ПАРИЖ ПАТШАСЫ
Кеше мен бүгінгінің айшықты тұстарын жаңғыртып, олардан белгі болып қалған көне жәдігерлер мекені – облыстық тарихи-өлкетану музейінің филиалы Ақмешіт музейінде сан ғасырлық тарихы бар бағалы экспонаттар сақталған. Оның ішіне еніп, тарихты тануға талпынған кез келген жан елдің, халықтың бай құнарлы мәдениетімен қатар, сирек құнды дүниелерге де қанық бола алады. Тарихи құндылықтардың көзіне айналған музей қорында қазіргі таңда жалпы саны 2000-ға тарта жәдігер сақтаулы тұр. Оның ішінде археологиялық ғылыми-зерттеу жұмыстары кезінде ескі қалашықтардан табылған түрлі тұрмыстық ыдыс-аяқтар, көне қолжазбалар, кітаптар бар. Сондай-ақ, сонау XIX ғасырдан жеткен мәдени мұралар өрнекті өткен күннен шежірелі сыр шертіп тұрғандай. Музейдегі келушілердің ерекше қызығушылығын тудырып жүрген осындай артефактілердің бірі – «Le Roi a Paris» сағаты. Филиал меңгерушісі Кенжекүл Ахметованың айтуынша, ғасырдан астам тарихы бар дүниені музей қорына қала тұрғыны Гүлнәр Баяділова әкеліп табыстапты. Әлі күнге дейін сағат тілі тық-тық етіп, уақытты жаңылмай көрсетіп тұр. Ерекше шеберлікпен құрастырылған сағаттың сыры мен сыны да қаз-қалпында. Қазіргі сан түрлі үй жиһаздарынан кем түспейді. Әрбір бұрышына дейін аса мұқияттылықпен қиюластырғаны көрініп тұр. Француз тілінен аударғанда «Париж патшасы» мағынасын білдіретін бұйым 1901 жылы Францияда жасалған деседі. – Сағаттың биіктігі – 1 метр, ені – 36 сантиметрді құрайды. Шебер шикізат ретінде қызыл ағашты пайдаланған. Кейін бұл сағат 2003 жылы 20 маусымда облыстық тарихи-өлкетану музей қорының түсім кітабына М-КП-6277/2 нөмірімен тіркеуге алынған. Ал, алыс-беріс актісі негізінде келесі жылдың 15 желтоқсанында құнды әрі сирек жәдігер ретінде біздің музейдің экспозициясына қойылды, – дейді Кенжекүл Ахметова.Осылайша дәуірнаманы уақыт ырқына көндіріп, бір ғасырды тарих қойнауына жіберген құнды дүние өнегелі өткен күн мен жасампаз жаңа заманның жансыз куәсіне айналғандай. Шекара асып, белдеу басып келген бұл жәдігерге музей қызметкерлері де аса ұқыптылықпен қарайды. Руханият жанашырлары ретінде ерекше қамқорлық танытып, көздің қарашығындай сақтап отыр. Себебі, көненің көзіндей болған сәнді сағат әлі де талай жылды жылға жалғап, болашақ бағдарды жаңылмай бағып тұрары анық.
Бағлан ТІЛЕУБЕРГЕНОВА.