Логопед
Қалаға қарасты Қызылжарма ауылдық округінің тұрғыны Гүлназ Ерланқызы әрбір күні жұмысына асығады. Себебі, оны жұмысында кішкентай балғындар күтіп отыр. Ол анық әрі дұрыс сөйлей алмайтын балалардың қалыпты жетілуіне көңіл бөледі. Иә, кейіпкеріміз логопед мамандығы бойынша Қызылжармадағы жекеменшік оқу орталығында қызмет атқарады.
Соңғы кездері «Баламыз дұрыс сөйлемейді. Еркелігі тым басым. Кейде сөзіне өзге түгілі, өзіміз түсіне алмаймыз» деп сәбиінің келешегіне алаңдаған ата-аналарды жиі кездестіріп жүрміз. Ал, кей баланың тілі мүлдем кеш шығады. Яғни, қатарынан кеш сөйлейді.
Бүлдіршіннің алғашқы сөзін естуге әрбір ата-ана асығады. Бірақ, олар тым кеш сөйлеп немесе тіл кемшілігі байқалса, не істеу керек? Жалпы, оның емі бар ма? Бұл орайда логопед маманының көмегіне жүгінген дұрыс.
ҚАЙ КЕЗДЕН МӘН БЕРГЕН ДҰРЫС?
Маманның сөзіне сүйенсек, баланың дамуы бірнеше сатыдан тұрады. Ол дүниеге келген кезінен – 1, 1 – 3, 3 – 7, 7 – 17 жас аралығын қамтиды. Сәби дүниеге келген кезден-ақ онымен сөйлесу керек екен. Мамандар осылай дейді. Ақыл-ойымен қатар сөйлеу қабілетінің де жетілуіне ықпал еткен жөн. Дені сау баланың сөздік қорында бір жасқа дейін он шақты сөз болу керек екеніне назар аударған артық емес. Келесі сатыға шыққанда оның сөздік қоры сәйкесінше арта түсуі қажет. Үш жастағы өреннің сөздік қорында мыңға жуық сөз болуы тиіс. Содан барып сөз тіркесін құра бастайды. Орталық ми жұмысында тежеліс болмаса, баланың сөздік қоры сатыға байланысты артып отырады.
Тұрғындардың сұранысы бойынша орталықта логопед кабинеті жұмыс істейді. Онда арнайы жоғары білімді, жас болса да, өз ісінің білікті маманы Гүлназ балаларға қажетті ем жасап, дұрыс сөйлеуді үйретеді. Осы уақытқа дейін жас маман бірнеше баланың сөйлеу қабілетін қалпына келтірген.
– Қазіргі таңда логопед маманына сұраныс жоғары. Психолог мамандар көбіне қосымша сырттай оқып, осы салада жүр. Бірақ, логопедтің өзін жан-жақты оқыған дұрыс деп ойлаймын. Өзім «Болашақ» университетінің дефектология саласы бойынша оқыдым. Содан кейін Астана, Ақтөбе, Шымкент қалаларында білім жетілдіру үшін оқу курстарын бітірдім. Логопед мамандығын арнайы таңдадым. Себебі, маған ол ұнайды. Ал, жақсы көріп кіріскен іс қашанда оң нәтижесін беретіні сөзсіз. Сондықтан бұл саланы әрмен қарай дамыта түскім келеді, – деді Гүлназ.
Жас маманның алғашқы қызмет баспалдағы «Ұмай» қайырымдылық үйі және соқырлар қоғамынан бастау алды. Содан кейін жаңадан ашылған орталықтан түскен ұсынысты қабылдаған кейіпкеріміз баламен жұмыс жасауға келіседі.
– Қазір жеткіншектер арасында тіл кемшілігі барлар көптеп кездесуде. Бұл жаққа мектеп жасына дейінгі балалар келеді. Олардың диагнозы әртүрлі. Көбіне дыбыс қоюға және тіл мүкістігі байқалады. Келген балғындарға жан-жақты көмегімді беремін, – дейді Гүлназ Ерланқызы.
ТҰТЫҚПА ДЕРТТІ ЖАЗҒАН
Өсіп келе жатқан өреннің тіл мүкістігіне бейжау қарауға ешбір негіз жоқ. Солай қалыптасып кетуі мүмкін. Гүлназда осылайша ойын білдірді.
– Қарапайым ғана бір мысал, кей балақайдың Р әрпіне тілі келмей, оны анық айта алмайды. Мәселен, «ара» деген сөзді олар «ала» деп айтып, айтылуы арқылы солай жазып жібереді. Міне, содан тілі дұрыс дамымай қалуы да мүмкін.
Өткен жылы біздің орталыққа 11 сыныпта оқитын тұтықпа дерті бар ер бала келді. Үш курс қабылдады, 45 күн емдеуден өтті. Нәтижесінде ол тұтықпадан айықты. Сол секілді әр баланың диагнозына қарай әртүрлі ем жүргізіп, тілін жаттықтырып, жақсы жұмыс жасалса, кез келген бүлдіршінді де, ата-анасын да қуантуға болады, – деді Гүлназ өз жұмысына қуана қарап.
Тіл мүкістігі қалай түзеледі?
Балаға екі тілде сөйлеу де кедергі келтіреді. Тілі енді жетіліп келе жатқан жасөспірімге ол қиындық туғызады. Сондай-ақ, бүгінгі бүлдіршіндер телероликтерді жатқа біледі, телевизор, компьютерге әбден тәуелді болып қалды. Оның зияны да жоқ емес. Ал, бұл жерде баламен жанды сөйлесудің орны бөлек. Ең дұрысы, болашақ аналар дүниеге дені сау ұрпақ әкелу үшін өз денсаулығына жауапкершілікпен қарағаны жөн. Өйткені, ананың денсаулығы – ұлт саулығы екенін естен шығармаған абзал.
– Кейбір отбасының баласын емдетуге жағдайы келмесе, үйде отырып әртүрлі жаттығу жасауына болады. Айталық, «ютуб» каналында «Сергіту сәті» секілді балаларға арналған бағдарлама бар. Шетелдің атыс ойынын ойнатқаннан гөрі қазақ тіліндегі логикалық жаттығуларды көрсету керек. Сол арқылы оның тілі жаттығады. Сонымен қатар, үй ішінде жаңылтпаштар, әдемі сөздер айтып отыру қажет, – деген кеңес берді Гүлназ.
Қазақ – ырымшыл халық. «Тілі шықсын» деген түрлі ырымдарға да жүгінетіні бар. Алайда, одан гөрі арнайы мамандардың медициналық көмегіне жүгінген жөн. Өйткені, сөйлеу тікелей мидың қызметіне де байланысты. Олай болса, баланың былдырлаған таза тілін тұншықтырып, үйде орысша сөйлеп, бұзып алмаңыз!
Ақтолқын НҰРЛЫБАЙ.