ЖАС ҒАЛЫМДАР ЖЕТІСТІГІ
Қызылордалық жас ғалымдар алғаш рет ғылыми зерттеулерді коммерцияландыру мүмкіндігіне қол жеткізіп отыр. Олардың бүгінге дейін өңірдің мұнай және мұнай-химия саласында жасаған тиімді зерттеулері енді алдағы уақытта өңірдің өндіріс нысандарында іске қосылмақ.
Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің физика-химиялық талдау әдістері инженерлік бейімдеу зертханасының жетекшісі Нұрбол Аппазов баяндады. Оның айтуынша, университет жанынан 2009 жылы ашылған бұл орынның негізгі жұмысы мұнай-химия саласына бағытталған. Онда олар өнеркәсіп орындарында бірнеше сағатқа созылатын химиялық үдерістерді тиімді әрі жаңа реакциялық әдістер арқылы қысқа мерзімде жүзеге асыруға мүмкіндік алып отыр.
– Мұнай өнімдерін өңдеу кезінде көптеген мөлшерде алкендер қосылыстары түзеледі. Яғни, бұл – өндірістегі қалдық. Оның қоршаған ортаға тигізетін кері әсері айтпаса да белгілі. Утилизациялау мақсатында біз оларды бір-бірімен әрекеттестіріп, күнделікті тұрмысқа қажетті өнімдер жасап шығарамыз. Мәселен, синтетикалық мотор майларын алу жолдарын жеңілдетіп, зең саңырауқұлақтарына қарсы түрлі препараттарды алуға болады. Сондай-ақ, мұнай қалдықтарын қайта өңдеуде оларды тотықтыру әдісі арқылы құрылыс материалдарын дайындауға мүмкіндік бар, – дейді зертхана жетекшісі. Қазіргі таңда зерттеу орталығының ұсынған технологиясы бойынша Германияда арнайы қондырғы құрастырылуда. Ол алдағы уақытта аймақтағы мұнайдың ірі өндіріс нысанына орнатылмақ. Жоба құны 95 млн. теңгені құрап отыр. Сонымен қатар, егін ору науқанынан кейін жарамсыз болып қалатын күріш сабаны мен қауыздары да енді бұдан былай кәдеге аспақ. Ғалымдардың айтуынша, аталмыш өнімдерді зертханада карбонизациялағанда белсендірілген көмірге айналады екен. Ал, бұл өнім өз кезегінде фармацевтика саласында кеңінен қолданылатын препараттар қатарында. Ал, университеттің кафедра меңгерушісі Ибадулла Сәбит республика бойынша алғаш рет төрт аяқты робот жасағандықтарын мәлімдеді. «Ақтөс» атты кәдімгі қазақы сипаттағы ит арнайы басқару тетіктері арқылы отыру, жүру қимылдарын орындай алады. Ғалымдар енді алдағы уақытта роботты одан әрі дамытып, иіс сезу, дыбыс шығару функцияларымен жетілдіре түспек.
Бағлан ЖАРЫЛҚАПҚЫЗЫ.