Ортаазиялық мылтықтың бір түрі болып саналатын мылтықтың қалай әкелінгені, өкінішке орай әлі беймәлім. Дегенмен, кейбір деректерде бұл мылтықтың түрі Бұқара қаласында соғылғандығы, ал қаруды Сыр өңірінің қазақтары пайдаланғандығы туралы азғантай мәлімет айтылады. Сондықтан да болар, оның кейде «Қоқан мылтығы» деп аталуын тарихшылар растап жүр. Кезінде құны өте қымбатқа бағаланған экспонат музей қорына 1958 жылы өткізілген. Құндағы ағаштан жасалып, шығыс елдеріне тән оқпантайдың ішкі жағы алты қырлы етіп темірден соғылған қарудың ұзындығы 150 см-ді құрайды.
Осындай қатпарлы тарихты қайта жаңғыртып, жас ұрпаққа құнды мұралар мен ескерткіштер арқылы тәлім-тәрбие беруде киелі орынның маңызы орасан. Себебі, тұтас бір ұлттың рухани келбетін, оның мәдениетін, өнері мен өркениетін, ғасырлар шежіресін жан-жақты зерттеп, дәріптейтін құнды жәдігерлердің құтты мекені екені сөзсіз. Музейге санаулы сағатқа ғана бас сұққан адам елінің өткен тағылымды тарихтан кенде емес екеніне көзі жетеді. Тұрмыстық бұйымдар, ұлттық қолөнеріміздің озық үлгілері ө
те көп екендігін аңғарады.
те көп екендігін аңғарады.
Музей қашанда халық үшін қызмет етуі тиіс екенін ескерсек, әлі талай жерде көміліп жатқан тарихын тірілтіп, оны сақтап, ел арасына насихаттау аталмыш мәдени орынның басты мақсаттарының бірі болмақ. Ал, сан мың жылдық тарихты бір арнаға тоғыстырған музей есігі келем деушілерге әрдайым айқара ашық.
Бағлан ТІЛЕУБЕРГЕНОВА.