ҚҰДА-ҚҰДА ДЕГІЗГЕН...
Еліміз қаншама қиындық көрсе де ұлттық құндылығын жоғалтпай бүгінге дейін жеткізді. Оның ішінде ата-бабамыз жерін, тілін, дінін көзінің қарашығындай сақтап, салт-дәстүр мен әдет-ғұрпын берік ұстанды. Қазіргі кезде олар қазақтың қанымен біте қайнасып келеді. Осылайша жиған-тергенін тойда шашатын жұртымыз тал бесіктен жер бесікке дейінгі аралықтағы жөн-жоралғыны орындауда. Ол үрдістер әлі күнге дейін жалғасын тауып отыр.
Атадан балаға мирас болған салт-дәстүрдің сан ғасырлық тарихы бар. Қарап отырсақ, бұл құндылықтар халқымыздың ежелгі тұрмыс салтымен астасып жатыр. Десе де, соңғы жылдары ата-дәстүр заман талабына сай түрленіп, жаңара түсуде. Салтымызда өзіндік орнын қалыптастырды. Расында, отыз күн ойын, қырық күн тойын жасайтын халқымызда мұндай дәстүрлер қаншама. Кейде осы сый-құрмет үшін талас туып, арты дауға ұласып жататыны да жасырын емес. Екі жақ та барын салып, жоқтан барды құрастырып, тойда шашылады.
Құйрық-бауыр асату салты қыз ұзатып, келін түсірген әр шаңырақта орындалады. Оның өзгелерден орны ерекше. Өйткені, жаңа құдаларға сый ретінде тартылады. Бұл дәстүр – құда болудың заңды белгісі ретінде есептеледі.
– Бұл қазақ халқына ғана тән қасиет. «Құйрық-бауыр жедің бе, құда болдым дедің бе» деген мәтел осыдан қалса керек. Осылайша құдалыққа келген барлық қонақтар ауыз тиеді. Әкелген ыдысты бос қайтармай, ақша салады. Оның көлемін жаңа құдалардың мырзалығы біледі. Оған бір қойдың бауыры мен құйрығының жартысының өзі жетеді. Әдетте, мұндай ғұрыптар әзіл-қалжыңсыз, ойын-сауықсыз өтпейді. Сондықтан да оны орындау кезінде көңілді әндер мен қағытпа қалжыңдар қалмайды. Мәселен, бізде «Құда-құда дегізген, құйрық-бауыр жегізген» деп басталатын әуен бар. Алайда, «Әр елдің салты басқа, иті қара қасқа» демекші ол әр аймақта әртүрлі айтылады, – деді көп балалы ана Жамал Сермаханова.
Бүгінге дейін жеткен ұлттық құндылықтардың бізге берер өнегесі зор. Дегенмен, қазір кейбір салт-дәстүрлеріміз қолданыстан шығып, ұмыт болып бара жатқаны жасырын емес. Әсіресе, оған жастар жағы жіті мән бермеуде. Алайда, ата-бабамыздан мұра болып қалған олар әрдайым игі мақсаттар үшін қолданылған.
Ақмарал ҚАДЫРХАНҚЫЗЫ.