Екпе егу неге уақытша тоқтатылды
Бүгінде «екпе егу адам денсаулығына пайдалыма» деген сауал жиі қойылады. Соңғы жылдары оны егуге қарсылық білдірген тұрғындар бар. Сәбиді иммундау түрлі аурудан қорғайды. Бұл дамыған елдердің медицинасында әлдеқашан дәлелденген.
Облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысының орынбасары Әлия Әбдіқайымованың айтуынша аймақта жыл басында қызылша дерті кеңінен етек алды. Десе де, аталмыш мәселе бүгінде алаңдатарлық емес. Алайда, мұндай жайтты қайта болдырмас үшін 20-29 жас аралығындағы жастарға қызылшаға қарсы екпе егілмек. Ол ауру бір жасқа жетпеген нәрестелер арасында көп тіркелген. Соны ескеріп, 1 сәуірден бастап 9-10 айлық балаларға қосымша екпе егуді жүргізуде. Бүгінде облыста 7000-ға жуық сәби қамтылды. Одан бөлек, 4500-ден астам медицина қызметкерлері егілген.
– Бүкіл әлемде иммундық-профилактика – жұқпалы ауруларға қарсы күресуде ең тиімді, қолжетімді құрал. Бүгінде аймақта 19 екпенің түрі қолданыста. Оның ішінде баланы иммундау үшін Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымымен ұсынылған сапалы вакциналар сатып алынды. Облыста жыл сайын туберкулезге қарсы 10 мыңнан астам жаңа туған нәресте және 3 мыңға жуық 6-7 жастағы балалар екпемен қамтылады. Былтыр ол 11 мың сәбиге егілді. Әзірге олардан қолайсыз көрініс жағдайы тіркелген жоқ. Екпе баланың туберкулез менингиті және диссеминирленген туберкулез сияқты ауыр жағдайының дамуына жол бермейді. Жапония зауытында өндірілген вакцина 35 елден кері қайтарып алынды. Оның сұйықтығы құрамынан өзге де заттар табылған. Бұған байланысты жан-жақты зерттеу жүргізілуде. Соған орай елімізде туберкулезге қарсы екпе уақытша тоқтатылды. Ендігі кезекте жүкті әйелдер мен жаңа дүниеге келген нәрестелер қатаң бақылауға алынбақ. Алдағы уақытта болашақ аналарға перзентханаға отбасы мүшелерінің рентген қағазымен баруы қатаң міндеттеледі, – деді Ә.Әбдіқайымова.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының ана мен бала денсаулығын қорғау бөлімінің басшысы Бибізада Дүйсенбаева сәбилердің жұқпалы ауруларға ең осал топ екенін баса айтты. Осыған орай түрлі дерттің алдын алу үшін ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Үндістан өндірісінің БЦЖ екпесін сатып алу және оны жеткізу мүмкіндігі қарастыруда.
Ақмарал ҚАДЫРХАНҚЫЗЫ