Абай – ақындардың абызы
Бүгінде хакім Абайдың шығармашылығы мен өмір салтына негізделген зерттеулер көптеп саналады. Алайда, сол ізденістер арасында ақынның бел баласы, Тұрағұл Құнанбаевтың «Әкем Абай туралы» атты естелігі ерекше бағаға ие. Абайтанушы ғалымдар арасында құнды жәдігер санатындағы аталмыш шығармада әлеуметтік орта мен ақынның дүниетанымы туралы мол дерек қамтылған. Автор биографиялық еңбектің ілкі сөзін неліктен бұл міндетті мойнына алғанын және әке мінезін ашуда қандай жауапкершілік арқалағанын сөз етеді. Қазақы әдеп пен жөн-жоралғыны бойына сіңіре білген асыл ұл «әкесінің әдет-ғұрпын баласы жазбағы, менің білуімше, солақай секілді» дегенді айта келе, ақынның замандастары мен көзін көрген ауылдас ағайындар қатарында қаламға жақыны, көрген білгенін қағазға түсіре білері аз болу себепті жазуға келіскенін жеткізеді. Ұлы ақынның болмысын, көзқарасын шынайы, бүкпесіз тануға жол ашатын естелік оқырман қауымды бейжай қалдырмас деген ниетпен көпшілік назарына ұсынуды жөн көрдік...
ӘКЕМ АБАЙ ТУРАЛЫ
Менің әкемнің биографиясына, керекті сөздерді жинамақшы болған азаматқа, менің әкемнің жалпы әдепті мінезін, салтын көрсетуге замандасының бір жолыққандағы қалпын, түрін, киген киімін, отырған-тұрғанын, сөйлеген сөзін, қуанған не ашуланғанын жазбағым қажет екен. Менің әкемнің замандасында қаламға үйір, көргенін-білгенін қағазға түсіре білері аз болған соң, амалсыз өзім жазбақты мойныма алдым. Әйтпесе, әкесінің әдет-ғұрпын баласы жазбағы, менің білуімше, солақай секілді.
Мен бұрын мұндай сөзді жазып, иә жазған адамның кітабын оқып, танысқан адам емес едім. Бір күнгі, бір жердегі көргенімді есіме алып жазғаныммен сұраушы азаматтың көңіліндегі арманын ақтай алғаңдай емеспін. Сондықтан әкемнің өзімнің білген қадерімше, жалпы мінезін алыстан алып кеп, толғап жазғым келеді. Бұл сөздерді керек қылған азамат, мол бұлдан керегін пішіп, қорытып алар.
Мен әкемнің кіші жамағатынан туған тұңғыш баласымын. Әкем екінші жамағат алғаңда, бастапқы бәйбішесі өзінен 2-3 жас үлкен еді, ұлғайған кезімде өзімді күтуге қолайсыз болады деген шығар. Екінші, жалпы қолы жеткен, әлі келген адамға екі қатын алмақ ғұрып сықылданғаңдықтан да шығар.
Мен әкемнің 32 жасында, жастықтың алғашқы ағыны басылып, жігіт ағасы болып қалған кезінде туғамын. Мен әкемді танығанда, әкемнің жүзі ашық, ажары сыртында, көзі өткір, ашуы да, қуануы да жылдам, ширақ жанды еді. Мәжілісі қызықты, сауықшыл, дастарханы аса мол еді. Бір іспен қызықтамай, жай салбырап, шаруасын істеп отырмаушы еді. Маған десе малай, малшы, қызметкер қатыннан да болса, бір тәуір мінезін, қылығын тауып жақсы көріп, ойнап, қалжыңдап отырар еді. Еш уақытта: іші сүймеген, сенбеген адаммен мәжілістес болып, ұзақ отыра алмаушы еді. Оңдай адамдармен бас қоспақ уақыт еріксіз кез келсе, ол уақыттың өзі абақтыдан кем көрінбеуші еді. Сыпайылық, сыйлық, әдейі реттеніп, аяғын басқанын аңдып, аузынан шыққан сөзін санап отыратын адамға ешуақытта риза емес еді. Жарқын сөзбен, ашық көңілмен қалтқысыз келетін адамды аңсап сағынып, ондай адам келгенде, баласы иә туған бауыры келген кісідей қуанып қалушы еді.
