АЗАМАТТЫҚ НЕКЕ БАҚЫТҚА ЖЕТКІЗЕ МЕ?
Осыдан бірнеше жыл бұрын үлкен өмірге қадам басып, жоғары оқу орнына түсіп, студент атандық. Бірінші курста жатақханада тұруға тура келді. Ата-ананың қасынан жырақта, қалаға келіп өмір сүру – ауыл жастары үшін таңсық дүние. Басты мақсат – сабақты жақсы оқып, үйде тілеуіңді тілеп отырған жандардың үмітін ақтау. Осылайша университет жатақханасына орналастық. Жаңа өмірдің баспалдағынан аттағалы тұрған бізде қобалжу басым.
Ал, мұнда жан-жақтан жиналған жастардың қайнаған ортасы. Әрбір студент бір үйдің баласындай тату-тәтті өмір сүреді. Бір бөлмеге 3 қыз орналастық. Арамыздағы үлкені – Әсел. Ол бізден 2 курс жоғары оқыды. Екі-үш ай ғана бірге тұрып, басқа бөлмеге ауысты. Басында өз құрбыларының жанына орналасқан болар деп ойладық. Алайда, артынша жігітімен бірге тұрып жатқанын естідік. Тұрмысқа шықпаған қыздың мұнысы несі деп таң қалдық. Бірақ, әрі қарай оны қазбалаған жоқпыз.
Әдетте, үлкендер кішкентай балаға жақсы мен жаманды қатар үйретсең екіншісін бірден қағып алатынын айтады. Оған реніш білдіріп жатады. Дегенмен, ес тоқтатқан ересектер де өзі батыстан келген не нәрсеге де үйір болып алды. Жастар десе өзімізге тиеді. Алайда, соңғы кезде кейбір қыз-жігіттер қазақ болмысына жат қылықтарға бой үйрете бастады. Мәселен, шарап ішу, темекі тарту, ашық-шашық киіну, небір бұзақылықты істеу секілді жайттарға көз жұма қарайтын болдық. Десе де, азаматтық некенің белең алуы жанымызға батуда. Өйткені, одан опық жеп, өміріне балта шауып жатқан қаракөз қыздарымыз бар. Бұл ойлантады.
Қазіргі кезде ер мен әйел ерікті түрде бір-бірін сынау мақсатында азаматтық некені құп ететін секілді. Бірақ, оның қоғамға пайдасынан гөрі зияны орасан. Бір сөзбен айтқанда, ол көп адамды әуре-сарсаңға салып қояды. Мұндай неке алғашында батыста пайда болса керек. Уақыт өте біздің елге де жетті. Осының кесірінен қаншама отбасы ойран болуда. Өйткені, екі жасқа жауапкершілік жүктелмейді. Яғни, кейбір жастар көңілі қалаған адаммен заңды түрде неке қидырмай-ақ, бір шаңырақтың астында ғұмыр кешеді. Ал, бір-бірімен жараспаса, ойланбастан екі жаққа кетеді. Қарап отырсақ, бұл некеде жарасып кететіндер қатары некен-саяқ. Себебі, оның арты ұзаққа бармайды.
– Қазақ ар-ұятты бәрінен жоғары қояды. Сондай-ақ, қыз баланың адалдығы, тазалығы – ең басты орында. Сондықтан «Қызды қырық үйден тыю» деп бекер айтылмаса керек. Әрбір ата-ана мәпелеп өсірген бойжеткенінің теңін тауып, тұрмыс құрғанын қалайды. Өйткені, олар –болашақ ана. «Үш күндігін ойламаған әйелден без, үш жылдығын ойламаған еркектен без» деген тәмсілді дана халық қалай тауып айтқан. Қазір жастар тек бүгінімен ғана өмір сүреді. Ертеңгі күнді ойламайды. Содан келіп осындай келеңсіздікке ұрынады. Әрине, көпке топырақ шашудан аулақпыз. Дегенмен, ұл-қыздарымыздың қайда барып, немен айналысып жүргенін күнделікті қадағалап отырған жөн, – дейді көп балалы ана Айгүл Залиева.
Қарап отырсақ, азаматтық некеге көбіне қыз-келіншектер сенеді. Ал, жігіттер қауымы оған уақытша деп қарайды. Бүгінде осы арқылы балалы болып жатқан жұптар да жетерлік. Соның салдарынан некесіз дүниеге келген нәрестелер мен жетім балалар саны да артуда. Қалай десек те, біз қозғап отырған бұл мәселе қазаққа жат ұғым. Өйткені, уақытша некеге дінде де тыйым салынған.
– Исламда бір ғана неке бар, ол – өмірлік неке. Адам шаңырақ көтеріп, бала сүйеді. Ер адам отбасы мүшелері үшін жауапкершілікті өз мойнына алады. Ал, азаматтық неке деген ұғымның өзі дұрыс емес. Өйткені, азамат деген бізде жақсы мағынада қолданатын сөз. Алайда, уақытша некені олай атап, оған нұқсан келтірмеген жөн. Осының бәрі – ата-ананың балаға дұрыс тәрбие бере алмағанынан туындап отырған мәселе. Қазақ жетімін жылатпаған, жесірін қаңғытпаған ел. Бұрын ұрпағын басқа елге жібермес үшін жеңгесін қайын інісіне алып берген. Сондай-ақ, көзкөрген жермен құда болып, ұл-қыздарын үлкендер ақылдаса отырып қосқан. Осылай түрлі келеңсіз жағдайдың алдын алған. Алайда, мұндай оқиғаға тап болатындардың дені – толық емес отбасынан шыққан жастар деп ойлаймын. Қай кезде де ата-ананың тәрбиесі көзге көрініп тұрады. Себебі, не істеймін десе де, бетінен қағып, ақыл айтып отырған ешкім жоқ. Дінде уақытша некенің арбауына түскен әрбір адам зина жасағанмен бірдей. Ал, зинаның күнәсі бәрінен де ауыр болады, – дейді дін мәселелерін зерттеу орталығының теологы Бақтияр Оспанов.
Ертеңгі ұрпақтың өмірін бұлыңғыр етпес үшін бүгіннен бастап осы мәселенің алдын алу қажет. Сондықтан осындай батыстан келген жат нәрселер қазақ халқының тазалығы мен адалдығына балта шаппаса екен. Көкейдегі сауалымыз – уақытша неке бақытқа жеткізе ме?
Ақмарал ОЛЖАБАЕВА.