Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ақмешіт апталығы

Газет 1994 жылдан бастап шығады
» » Берешек бой бермей тұр

Берешек бой бермей тұр

Тәуелділіктен құтылып, тәуелсіздікке қол жеткізген тұстағы елдегі қиыншылықты бәрі біледі. Біз сол заманның құрдасымыз. Ата-анамыз елдегі ахуалды, халықтың тауқыметін айтып отыратын. Ес білер шақтағы көршіден нан, қант, тіпті тұз сұрайтын күндер де жадымызда сақталған. Несін айтайық, қазір ол күндер сағымға айналды.
Құдайға шүкір, бүгінде халықтың жағдайы жақсы, ел экономикасы тұрақты. Еліміз дамып жатыр, кәсіпкерлік өркен жайған. Тірлік қылам дегенге іс табу тетігі бар. Яғни, мемлекеттік қызметтің тізгінін ұстамадым демесең де, екі қолға бір күрек табуға болады.
Жұмыс демекші, жақында қоғамдық көлік ішіндегі екі келіншектің әңгімесін құлағым шалды. Пайымдауымша, екеуінің де жолдасы бір мекемеде қарапайым жұмысшы.
– Айлықты қашан береді екен?
– Сәл шыдаңдар, береміз депті ғой.
– Неше ай болды, солай дегеніне. Қалай күн көреді деп ойлайды екен осылар. Басына түспегесін білмейді-ау.
– Әжептәуір тұрақты беріп жүр еді. Уақытша қиындық шығар...
Өзі мардымсыз айлықты 2-3 айдан бері алмаған-ау. Шамасы, бүгін-ертеңмен кешіктіріп жатқан болуы керек. Еткен еңбегіңнің ақысы уақытылы қолыңа түспегендегі жағдай бәріне түсінікті шығар. Мұндайда қаржы мәселесі бүйірден қысып, титықтатып жібереді емес пе? Ішіп-жейтін азығың, үйге керек жарағың, жүріп, тұруың да соған байланысты. Оған сенбі, жексенбіде баратын той-томалақ, құдайы жолын қосыңыз. Қиын-ақ. Сонымен әлгі екі келіншек «шыдаймыз, енді қайтеміз? Құдай жар болсын!» деп аяқтады әңгімені. Бірі аялдамасынан түсіп қалды.

Неге?
Расымен, қазіргі кезде еңбегінің өтеуін ала алмай жүрген жандар жетерлік. Оларға жалақының уақытылы төленбейтінін айтпағанда, бірнеше ай бойы «тегін» жұмыс істеп жүргені қаншама. Үйреншікті орыннан қозғалмау табиғатымызға жақын ба, әлде көңілге қонымды жұмыс табу шынымен қиын ба, әйтеуір, бұған көпшілік көндігіп жүр.
Облыста осындай күйдегі жұмысшылардың құқығын қорғайтын басқарма бар. Мәселенің мән-жайын анықтап, бүге-шүгесіне дейін тексереді. Тек оны көпшілік біле бермеуі мүмкін. Рас, мүлдем хабары жоқтар бар. Мәселе барысын зерттеу үшін облыстың еңбек саласындағы бақылау басқармасына бардық. Мұнда келіп шағым айтушылар көп-ау. Оны келген жөнімізді айтсақ та, «арыздануға келдіңіз ба?» деген мамандардың сөзінен аңғардық. Жұмыстың қызу екені көрініп-ақ тұр. Сонымен аймақтағы жалақы жайын мекеменің бөлім басшысы Сәуле Алшоразова айтып берді. Маманның сөзінше, бұл мәселе олардың жіті бақылауында. Мекемелер мен кәсіпорындарда жалақы төлемін кешіктіру дерегі анықталса, дереу әрекетке көшеді. Мәселен, былтыр құзырлы орынның ықпалымен 23 мекемеден 3488 қызметкердің 229,3 млн теңге жалақысы өндірілген.

