Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ақмешіт апталығы

Газет 1994 жылдан бастап шығады
» » МАЗМҰНЫ МОЛ МҰРАЛАР

МАЗМҰНЫ МОЛ МҰРАЛАР

 Ғимараттың жертөлесіне түсіп келемін. Уақыт тоқтап қалғандай, мүлгіген тыныштық. Үнсіз қабырғалар... Кітаптар жиналған сөрелер де том-том жинақтарды бауырына басып, міз қақпай тұрғандай. Ұзын дәліз бойын жағалай жүргеннен-ақ кәдімгі дымқыл ағаштың иісі қолқаға келеді.Ә.Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапхананың жертөле қабаты құдды бір рухани байлықтың алтын көмбесі секілді. Баспа өнімдерін сақтайтын негізгі қойма саналатын мұнда кітап қорын сақтау бөлімі, құжаттарды қалпына келтіру секторы мен оның лабораториясы орналасқан. Ал, қараған адамның назары бірден ауатын шағын ғана бөлмеде сирек кітаптар мен қолжазбалар қоры сақталыпты. Мұнда кітапхана қызметкерлерінен басқа, бөгде адамдардың кіруіне рұқсат етілмеген. Себебі, қорда түрлі бағыттағы өте сирек кездесетін кейбір құнды басылымдардың тек соңғы бір-бір данасы ғана қалған. Оның өзі қол тиген сайын үгітіліп, сап-сары парақтары селдір қағады. Сан мың жылдық тарихты ішіне бүгіп, ескірмейтін естеліктер мекеніне айналған бұл қор кітапхана жанынан 2005 жылы ашылған. «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдараламасының игілігі арқасында өз жұмысын бастаған онда бүгінде 600-ден аса құнды дүние өткен күннен шежірелі сыр шертіп тұрғандай. Оның ішінде қолжазбалар саны 10-нан асса, мерзімді басылымдар 20-ға жетіп жығылады. Орыс, өзбек, қырғыз, араб, латын, тәжік тілдерімен қатар, шағатай, татарша жазылған дереккөздерді де кездестіруге болады. Мұндағы кітаптардың дені Қазан төңкерісіне дейін жарық көрген. Оларды өлең, діни мағлұматтық жинақтар, географиялық, тіл білімі, философия, тарих, өлкетану мен өзге де жан-жақты ғылымдардың қайнар бастауы десе болғандай.
Ал, төрдегі сөреде орналасқан үлкен қоңыр кітап алыстан-ақ көзге бірден түседі. Негізгі қорларды сақтау бөлімінің меңгерушісі Гүлдерайым Қосназарованың айтуынша, аталмыш дүние рухани ордадағы ең ескі әрі құнды жазбалардың бірегейі көрінеді. Түпнұсқа күйінде сақталған «Құран Кәрім» хижра есебімен 1293 жылы баспа бетін көрген деседі. Үлкен қоңыр кітаптың сыртқы мұқабасы мал терісінен иленіп, қапталыпты. Бір қызығы, Алла атымен қаспеттелген қасиетті кітаптың аяттары шөппен жазылыпты. Сондықтан да болар, жазулары әлі де көмескі тарта қоймаған. – Біз бұл кітаптарға ерекше қамқорлықпен қараймыз. Кезінде қор енді ашылған уақытта арнайы экспедициямен облыстың ауыл-аймақтарын түгел аралап, жеке тұлғалардың меншігіндегі дүниелерді жинақтадық. Мақсат – кітапхана қорын толықтыру. Әлі де халық арасында бабаларынан қалған ескі мұраларды шүберекке түйіп, сандық түбінде сақтап отырған жандар баршылық. Егер олар мемлекеттік тіркеуге өткізіп, кітапханамыздың сирек қорын байыта түсуге шешім қабылдаса, қуана қарсы аламыз. Ал, отбасылық жеке қорда өзіміз сақтаймыз деп шешсе, оған да қарсы емеспіз. Тек баса айтатын мәселе – уақыт өткен сайын қолжазбаның сақталу талаптары қиындай түседі. Сөйтіп, ескі кітаптардың, қолжаз¬ба¬лардың бүлінуі, тіпті оқылуы күрделеніп жарамай қалу қаупі басым. Сондықтан ұлттық жазба мұра¬лары¬мызды сақтап қалуға бейжай қарамайық дегім келеді. Осындай қымбат жәдігерлерді топтастырып, осында әкелсек, көптің кәдесіне жарар еді деген ой бізде. Қазіргі таңда бұл кітаптардың барлығы сирек кітаптар мәліметтер базасына арнайы тіркеу нөмірлерімен енгізілген. Электрондық каталогке өту арқылы кез келген оқырман оны оқуға мүмкіндік алады. Бұл өз кезегінде қолжетімділікті арттыра түседі, – дейді Гүлдерайым Қосназарова. Ширек ғасырдан астам уақыт осы салада еңбек етіп келе жатқан кітапханашы сөредегі әрбір дүниенің тарихын бес саусақтай жатқа біледі. Оның айтуынша, қорда Қазы Фаткуллмад, Қазы Абдулкарим, Шархуакия Халидің 1303 хижра жылы шыққан «Діни философиялық түсіндірме сөздігінің» I томдығы, ескі түрік тілінде жазылған «Имам Азам Бәтуа», 1307 жылғы арабша құрастырылған «Намаздың келу тарихы» кітаптары дәстүрлі дініміз туралы құнды мәліметтерді алға тартады. Сондай-ақ, 1933 жылы хәкім Абайдың латын тілінде жазылған екі томдық шығармаларының толық жинағы, «Жүсіп-Зылиха», Сұлтанмахмұт Торайғыровтың «Толық шығармалар жинағы» мен «Қазақ», «Красный Казахстан», «Әдебиет және искусство» басылымдарының алғашқы сандары сақталған. Ал, облыстық кітапхана директорының орынбасары Бақытнұр Мырзахметованың сөзінше, мұнда түпнұсқалардан бөлек елімізге танымал ақын-жазушылардың өз қолтаңбасымен берілген кітаптары да сөре төріне жайғасқан. Мәселен, олардың қатарынан Олжас Сүлейменов, Әбдіжәміл Нұрпейісов, Дулат Исабековтің өз қолымен тапсырылған туындыларын көруге болады. Мамандардың айтуынша, талай жыл өткен соң аталмыш дүниелер де түпнұсқа негізінде кейінгі ұрпаққа аманат болып жетпек. Осылайша сан мың жылдық тарихты бір арнаға тоғыстырған аталмыш қор бұдан кейін де болашақ игілігі үшін қызметін тоқтатпақ емес.

Бағлан ТІЛЕУБЕРГЕНОВА.

29 қаңтар 2018 ж. 1 737 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (1693)

28 қараша 2020 ж.

№91 (1692)

24 қараша 2020 ж.

№90 (1691)

21 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 

Суреттер сөйлейдi

ТҮНГІ ҚЫЗЫЛОРДА
01 қараша 2017 ж. 14 420 0
  • Акимата Кызылординской области
  • Сайт президента
  • Нұрлы жол
  • Рухани Жаңғыру
  • Жаңғыру 30
  • Egov
  • Digital Kazakhstan
  • Нақты қадам