Менің бала кезімде, менің әкем қаңдайлық жылы шыраймен ойнап, қалжыңдап отырса да, көңілі қайтса, қытығына тисе ашуы да тез келгіштігінен, ауылдағылар да, бәйбішелері де айғырмен ойнаған ат секілді қорқынышы кеуделерінен кетпей қымсынып отырушы еді.
Ұйқысы шағын, жалпы халықтан кеш жатып, ерте тұру әдеті. Төсегінің алдынан қалың постел төсетіп, оның үстіне көрпе салғызып, бір жағынан үлкен жастық қойғызып, көйлекшең, басқа киім кимей, жастығына шынтақтап, кейде бауырына басып отырушы еді. Қағаз шайдан басқа шай ішкен емес, қантсыз шай ішкенін көргенім жоқ. Көп жегіш емес. Таңертеңгі шайына: кейде жұмыртқа қостырып құймақ құйғызады, кейде самса пісіртеді, жеке бауырсақпен іше қоймаушы еді, шайын стақанға құйғызып, ыстық күйінде ішпей, салқындаған кезінде жұта салушы еді.
Қазақ ойнайтын ойыңдар: дойбы, карта сықылды ойындардың бәріне де ілгергі қазақтың ойыншылары ретті ойнаушы еді, сөйтсе де, мен білген кезде салынып қызықтанып ойнайтұғын ойыны – тоғызқұмалақ еді. Қай-қайдағы тобықты ішіндегі ойыншы шалдар келіп, ай жатып ойнап қайтушы еді. Сондай ойыншы шалдардың дәулеті нашарлары, кейде соғымдық қой, тай, тайынша алып, иә атқа мініп қайтқаны да болды. Көбінесе ол шалдары қысты күні келіп жатқышы: Көрпебай, Құттықожа, Қуаттың Құдайбердісі, Мақыштың Ысмағұлы дегендер секілді.
Таңертеңгі шайды ішкен соң құмалақ басталады. Менің әкем көйлекшең күйінде, басында тақиясы, бауырында ақ жастығын басып, құмалағын ойнап жатады. Күндіз келген ел арасының ретті адамдары да ойынға кірісіп кетеді. Құмалақтан кезек тимегендер, ойнай алмайтын балалары өз алдына дойбы, иә картаның дүкенін ашады. Құмалақтан әкемді жеңген адам көргенім жоқ.
Біздің қазақтың уақытқа байлығының бір әдеті – бір жерге жұмыспен барса, барған жұмысын барған жерден айтпай, не қонып, не түстеніп, енді аттанарында ғана айтады. Менің әкем елдің бұл әдетіне қарсы еді. Алыс жерден келген сый адам болмаса, ел арасының адамынан келген жерден жұмысын сұрап, бітіріп, енді отыра бер деп өзі алаңсыз ойынына, иә кітабына кірісіп кетуші еді. Егер келген кісі, сұраған жерден жұмысын айтпай, елдің әдетіне салып тынығып қалса, оған ыза болып, еңді ол айтарлық кезегім келді деп жұмысын айтпақшы болғанда, бағана сұрағанымда неге айтпайдың деп ұрысып, кейде сөзін тыңдамай да қояды. Сұраған жерде жұмысын айтқан кісіге ырза болып қалады. Біздің елдің адамы бұл мінезіне үйренгендігінен нағып жүрсің деп сұраған жерден келген жұмысын айтатын болды.