Жұмысшылардың 15 млн алашағы бар
Бұл – ақпан айының 10-на дейінгі тексеру барысында анықталған жалақы қарызы. Жылдың жаңа жұмыс күнінен бастап басқармаға базынасын айта келгендер толастамапты. Ай көлемінде 141 қызметкерден шағым түскен. Оның 1-еуі банкрот деп танылған кәсіпорыннан болса, 140 адам «Ақмешіт Құрылыс Қызылорда» ЖШС жұмысшылары. Оларға төленуі тиіс қаржының жалпы көлемі 15,7 млн теңге. Сөйтсек, бұл 2018-2019 жылдан қалған берешек екен. Нақтырақ айтқанда, аталған серіктестік 2018 жылдың желтоқсаны мен 2019 жылғы қаңтар, ақпан айында қызметкерлерге еңбекақысын төлемеген. Бірнеше ай нәпақасыз күн көрген көпшілік, ақырында арыздануға мәжбүр болған.
Ал, құзырлы мекеме ҚР Еңбек Кодексінің талаптарының бұзылғанын анықтап, соған сәйкес 151500 теңге көлемінде әкімшілік айыппұл салған. Айта кету керек, басқарма тарапынан іс аяқсыз қалмайды. Яғни, заң талаптарының орындалғаны қайта тексеріледі. Құқық бұзушылық әрекет қайталанған жағдайда басқа да шара қолданылады. Бұл серіктестікпен де солай. Екі ай мерзімнен кейінгі тексеріс барысында олқылықтардың орны толмағаны белгілі болып, нәтижесінде іс қалалық мамандандырылған әкімшілік сотына жолданады. Бұл жерде оларға тағы да 70 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл тағайындаған. Осыдан соң, кәсіпорынның 156 қызметкеріне өткен жылдардың 17 млн теңгеден астам еңбекақысы төленген. Дегенмен, іс мұнымен бітпек емес. Әлі 2019 жылдың ақпан айындағы қарыз жалақы бар. Ол жоғарыда айтып өткен 140 адамға берілуі тиіс. Осылайша бір кәсіпорынның берешек мәселесі жылдан-жылға ұласып отыр.
Дәл осындай жағдай «Фотон» ЖШС-де де орын алған. Тек бұл оқиғаның ұзақтығы 3 жылға созылыпты. Білуімізше, 2017 жылы ол банкрот деп танылған. Десе де одан 1 қызметкердің 3,7 млн теңге алашағы бар.

Еңбек шартын жасамаған
Кез келген қызметкер жұмысқа қабылданғанда жұмыс берушімен еңбек шартын жасауы тиіс. Онда екі тараптың талаптары көрсетілетіні белгілі. Барлығы соған сәйкес жүргізіледі. Алайда, заңның бұл талабын сақтамайтындар жиі кездеседі. Еңбек инспекторларының тексерісімен былтыр дәл сондай 45 мекеме анықталыпты. Қарамағындағы 300-ден аса жұмысшымен еңбек, қосымша еңбек шартын жасамаған. Салғырттықтың салдары 2,4 млн теңге әкімшілік айыппұлға шыққан. Сондай-ақ, бұл бағытта өткен жыл көлемінде 392 тексеру жасаған мамандар 510 заң бұзушылық дерегін анықтаған. Оны жою, жол бермеу мақсатында 274 нұсқама беріліпті. Жүзден аса жеке және заңды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды, ескерту берілді, әкімшілік айыппұл салынды. Айыппұл көлемі де қомақты, 6,7 млн теңге болады.
Сондай-ақ, басқарма мамандары жұмыс барысында орын алған 71 жазатайым оқиға тіркепті. Басым бөлігі еңбек қызметімен байланысты. Өкініштісі сол, одан 13 адам қаза тауып, 31 жұмысшы ауыр, 7-уі орта және жеңіл жарақат алған. Бұл іс бойынша материалдар құзырлы органдарға жолданған.

