Сәбидің тілі неге кеш шығады?
Таң атысымен жанталасып, жұмысқа қарай асығамыз. Бірде аялдамада қоғамдық көлік күтіп тұрғанмын. Зейнет жасындағы егде тартқан апа жаныма келді. Қасындағы кішкентай немересіне «тез-тез жүр» деп ұрысуда. Шамасы, үйден ашулы шыққан көрінеді. Сөзінің сыңайына қарасақ, немересін логопедке көрсетуге апара жатыр. Жасы төрттен асса да мүлде сөйлемейтін көрінеді. «Біздің тұқымда мұндай жоқ еді. Қайдан шыққанын қайдам?» деп келінін біраз жерге апарды.
Расында, қазір бала тілінің кеш шығуы үлкен мәселеге айналды. Бұл жағдай еліміздегі логопед пен дефектологтарға сұранысты арттырып отыр. Осыған орай, барлық емханалар мен мектептерде арнайы штат ашылып, жүйелі жұмыс жүргізілуде. Қарап отырсақ, 4-5 жастан асқан бүлдіршіндер былдырлап, сөзін анық айта алмайды. Сәбилердің тілінің кеш шығуы тек ата-ананың емес, дәрігерлердің де басты назарын аударуда. Баланың сөйлеу қабілетіне кері әсер етіп, оны бұзатын себептер өте кеп. Мамандардың айтуынша, оған құрсақта жатқанда анасының түрлі ауруға шалдығуы, бала таңдайының дұрыс қалыптаспауы, қатты шошыну секілді себептер кері әсерін тигізеді.
Сау баланың дүниеге келуі ата-ананың денсаулығына байланысты. Сонымен қатар, тілдің кеш шығуы неврологиялық ауруларға тікелей қатысты. Яғни, жүйке жүйесінің бұзылуы кері әсерін тигізеді. Сондықтан немқұрайлы қарауға болмайды. Өйткені, дер кезінде көңіл бөлмесе, бұл дерттің салдары көптеген ауруға әкеп соқтыруы мүмкін.
– Қазір үш жасқа толған бала анық сөйлемесе әрбір ата-ана «Ер баланың тілі кеш шығады» немесе «еркелігі ғой» деп жұбатады. Алайда, бала бір жаста кем дегенде 10-15 сөзді айтуы қажет. Ал, үш жастан асқаннан кейін еркін әңгімелесе білуі керек. Бірақ бүгінде мұндай балалар сирек кездеседі. Ерте жастан баланы маманға қаратса, соғұрлым нәтижесі де жақсы болады. Әсіресе, бесікте жатқанда онымен сөйлесіп, бесік жырын айтып, барынша аналық мейірімін төгіп ұйықтатқан жөн. Қазіргі жастар баланың қасына ұялы телефондағы әуенді қосып, өз ісімен айналысып отырады. Бүлдіршінге көңіл бөлмейді, оны жіті қадағаламайды. Соның салдарынан сәбидің тілі кеш шығады. Айта кетерлігі, 3-4 жастағы баланың «р» әрпін айтпауы қалыпты. Ал егер 4,5-5 жастағы бала дұрыс айтпаса, міндетті түрде арнайы маман көмегіне жүгінген абзал. Себебі, осы аралықта баланың тілінің бұлшық еттері дамып қатая бастайды, – деді облыстық кеңес беру диагностикалық орталығының логопед маманы Жанар Жұдабаева.
«Бала тілі – бал» деп бекер айтылмаса керек. Бүлдіршіннің әрбір былдырлаған тәтті сөзі кімді болмасын еріксіз қызықтырады. Алайда, бүгінде бұл салаға сұраныс жылдан-жылға артып отыр. Мәселен, қазір елімізде арнайы балабақша мен орталықтар күн санап көбеюде. Осыдан кейін тіл мүкістігі бар бала неге көбейіп барады деген сауал еріксіз ойға оралады. Жалпы, ол неден пайда болады? Әрине, оған нақты жауап жоқ. Десе де, мамандар түрлі болжам айтуда. Атап айтсақ, баланың дамуы кезінде тісінің қисық шығуы, таңдайы мен тілінің жырық болуы, аузын еркін аша алмауы – мұның бәрі тілің кеш шығуына әсер етеді. Сондай-ақ, туғаннан баланың есту қабілеті нашар болса, айтылған сөзді құлағында сақтап қала алмайды. Сол себепті де сөзді анық айтпайды.
– Менің ұлым үш жастан алты ай асты. Әлі толық сөйлей алмайды. Бәрін ыммен түсіндіреді. Анда-санда ғана былдырлайды. Оның өзі түсініксіз. Баламның толық сөйлеп кетуі үшін не істеу керек деген сұрақ жиі мазалайды. Арнайы мамандардың көмегіне жүгінгенді жөн көріп, кеңес беру орталығына келіп отырмын. Бала бір жасында кем дегенде 10-15 сөз айтуы керек екен. Қазір ұлыма логопедтер жан-жақты тексеру жүргізіп, түрлі жаттығулар жасауда, – деді жас ана Шынар Мырзағали.
Біз де көбіне «Менің балам ерке, есі білгенде өзі-ақ жөнделеді» деп жатады. Сондай-ақ, үлкендер жағы «Оның әкесінің тілі кеш шыққан, баласы өзіне ұқсаған ғой» деп мән бермейді. Бұл пікір дұрыс емес. Сәбидің өз жасына сай сөйлеуі маңызды. Қарап отырсақ, ата-аналар баланы көп нәрседен шектейді. Көзінен таса қылмайды. Жанынан бір елі ұзаса мазасызданады. Сыртқа шығармай ұялы телефонға телміртеді. Ал, ғалымдар тілдің дамуына бала қолының бұлшықеті мен саусақтағы нүктелердің зор әсері барын айтады. Сондықтан оны күніне бір мезгіл топырақта ойнату керек. Сондай-ақ, тілі кеш шығып келе жатқанын аңғарса, ең алдымен невропатолог дәрігерге тексертіп, кейін логопед мамандардың көмегіне жүгіну қажет. Дегенмен, дер кезінде ем қабылдаса мұндай қиындықтан арылуға болады.
Ақмарал ҚАДЫРХАНҚЫЗЫ