РУХАНИ БАЙЛЫҚТЫҢ ҚАЙНАР БҰЛАҒЫ
Ұлттық патриотизмді өрістетіп, халқымыздың салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын сақтап, оны танып-білуде кемелдік кемесіне айналған кітапхананың орны айрықша. Расында, бұл қара өлеңге шөліркеп, ел тарихына қанық болуға ұмтылған кез келген жанның қажетін өтейтін бірден-бір орын. Елдікті бекемдеп, ширек ғасырлық шежірені түгендеу арқылы рухани тұрғыда елге қызмет жасап жүрген қаладағы Ә.Тәжібаев атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасының еңбегі бір төбе. Аталмыш шаңырақ қай кезде болмасын оқырмандарына есігін айқара ашып, түрлі мәдени іс-шаралардың жоғары деңгейде ұйымдастырылуына атсалысып келеді. Ал, өткен күн тағылымын түйсінуге бекінген кітапсүйер қауымның сүйікті мекеніне айналған бұл орынның 150 жылға тарта тарихы барын біреу білсе, біреу біле бермейтіні анық. Себебі, сәулеті келіскен бүгінгі облыстық кітапхананың іргетасы сонау 1867 жылы қаланғаны көп оқырман үшін беймәлім. Қос ғасырлық тарихы бар Алаштың Ақмешіті атанған – Қызылордада кеше мен бүгінді жалғастырған осындай байырғы мәдени орындар саны жетіп артылғанымен, бұл рухани орданың орны өз алдына бір бөлек. Алғашында Ақмешіт уезінің әскери бекінісінде халық игілігіне ашылған мәдени орын 1917 жылға дейін қалалық деңгейде қызмет жасаған. Араға 20 жылға жуық уақыт салып, 1938 жылы облыстық мәртебе алды. Осылайша есігін қайта айқара ашқан бұл орынға белгілі орыс халқының жазушысы Максим Горький есімі берілген еді. Кітапхана тынысы кеңейіп, түрлі бағытта қызмет көрсететін бірнеше бөлімдер ашылды. Көптеген өз ісінің білгірлері келіп, рухани орда жұмысы жандана түсті. Бұл тұрғыда Лариса Платонова, Мадхия Ғалиасқарова, Раушан Сәруарова, Пернекүл Дүйсенбаева мен өзге де білікті мамандар өңіріміздің кітапхана ісінің қарыштап дамуына үлес қосты.
Кітапхана қызметкерлері де аталмыш шаңырақтың қайнар көзі сонау жылдардан бастау алатынын көп оқырманның біле бермейтінін алға тартады. Өкінішке орай, оның үстіне мәдени орынның сол жылдардағы тыныс-тіршілігі туралы мәлімет те өте мардымсыз екен. Тіпті, сол кезеңдегі кітапхана ғимаратының суреттері де жоқ екен. Бірақ, 1938 жылы Қызылорда өз алдына бөлініп шыққаннан кейін ол қалалықтан облыстық мәртебесін алған. Содан бері де мінекей табанды 80 жыл ғасырлар қойнауына еніп отыр.
Айта кетерлігі, бұл атаулы күннің Қызылорданың 200 жылдық мерейтойымен тұспа-тұс келуінің де өз маңыздылығы бар. «Қос тойың қабат келсін» демекші, биыл екі бірдей мерейтойды жоғары деңгейде қатар атап өту жоспарланып отыр. Кітапханашылар әзірге аталмыш мереке аясында өтетін мәдени іс-шараларға қызу дайындық үстінде екенін айтады.Ғасырдан астам уақытты заман көшімен артқа тастаған мәдени ошақ тұғырлы тәуелсіздігімізді алғаннан кейін 1999 жылы халық жазушысы, ақын Ә.Тәжібаев есімін иеленді. Тау тұлғаның атымен аталған нысан 2009 жылы типтік жобада салынған жаңа ғимаратқа көшірілді. Оның ашылуына Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі арнайы ат басын тіреуі де бекерден-бекер емес. Ұлт Көшбасшысының сол кезде заманауи бағытта салынған ғимараттың сәулетіне жоғары баға беріп, ел игілігіне сапалы қызмет жасауға сенім білдіргенін Сыр жұртшылығы әлі де ұмыта қойған жоқ.Бүгінде бұл мәдени нысан республикалық, облыстық деңгейдегі айтулы жиындар мен түрлі рухани басқосулар өткізілетін орын ретінде айрықша маңызға ие. Сондай-ақ, заманауи компьютерлік құрал-жабдықтармен толық жасақталып, келушілердің жас ерекшеліктеріне қарамастан барлық санатта қызмет көрсететін өңірдегі ең ірі ақпараттық мәдени орталыққа айналды. Онда қазіргі таңда 9 бөлім мен 7 сектор кітапханалық-ақпараттық қызмет түрлері бар. Бір қуантарлығы, осындай ауқымы кең мәдени орынның 30 мыңнан аса оқырманы бар. Кітап қоры да ауыз толтырып айтарлықтай көрсеткішке ие. Барлығы 410 мыңға жуықтаса, оның ішінде 100 мыңнан астамы қазақ тіліндегі әдебиеттер үлесіне тиесілі. Уақыт өткен сайын бұл сала да заман талабына, оқырман сұранысына сай жан-жақты мүмкіндігі артуда. Мәселен, мұнда дәстүрлі кітапханалық қызметпен қатар, электронды нұсқаларға негізделген заманауи қызмет түрлері де оқырман қажеттілігін өтеуде. Сондай-ақ, мұнда тарғыл тарих беттерінен тереңінен сыр шертетін құнды мұралардан өзге халқымыздың белгілі тұлғаларынан қалған ескі жәдігерлер бар. Мәселен, Сыр өңірін, туған жерін өмірінің соңына дейін жырлап өткен Әбділда Тәжібаевтың мұражайында ақын қолжазбалары, кітаптары және көзі тірісінде тұтынған заттары көпшілік назарына қойылған. Ал, екі жыл бұрын көрнекті драматург, Қазақстанның халық жазушысы Қалтай Мұхамеджановтың мұрасы Сыр бойы оқырмандарына сыйға беріліп, жазушының жеке кітапханасы ашылған еді. Осылайша рухани байлықтың қайнар бұлағына айналған шаңырақ талай жастың зейінін ашып, оларды білім-ғылыммен сусындандыруда өлшеусіз үлес қосып келеді.
Бағлан ТІЛЕУБЕРГЕНОВА.