Мекеменің де уәжі бар
Тиісті органмен атқарылған жұмыс барысы осындай. Арыз шағым түскен бойда тексеру, анықтау шаралары қолға алынады. Қажет болса, заңға сүйене отырып, айыппұл салады. Жұмысшылардың еңбек өтеуін өндіріп береді. Осы орайда жоғарыда айтылған мекемелердің не себепті жалақы төлемегенін өздерінен сұрағанды жөн көрдік. Соның бірі – «Қызылорда су жүйесі» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнына хабарласып, басшысы Марат Жәмиевпен тілдесудің сәті түсті. Айтуынша, жыл басында мекемеде қаржылық тапшылық туындайды. Жұмыс барысы тұрғындармен тікелей байланысты болған соң, тұтынушылар ауыз су, кәріз жүйесіне тиісті төлемдерді кешіктіреді-мыс. Одан бөлек, құрал-жабдықтарға, салыққа кететін шығындар 700-дей қызметкері бар кәсіпорынға ауыр тиеді. Дегенмен, бұл тек 1-2 ай көлемінде болатын қиыншылық. Ал, «Қазсушар» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының облыстық филиалының келісім-шарт және мемлекеттік сатып алу, құқықтық қамтамасыз ету бөлімінің басшысы Асылбек Әбдіхалықов та дәл осындай уәж айтты. Ауыл шаруашылығы саласын сумен қамтамасыз ететіндіктен шаруа қожалығы тарапынан төлем кешіктірілетін көрінеді. Кейде тіпті, тиісті қаржы сот арқылы өндіріледі. Осы аралықта қала, аудандағы бөлім қызметкерлері жалақыдан қысылады. Дегенмен бұл да уақытша көрініс. Қазіргі таңда екі кәсіпорын да еңбекақыны толықтай төлеген.
Осы орайда облыстың еңбек саласын бақылау басқармасының бөлім басшысы Болат Досымов ҚР Еңбек Кодексінің 113 бабы 1 тармағына сәйкес келесі айдың 10 жұмыс күні ішінде қызметкерлерге жалақы төлену керегін айтады. Жұмыс беруші осы талапты орындауы тиіс. Сонымен қатар, еңбек шартын жасауда заңмен көзделген. Бұған немқұрайлы қарағандарға шара қолданылады.

Түйін сөз: Ұлтымыздың тәрбие-тәлімінде кісі ақысын жеу – харам іс саналады. Біреудің көз жасына қалып, қарғысына ұшыраудың ауыр болатынын білген жұртымыз мұны – ұрпақтан-ұрпаққа өсиет етіп отырған. Сананы тұрмыс билеген тұста, өз қалтасын томпайтып, адамгершіліктен аттап кететіндер, кейін опық жейтінін ескерсе дейсің. Әсіресе, қарапайым жұмысшының еңбегін жеп, берешекке бой алдырмаса... Өмір – бумеранг секілді, біреуге жасаған қиянаттың, алдыңнан шықпасына кім кепіл?..
Жалпы, жыл сайын қайталанатын жағдай осы. Ең жаманы – сағызша созылған уәде мен әуреге түскен әлеуметі. Ақыры төленетін жалақыны қыспай, уақтылы берсе екі жаққа да тиімді емес пе? Берешек бой бермей тұрса қиыны сол ғой...

Айдана Сейіл
03 наурыз 2020 ж. 818 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (1693)

28 қараша 2020 ж.

№91 (1692)

24 қараша 2020 ж.

№90 (1691)

21 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 

Суреттер сөйлейдi

ТҮНГІ ҚЫЗЫЛОРДА
01 қараша 2017 ж. 14 420 0
  • Акимата Кызылординской области
  • Сайт президента
  • Нұрлы жол
  • Рухани Жаңғыру
  • Жаңғыру 30
  • Egov
  • Digital Kazakhstan
  • Нақты қадам