Шаруа жағына көзін сирек салады. Күндіз-түні босатпайтын елдің жұмысынан қолы да тимейді. Шаруаның үш түрін ескеруші еді: жақсы қонысты таңдап қону, жақсы малшыны іздеп тауып, ақысын қымбатсынбай алу, жылқының аса ер етіп кеткені бар ма, соны ғана қараушы еді. Жақсы ат, айғыр сықылды жылқысы болмаса, жалпы жылқысын танымайды, қой мен түйені де сеніп салған қойшы, түйешісінен ғана сұрайды, әйтпесе өзі, мынау менің түйем, қойым деп бірін де танымайды. Сиырды жиған кісі емес, сиыр қар теппейді, жаз болса үйдің маңайын былғайды деп, ол кездегі біздің елдің байларының бәрі де жимаушы еді. Қалаға барғаңда, үйіне керек-жарағын өзі алып, апарған малын өзі саудалап сатқан емес, ондай шаруасына да ие қылып қойған жолдасы алып, сатады. Ақшасын қалтасына салып, не алғанын, несі қалғанын есептеп көрген емес. Ақшасы аз болса да, көп болса да, атшысының қалтасыңда жүреді. Ақша бітті десе, қайда ұстадың деп есеп алу да жоқ, қайтадан ақша тауып береді. Қалада жатқаңда қасаптың етін жемей, қолынан малын сойғызып жеуші еді. Біржолы қалада сойған жылқысының терісін сатқызса, сатып алған алыпсатар Матайбай Мәмбет баласы деген жігіт мақтанамын деп айтыпты: «сіздің кешегі бір жылқыңыздың терісінен үш теңге пайда қылдым», – деп, сонда менің әкем айтып еді деп, өзі айтып келуші еді:
«Мен саудагер кісі емеспін, мені ұялмаған арсыздың бәрі жейді», – деп, мен бірдеңе айтайын деп едім Айтқазы Жексенай баласы отыр еді, «тек» деп ымдаған соң, үңдемей ұялып қалдым деп.
Түн болғанда әмсе біреуге ертегі айтқызып, иә өзі айтып отыру әдеті бар еді. Біреуге айтқызғанда, бұрын есітпеген кісіше ынтасын сала тыңдап, әбден айтып болған соң, айтушының адасқан жері болса айтып, түзеп береді. Қазақ ертегісінде есітпеген, білмеген ертегісі кем шығар, «Қазақтың ертегісінен бұрын қай жерлерде жүргенін, көршілесі, күндес елдері кім екенін, қарекеті не екенін, елдің арманы, білімінің қаңдайлық кезінде шығарғандығы көрінеді» деуші еді. Жас кезіңде: парсы жұртының ертегілерін: «Жәмшит», «Қаһарман» сықылды кітаптарын да көп оқыса керек. Өзім көргенде «Мың бір түннің» кітабын оқып, алғаш біздің елді «Мың бір түнмен» таныстырған кісі менің әкем еді. Орыс кітабындағы «Густав Әмір» сықылды әңгіме кітаптарды елге таныстырды. Біздің ел «Мың бір түннен» жалығып, орыс романдарын әуестеп кетті.
Жалпы ғадетінде: ақылынан гөрі махаббатын ардақтап, ақылдың суық сынынан қашып көңіліне билетіңкіреп отырушы еді. Бірақ құдайдың өзіне мол берген өткір сезімінің арқасында, айтпасақ та не ойлап, разы яки наразы болып жүргенімізді де бүлк еткізбей сезіп қоюшы еді.
Көңіліне билеткіштігі сондайлық, жас баланы әлпештеп шақырғанда ұмтылып келсе, қатты қуанып, қаны тартып біліп тұр деуші еді, егер келмесе, жатырқап қашса өкпелеп, ашуланып қалушы еді. Мысалы, біздің үйіміз бөлек ауыл болған соң, әкеміз көбінесе қала-далада болып, үйде болғанда мол дәулетті бай-бәйбішесіндікіндегі топта болып, біздің үйге сирегірек келгендігінен Мекайл деген менің інім, бір келгенінде шақырғанына бармаса, көтін жаңа басып отырған жас баланың үстіне су құйып, ұрып еді.
Менің балам Жәбраһилді, әкемнің өлеріндегі науқасының басталғанында, менің шешем алып барып еді, әкем шақырды, туғалы көргені сол, жас бала шақырғанда лапылдап ұмтылып еді – қаны тартып, жүрегі сезіп тұр деп қатты рахаттанып қалды. Мен: жоқ аға, нені біліп отыр дейсіз, әншейін ақымақтығынан ұмтылды ғой деп едім, «сен білмейсің» деп мені тыйып тастап, қолындағы өрігінің етін сүйегінен айырып, баланың аузына салды.
Менің өзімнің де бес ауыз сөзді болса да білгеніме, әкемнің осындай алыстан үміт қып қуанатұғын көңілі себеп болды, әйтпесе мұнан да әрі талапсыз, талантсыз болып қалғандай едім.