ҚЫЗЫЛОРДА КӨШЕЛЕРІ ЖАРҚЫРАП ТҰР
Санаулы күндерден кейін өткен жылды өткеріп, жаңа жылға қадам басқалы тұрмыз. Ол халық асыға күтетін, қуаныш пен шаттық, үміт пен игі тілекке толы мереке. Әні-міне дегенше, осы апта соңы тағы бір ескісін тарих қойнауына тапсырып, жаңа жылдың табалдырығын аттаймыз. Еліміз мерекеге дайындықты бастап кетті. Сыр өңірі де 2018 жылды қарсы алуға сақадай сай.
Атаулы мейрамның жақындап қалғанын қала көшелерінен аңғаруға болады. Себебі, олар ертегі еліндей құлпырып тұр. Қазір кеш түсіп, күн ұясына батқан түн мезгілінде көшелер түрлі түске боялып, жанған жарықшамдар жан-жағына сиқырлы сәуле сыйлайды. Айнала құдды бір көкте самғаған жұлдыздар жерге түскендей кейіпке енеді. Әсіресе, Абай даңғылы, Желтоқсан, Бейбарыс Сұлтан көшелері ерекше кейіпке енген. Бойына бар әшекейін тағып, хас сұлудай кейіпке енген оларға алыс-жақыннан келген әрбір қонақ қызығушылықпен қарайды. Таңданыс білдіріп, таңдай қағады. Сондай-ақ, қаладағы барлық мекемелер түрлі-түсті жарықшамдармен, жаңа жылдық әшекейлермен көмкерілді. Сонымен қатар, ою-өрнектер мен ертегі кейіпкерлері бейнесінде светодиотты безендірулер орналастырылды.
Әдетте, мерекеге дайындалғанда Аяз ата мен Ақшақар, әсем шыршаны іздей бастайтынымыз сөзсіз. Расында, жаңа жылды онсыз елестету әсте мүмкін емес. Қазіргі кезде орталық алаңда орнатылған бас шыршаның биіктігі 23 метр, ені 10 метрді құрайды. Ол әсем ойыншықтар мен түрлі жарықшамдармен жабдықталған. Айта кету керек, қала көлемінде қосымша 4 жерге биіктігі 10 метрді құрайтын шырша орналастырылды. Бұл бағыттағы шараларға жергілікті бюджеттен 11 млн. теңге қаралған.
– Қытымыр қыс салқын болса да, бұл мезгілдегі айтулы мерекелер жүрекке жылылық сыйлайды. Әрбір адам, оның ішінде кішкентай бүлдіршіндер жаңа жылды тағатсыздана күтетіні баршаға аян. Күнделікті күйбең тіршіліктің бәрін артқа тастап, дәл осы күні үлкендер де балаша шаттанып, қуанышқа кенеледі. Өйткені, түрлі отшашулар, бір-біріне сыйлық жасаған адамдар, жап-жасыл шырша, айналаға әсемдік сыйлаған безендірулер көз жауын алады. Әрине, мұндай әсемдік жаңа жылдың жақындағанын ұқтырады. Мәселен, қаладағы үлкен көшелердегі жарықшамдар ерекше күйге бөлейді. Мұндай жаңашылдықты күн сайын байқап жүрміз. Әсіресе, орталық алаңдағы менмұндалап тұрған бас шыршаның әдемілігін сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Осындай сұлулықтың куәгері болып жүрген Сыр жұрштылығы жаңа жылдық көңіл-күйді сезінуде. Бұрын ірі қалалардағы безендірулерді көріп, қызығушы едік. Қазір түнгі Қызылорданы көріп, құдды бір Астанада жүргендей күй кешемін, – деді қала тұрғыны Айгүл Залиева.
Әрине, жаңа жыл жақсылықтың жаршысы іспеттес. Сондықтан да бұл мерекеден әрбір жан үлкен үміт артып, асыға күтеді. Төрімізден енгелі тұрған ит жылы елімізге жақсылығын ала келсін демекпіз.
Ақмарал ОЛЖАБАЕВА.
Суретті түсірген: Н.НҰРЖАУБАЙ.