КӨШЕЛІ СӨЗ КӨҢІЛДІ ОЯТАДЫ
Бүгінде жұрт жиналған ас-құдайыда, жиын-тойдағы дастарқан басында білімдар адамдар ғана көшелі сөз айтады деп ойлайды. Шын мәнінде қалай өзі? Соны саралап көрсек. Қазір жұртты ұйытып алып кететіндей әңгіме айтқыштар жоқтың қасы. Қазақта «Көп өмір сүргеннен емес, көпті көргеннен сұра» деген әдемі нақыл бар. Жасыратыны жоқ, нақылы мен мәтелін тұздықтап, шындығы мен жалғанын жабыстырып, жетер жеріне жеткізе білетін шешендер кездесе бермейді.
Бірде қонақ астан кейін ауылдан келген Есен ақсақал қасқырды қалай аулағаны жайлы дастарқан басы әңгіме қозғады. Сол жерде отырған жасамыстан бастап, жастарға дейін ол кісінің айтқан әңгімесіне қызыға құлақ түрді.
«Қазір қасқыр да өте сақ. Анау-мынау арлан қасқыр қақпанға түсе бермейді. Біздің ауылдың батыс жақ бет жағында Көктөбе деген жер бар. Бұл жер – қасқырдың нағыз ұйысқан мекені әрі жаз бен қыс жылқы мен ірі қараның жайылымдығы, құтты қонысы. Ол төбенің баурайы шөпке шүйгін. Уақыттың қай мезгілінде де көз салсаңыз, биік төбенің басы мұнартып тұрады. Соған байланысты ел Көктөбе деп атап кеткен. Ерте заманда жергілікті тұрғындарға осы тұстан қоқандықтар, қарақалпақтар және жоңғарлар жиі шабуыл жасаған деседі. Олардың бетін қайтаратын жер болғанын үлкен кісілерден талай естігенім бар» деп ескі тарихтан сыр тартып өтті. Содан қасқырдың ізіне қалай түскенін баяндады. Әңгімесі бұрынғыданда әсерленіп, оқиға желісі қоюлана түсті. Жұрт ұйып, селт етпей, үнсіз, артық қимылсыз тыңдауда.
Ал дастарқанның екінші бөлігінде отырған бір үлкен кісі қайдағы мен жайдағыны әңгіме етуде. Сөз астары қазіргі саясат секілді. Бір кезде дастарқан басында отырған бейтаныс азамат өсек сөзге шыдамай кеткен болуы керек: «Көке, кешіріңіз! Мына жастарға тәрбиелік сәуле құятын, бір жөні түзу әңгіме айтқаныңыз дұрыс еді. Сіздің айтып отырған әңгімеңіз шөкеге келмейтін, бөстекі, қаңқу сөз ғой. Әне, ана көкеміздің әңгімесі бүгінгі жастарға қажетті, өмірге керек-ті сөз. Сізде сондай өмірге қажетті көшелі сөз айтпайсыз ба? Ешбір ұлағаты жоқ әңгімені айтып бас ауыртқанша, ана ақсақал секілді адам назарын өзіңе аударатын әңгіме шертпейсіз бе? – деп қалды. Мына отырған жастарға қандай әңгіме айтуды білмесеңіз, онда мен-ақ айтып берейін» деп жігіт ағасы сөз тиегін бастап кетті.
Бірде Төлебиге қазақтың хас батыры әрі шешен Шақшақ Жәнібек сәлем бере барып, дана ақсақалға: «Түзу мылтық, ұшқыр құс, жүйрік тазы, мақтаншақ жігіт жидым. Бозбала болып ерлік қылайын ба, әлде үлгі алып билік құрайын ба? Елде кәрің болса – жазулы хатың, жайлаған көліңнің алдында төбе болса – ерттеулі атың деуші еді», – деп ақыл сұрай келгенін айтады.
