САРЫАРҚА ТӨРІНДЕГІ СҰЛУ ҚАЛА

Қаншама қиыншылықтар орын алды. Елбасы қаланың сәулеттік келбетін ерекше назарда ұстап, шаһар басшылығына тың тапсырмалар берді. Оның мінсіз атқарылуын барынша қадағалауы жайында осы кітапта баяндалады. Соның нәтижесінде жаңа ғимараттар мен тұрғын үйлер көптеп салына бастады. Осындай тынымсыз тірліктің арқасында іс алға басады. Мұны нағыз ерлік деп бағалауымыз қажет. Есілдің сол жағалауын игеру барысында қомақты инвестиция тарту үшін Ақмола экономикалық еркін аймақ есебінде жұмыс жасай бастады. Ондағы мақсат қаланы салықтан босату еді. Осыдан бастап қала құрылысы еселене түседі. Өндіріс ошақтары көптеп ашылады. Айта кету керек, елорданың қарқынды дамуы осылайша ерекше екпінмен бастау алады. Елордада үш әкімшілік аудан құрылды. Олар – Алматы, Есіл, Сарыарқа аудандары. Сөйтіп оның аумағы үлкейе түсті.
Өткен жылы Астанада тұрғындар саны миллионнан асты. Ел дамуының символына айналған көрікті Елорда барша қазақстандықтың мақтанышына айналды десек, қателеспейміз. Сарыарқа төрінен орын тепкен сұлу Астанада – барша адамзатты бейбітшілікке, ауызбірлікке үндейтін алқалы жиындар мен басқосулар жиі өткізіліп келеді. Ол Отанымыздың имиджіне оң әсер етіп қана қоймай, әлемдік татулықтың нығая түсуіне ықпалын тигізіп отыр. Қазақстанның алтын темірқазығына айналған ару шаһардың жиырма жыл ішінде бағындырған биіктері мен алған асулары жетерлік. Есіле ағып жатқан Есіл өзенінің екі жағынан бой көтере түскен сәулеті мен биіктігі таңғалдыратын ғимараттар дүние жүзіндегі дүйім жұрт алдында мерейімізді өсіре түседі.
Мен бозбала кезімде, осыдан 46 жыл бұрын Целиноград болып тұрған шағында жолым түсіп барған едім Ол кездегі бет-бейнесі мүлдем бөлек. Мен көрген Целиноград қаласы өте шағын, көрікті жерлер аз болатын. Қаланың 7-8 шақты көшесінде ғана асфальт бар, қалғанында тас төселген. Қалада орыс мектептері көп. Қазақ мектебі жалғыз. Онда да ол Целиноградтың шетінде көрінеді. Көшелері шағын, кішкентай екенін байқадым. Жер үйлері де біздің жаққа қарағанда жатағандау секілді көрінді. Әр жерде көпқабатты үйлер бар. Өйткені, қыстың қатты болуына байланысты баспана шағындау етіп салынады. Ол жайында жергілікті адамдардың айтқанынан естідім. Шындығы сол, көшелері көбіне лай, ми батпақты еді. Жерасты су болуы керек, бетіне көлкіп шығып жатты. Сол кездегі бет-бейнесі біздің Қызылордадан артық емес көрінді маған.
Астанада бірнеше мәрте болып қайтқан Есенжол ағамыз бұл жөнінде өз ойын білдірді. Сол жылдар ішінде елорданың құмбыл өзгергенін көріп, одан алған әсерлерімен бөліскен-ді. Ес ағай алдымен осыдан он сегіз жыл бұрынғы барғанын былай деп еске алған-ды.
– Шынын айтайын, астананы Ақмолаға көшірді дегенін естігенмен, дәл мынадай ұлы өзгерістерге жол ашылады деп ешқашан ойлаған емеспін. Сол баяғы ескі қала орнында тұрған шығар деп ойлаған едім. Ондағы тұрғызылған зәулім үйлер мен ғимараттарды көргенде түс көргендей күй кештім. Баяғы көшелер атымен жоқ. Бәрі түбегейлі өзгеріп кеткен. Қала құрылыс алаңына айналған. Қызу жүріп жатыр. Алып крандарды көргенде берекелі бірлік пен тиянақты тірліктің жүріп жатқанын аңғару қиын емес. Құрылыста адамдар өріп жүр. Еліміздің әр аймағынан келіп, жұмыс жасап жатқандар болуы керек. Бірнеше мөлтек аудандар бой көтеріпті. Қала шетіндегі көшелері асфальттанып, жаяу жүргіншілер жүретін табанжолдар салынған. Адам танымастай мүлдем басқа қалаға айналған. Баяғы көлкіп жатқан судың ізі де жоқ. Соңғы архитектуралық үлгіде салынған көптеген әсем ғимараттар көрген адамды ерекше әсерге бөлейді.
Осыдан бес жыл бұрын Астанаға тағы барудың сәті түсті. Бұл жолы айтулы жерлерін түгелдей аралап шықтым. Ақорда, Парламент ғимаратын, Үкімет, Министрлер үйі, көптеген ұлттық компаниялар мен биік сауда үй кешендерін сырттай тамашаладым. Алып «Бәйтерек» стелласына шығып, тәуелсіз мемелекетіміздің берекелі өміріне шүкірлік еттім. Пирамида пішінінде салынған Бейбітшілік және келісім сарайын, «Хан шатыры» және де басқа да көңіл көтеру орталықтарын, жабық стадионды, 3500 орындық концерт залын, Аквариум орталығын аралап көрдім. Әсіресе, ұшатын тарелка секілді Цирк ғимараты мені қатты таңғалдырды. Бірінен-бірі сәулеті асып түсетін жаңа ғимараттарды түгелдей айтып шығу мүмкін еместей. Мұның бәрі осыдан бес жыл бұрын көргендерім еді, – деді ағамыз.
Астана – қазақ елінің айшықты ақ ордасы, бейбітшілік пен келісімге бастайтын киелі мекен. Мәңгілік елді жасампаздыққа жетелейтін, бірлік пен татулық болмысты паш еткен бейнелі қала. Өркендеу жолында өрісті қадамдарға жол көрсетіп, Қазақстанды мекендеген көпұлттың достығы мен дәстүрін сақтауда әлем елдері арасында үлгі болуда. Қазақ елінің тірегі мен жүрегі сен – Астана! Мәңгі жасай бер, жайнай бер! Тәуелсіздіктің бойтұмарындай қасиетті шаһар әрбір қазақстандықтың жүрегінде төрден орын алып, жер-жаһан жұрты алдында мәртебесі биіктей түседі деген сенім зор.
Кенжалы ЕРІМБЕТОВ.