Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ақмешіт апталығы

Газет 1994 жылдан бастап шығады

ЕҢБЕК ЕТКЕННІҢ ЕҢСЕСІ БИІК

  Бүгінде ауыл халқының тұрмыс-тіршілігін жақсарту, аграрлық саланы қолдау мақсатындағы мемлекеттік бағдарламалар нәтижелі жүзеге асуда. Мәселен, 40 мыңға жуық адам тұратын Сырдария ауданы «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасының, «Өрлеу» жобасының игілігін көріп келеді. Бұған өңірлік коммуникациялар қызметінің ұйымдастыруымен өткен баспасөз турында көз жетті.
Аудан құрамында 12 ауылдық округ бар. «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы аясында мұнда биыл 105 адамның қысқа мерзімді оқу курсына қатысуы жоспарланған. Соған сәйкес жыл басынан бері 25 адам кәсіптік оқуға жолданса, 80 азамат сұранысқа ие мамандық бойынша қайта даярлықтан өткен. Оның ішінде механизатор, аспаз, шаштараз, тігінші, газбен дәнекерлеуші мамандығы бар. Мұндай шаралар аудандағы аграрлық-техникалық колледжде және «Отан» республикалық қоғамдық бірлестігінің облыстық кәсіби-техникалық оқу орталығында жүргізілуде. Жалпы, ауданға қарасты барлық ауылдық округтен келген білім алушылардың жас ерекшеліктеріне шектеу қойылмаған. Осы кезге дейін екі қолға бір күрек іздеген азаматтар мүмкіндікті жіберіп алмауға назар аударып отыр. Нәтижесінде қажетті мамандықты игеруге мүмкіншілік туды. Бұған қоса мемлекет тарапынан 21 мың теңге шамасында стипендия, ай сайын жолақысы төленеді. Алыстан келіп, жатар орны болмаса жатақханадан арнайы орын қарастырылған. Мәселен, Бесарық елді мекенінен келген Б.Көрпебаев есімді азамат ұзақ жыл ауылында электрик-механизатор болып еңбек еткен. Кейін жұмыссыздар қатарына іліккен ол, осы бағдарлама арқылы жаңа мамандықты игеруді жөн көреді. Осылайша ол тракторист-машинист мамандығын үйрену үшін аудандық жұмыспен қамту орталығы арқылы қысқа мерзімді оқу курсына жолдама алады. Талаптанған адамға мемлекеттен қолдау бар. Осы орайда халыққа түсіндірме жұмысын жүргізген мамандарға оның алғысы зор. Ал, аталмыш мамандықтар бойынша осы кезге дейін білім алғандардың бірқатары жеке кәсібін де бастаған. Соның бірі – Зулфия Сақыбаева. Асқар Тоқмағанбетов ауылында тұратын ол «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасының 1 бағытымен 300 мың теңге қаржыға шаштараз ашқан. Енді тұрғындар шаштараз іздеп әуре-сарсаңға түспейді. Қажетті маманды ауылдан оңай табады. Кәсіпкер де тұрақты тұтынушыларын жинап үлгерген. Бұл ретте кәсібін жаңадан бастаған азаматтарға демеушілер тарапынан да көмек көрсетіледі. Ауылдағы «А.Тоқмағанбетов LTD» ЖШС басшысы Меңдіғали Есжанов туған жерінің өсіп-өркендеуі үшін ештеңе аямақ емес. Жыл сайын тұрмысы төмен отбасыларды қаржылай және азық-түлікпен қамтамасыз етуді жауапкершілігіне алған. Сондай-ақ, балалардың жоғарғы оқу орнында білім алуына да жәрдемдесуде. Оның айтуынша, бұл – әрбір азаматтың халқына жасауы тиіс борышы.
Биылдың өзінде ауданға қарасты елді мекендердегі 42 отбасы «Өрлеу» жобасы бойынша қаржылай қолдауға ие болған. Аталған жобаға қатысушыға көмек шартты және шартсыз негізде көрсетіледі. Бүгінге дейін шартты бағытта 6 ай қоғамдық еңбекке тартылған 255 тұрғынның жеке іс бастауына жағдай жасалуда. Әзірге күнкөрісі аз, тұрмысы төмен отбасылар құс шаруашылығын жүргізуді қолға алған. Бұл бағытта ісі алға басқан Шаған ауылының тұрғыны Мереке Іскендірованы айтуға болады. Әуелде берілген қаржыға 7 тауық, 8 үйрек, 5 қаз, үндік алып асыраған. Одан бөлек қорасына екі мүйізді ірі қара кіргізген. Ал, қазір сол үй құстары 100-ге жуықтаған. Мал басының да көбеюіне аз уақыт қалған сыңайлы. Бұл да болса күнкөріс қамын жақсартуға бір мүмкіндік.
Ауданға қарасты тағы бір ауылда мал бордақылау ісі қолға алынуда. Ақжарма ауылының тұрғыны Б.Қожахметов 28 отбасымен бірлесіп «Ақжарма-Ынтымақ» кооперативін құрған. Ауыл шаруашылығын қолдау қоры арқылы берілген 72 млн. теңге несиеге олар ет бағытындағы 400 бас ірі қара алған. Ендігі 1-3 жас аралығындағы сиыр, жылқы төлдерін бордақылауға назар аударады. Бұдан соң, ауылдағы «Ақжарма Инвест» бірлестігімен келісім-шарт жасап, кәсібін әрі қарай дамытпақ.
Тірлігі толымды ауданның бағдарлама аясында жаңа тынысы ашылғандай. Себебі, мұндағы тұрғылықты адамдар кәсіп ашудың тиімділігін жіті түсініп келеді. Олардың бұлай қоғамдық жұмысқа белсене араласуына мемлекет қолдауы сеп болуда.

Айдана СЕЙІЛ.

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (1693)

28 қараша 2020 ж.

№91 (1692)

24 қараша 2020 ж.

№90 (1691)

21 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 

Суреттер сөйлейдi

ТҮНГІ ҚЫЗЫЛОРДА
01 қараша 2017 ж. 14 420 0
  • Акимата Кызылординской области
  • Сайт президента
  • Нұрлы жол
  • Рухани Жаңғыру
  • Жаңғыру 30
  • Egov
  • Digital Kazakhstan
  • Нақты қадам