Сонда Төле би: «Өгізді өрге салма, қанатың талар. Наданға көзіңді салма, сағың сынар. Досыңа өтірік айтпа, сенімің кетер, дұшпанға сырыңды айтпа, түбіңе жетер. Жал-құйрығы қаба деп жабыдан айғыр салма, жаугершілік болғанда жадағайлап мінер ат тумас. Жақыным деп жаманның малы үшін жақсының жағасынан алма, өрісің тарылар. Қару жисаң мылтық жи, жаяу жүрсең – таяқ, қарның ашса – тамақ. Ит жүгіртіп, құс салсаң, әуейі боларсың. Әйел алсаң, көріктіге қызықпа, тектіні ал, мақтаншақ жігіт жисаң ұятқа қалдырар. Ұрыншақ ат жаз жарға жығар, қыс қарға жығар. Тұмау түбі – құрт болар, тұман түбі – құт болар. Елге бай-құт емес, би-құт. Қабырғадан қар жауса, атан менен нарға күш, ел шетіне жау келсе, батырлар мен биге күш. Қарап отырғанша бір нәрсеге жарап отыр, кәсіп болмай нәсіп болмас. Менен ақыл сұрасаң, айтарым осы»,- деген екен деп тоқтай бергенде, төрде көптен үнсіз отырған үлкен кісі «Шырағым-ай, өркенің өссін!» деп қалды.
Ана жігіт тағы да көсіліп кетіп, Қазыбек пен Әйтеке билердің біраз нақыл әңгімелерінің басын қайырды. Жұрт қатықтай ұйып тыңдап қалған. Құтты білік пен Жүсіп Баласағұнның Ислам жайлы айтылған жырларынан да көпшілікті хабардар етті. «Бай боламын десең жерді еңсеріп, Көңіліңді байытып ал, ей, серім! – деген екен Құтты білік» деп әңгімесін аяқтады. Шынында да Хадисте: «Шын байлық малдың көптігінде емес, көңілдің байлығында» деген. Сол жерде отырған жастардан бұрын үлкен кісілердің жандары бір рахаттана, көңілдене түсіп, ана жігітке ризалық білдіріп жатты. «Бір білгіштер түпсіз әңгіме қозғап миыңды ашытып жіберетін еді. Балам, даналармен бірге отырғандай болып қалдым. Бақытты бол, қалқам» деп бір үлкен кісі оған батасын берді.
Сол жерде дастарқан басында отырған бір жас жігіт рза болғандықтан: «Көнелерден қалған осындай үлгі-насихат сөзді жаттап алып, айтып жүру керек екен»,-деп қалды. Оны басқа жастарда қолдап жатты. «Мәні бар, тәрбиелі сөздерді ана кісі қатты біледі екен» деп жастар жағы таңдай қағысып қалды.
Ал ақсақалдың әңгімесін тыңдаған жастар жағы да, біраз қасқыр аулау жайлы әңгімеге қаныққандай болды. Біреу ауылға барғаннан кейін ана ақсақалдың әңгімесі бойынша қасқыр аулауды қолға алмақ. Міне, бір ғана дастарқан басында қасқыр аулау мен қазақтың қадірменді даналарының өсиеті мол асыл сөздерінің қаншама жасқа әсер еткенін байқадым.
Даналардың нақышпен айтқан ақылман сөздері үлкен астарда жиі айтылып отырса, жастар неге тыңдамасын?! Қайта көпшілік ортасы осындай есті, үлгілі, салиқалы сөзбен өріліп тұрса, кейінгі ұрпақ одан өнегелі тәрбие алады.
Жасыратыны жоқ, қазіргі айтылатын әңгіменің көбі дәйексіз, атып кетіпті, ұрып-соғып кетіпті, ұрлап кетіпті дегеннен аспай қалды. Одан қалды тойдағы суреттерін салып, не жеп, не ішіп отырғандарын желі арқылы баяндайтын болды. Әрине, бұл соншалықты ұсақтап бара жатқанымызды көрсетеді. Мұнда қандай тәрбие мен мән бар? Осыған таңғалам?
Баяғының көпті көрген ақсақалдары әңгіме айтқанда ертегідей баяндап, тәрбиелік үлгімен айта білген. Қазіргінің көпті көрген оқыған ақсақалдары «Мен басшы болып отырғанда көптеген істер атқарып едім» деп бет алды өзін-өзі мақтап кетеді. Әсіресе ондай жағдайлар жастар тойында көптеп кездесіп жатады.
Бізде керісінше, жеке басын мақтап кетеді. Біреудің айтуынсыз-ақ сүрініп кеткенді тұрғызып жатсаң, қолы қысқаға қамқорлық етсең, жылағанды демесең, жетімді жебесең үлгі емес пе? Ретті жерде ол айтылу керек деп ойлаймын. Айтуға болмайтын нәрсе, ол қалтаңнан берген қарыз екен.
К. ЕРІМБЕТОВ.