ЖАҚСЫЛЫҚ ЕККЕН АЛҒЫС ОРАДЫ
Нағыз іскерлік пен жауапкершілік деген осы болар. Осындай қайнаған істің басында тұрса да қабағын шытқан кезін көрген жоқпыз. Келген жанның тығыз шаруасын тезірек орындауға тырысатын. Мұндай жағдайды құлақпен естіп емес, талай көзбен көрдік. Бұл Олжекеңнің бойындағы парасат-пайымының биіктігін, адамгершілігінің жоғары екендігін көрсетсе керек. Екінші жағынан – адам факторына барынша мән бергендігі. Әсіресе, Сырдария ауданындағы көп салалы тұрғын үй коммуналдық шаруашылық бөлімін басқарып жүргендігі шынайы тірлігінің көрінісі еді. Кейбір басшылар секілді қабағынан қар жауып «Өзің көріп тұрсың ғой, мен болмасам мына іс бітпей қалады» деп түйіле қараса, келген жұрт не істер еді?
Олжабай Тобағабылов Тасбөгет кенті әкімінің орынбасары қызметін атқарған жылдары жергілікті тұрғындардың проблемасын шешуге белсене атсалысты. Қолы қысқа, тұрмысы өте төмен мұқтаж отбасыларға үй салатын жер алуға қол ұшын созды. Қолындағысын біреуге бөліп беруге дайын, кең жүректі, жаны жомарт азамат халқына аянбай қызмет етті.
Сонау 1991 жылдары жекешелендіру кезеңі басталғанда қарамағындағы жандарға мекеме техникасын еңбегіне, жұмыс өтіліне қарай таратып, қара жұмысшыға дейін көлікті етті. Көп салалы шаруашылықты басқарғанда адалдықтың ақ туын желбіретті. Нағыз шындық сол, халықта болсын деген ақеден көңілден аспады. Ер пейілді, кең көңілді деген осы болар. Сондай қызмет көшінде жүрсе де өз қамын әсте де ойламапты. Содан болар, басы артық дүние жинаған жоқ. Дүниеге көз тікпегені алуды білмегендіктен емес, соңына сөз ергенді ар санады. Арын бәрінен биік қойды. Сонысынан болар, тасбөгеттіктер Олжабай десе, еңкейген кәріден, еңбектеген баласына дейін аяқтарынан тік тұрып қарсы алады, күтеді, құрметтейді, сыйлайды. Уақыт адамға қарасын ба? Сырғанай сусып тоқтамай барады. Бүгінде Олжабай ағамыз жетпіс жастың ақ желкенін көтеріп, өмір көшіне ілесіп келеді.
Жас маман кезінде Тасбөгет орталығындағы темір-бетон зауытында мастер болып еңбек жолын бастап, содан цех бастығы, ондағы партия ұйымын басқару мектебінен өтіп шыңдалды. Зауытта жүргенде аудандық, облыстық партия конференцияларына талай рет делегат болып қатысты. Зауыт атынан Тасбөгет кенті кеңесі атқару комитетіне екі рет депутат болып сайланды. Осында еңбектің биік тұғырынан көрініп екі рет Социалистік жарыстың жеңімпазы төсбелгісімен, В.И.Лениннің 100 жылдық мерекелік медалімен марапатталды. Оның іскерлігі мен ұйымдастырушылық қабілетінің жоғары екендігі аудан басшыларының көзіне түсті. Содан аудандағы көп салалы коммуналдық шаруашылық бөліміне тікелей партия тапсырмасы арқылы басшылыққа келді. Талай маман шәкірттерді тәрбиелеп шығарды. Атап айтқанда, Асылбек Жортбасов, Бекет Әшімов, Сәбит Аппазов секілді азаматтар – осы Олжекеңнен тәлім алғандар. Бұл күнде оларда бір-бір мекеменің басшылары және мемелекеттік қызмет лауазымдарында абыройлы еңбек етуде.
Бірде үзеңгілес зейнеткер досы әрі әріптесі болған Рамазан Молдашов ағамыз «Біздің Олжабай өзі шағын болса да ісіне метін ғой» деп әзілдей жымиып, әңгімесін әріден тарқатты. Ол – осы Тасбөгет кентінде дүниеге келіп, осында оқып, ержеткен азамат. Қызылорда политехникумын құрылыс мамандығы бойынша бітіріп, осы кентте еңбек жолын бастаған. Өзі әбден иі қанған текеметтей қарпылған, өте ширақ. Оның адалдығы, ақедендігі үшін жақсы көремін. Бойындағы айрықша қасиеті – көпшілік жиналған жерде әңгімені әділдік жағына жығып отырады. Әр кезде ісі нық, сөзіне берік. Айтса бітті, уәдесін орындайды. Ешуақытта сөз бұйданы ұнатпайды, мәрт жігіт.
Сырдария ауданының көп салалы коммуналдық шаруашылық бөлімін біраз жыл басқарды. Сол кезеңде кентте ауыз су мен аяқ су, жылу жүйесінің жұмысын жолға қоя білді. Олжабайдың іске аса жауаппен қарайтыны соншалық, ала жаздай су жүйелерін күрделі жөндеуден өтетін жерлерін дер кезінде істетіп қоятын. «Сен саларда мен салар, атқа жемді кім салар» дегендей жұмыс жасамайтын. Аудан басшыларының өзі ісіне риза болып, талай алқалы жиында Олжекеңді көпке үлгі етіп айтатын. Нағыз «Іске шебер, сөзі нық» азамат ретінде оны құрметтеймін» деп Рекең замандасын мақтан тұта, сыр ағытты.
Олжабай ағамыз бүгінде мерейлі жетпіске келсе де кент әкімшілігіндегі қоғамдық кеңестің мүшесі, әрі медиаторлық жұмысты қоса атқарып келеді. Отбасында ардақты ата, тұлғалы әке. Жары Бақыткүл екеуі Аршагүл мен Әміржаннан тараған немерелерді құшағына алып, бақыт шуағына бөленіп отыр. Тіршілікте елеулі ғұмыр кешіп, азамат атқа лайықты із қалдырудың өзі осындай-ақ болар.
Кенжалы ЕРІМБЕТОВ.














