ЖЕМҚОРЛЫҚҚА ҚАРСЫ КҮРЕС ТОҚТАТЫЛМАЙДЫ
Өткен жылы облыс көлемінде сыбайлас жемқорлық сипатында 120-дан аса қылмыс тіркелген. Ол салыстырмалы есептік көрсеткіш бойынша 16,6 пайызға төмендеген. Жіті тексерулер мен рейдтік шаралар нәтижесінде аталмыш заңсыздықтар бойынша 70-ке тарта тұлға қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Залал сомасының 94,9 пайызы өндіріліп, мемлекет қазынасына қайтарылған. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыс бойынша мемлекеттік қызмет істері департаментінің басшысы Абзал Мұхимов баяндады. Жиын барысында ол департамент тарапынан атқарылған шаралар мен Елбасы Жолдауынан туындаған міндеттерді саралады.– Жолдаудың тоғызыншы бағытында Мемлекет басшысы жемқорлықпен күрес және заң үстемдігіне тоқталып өткені белгілі. Былтыр аталмыш тәртіп бұзушылықтың алдын алуға бағытталған іс-шаралар саны 3 есеге артық өткізілді. Сонымен қатар, мектеп оқушылары арасында рухани-адамгершілікке және отансүйгіштікке тәрбиелеу мақсатында аймақта «Адал ұрпақ» ерікті оқушылар клубы құрылып, онда білім ордалары толығымен қамтылды. Олар жыл басынан бері түрлі тақырыптарда кең ауқымды іс-шаралар ұйымдастырды. Мәселен, «Парасыз болашаққа. Бірге!» жобасы аясында арнайы мобильді топ құрылды. «Есіктен есікке!» жобасы шеңберінде коммуналдық қызметтердің ақы төлеу түбіртектеріне тіркелген сыбайлас жемқорлыққа қарсы флаерлер таратылса, қоғамдық көліктер мен халық көп шоғырланған орындарда парақшалар таратылды. Осындай ірілі-ұсақты шаралардың өзі өңірде сыбайластықты болдырмауға ықпал ететіні анық, – дейді департамент басшысы.Оның айтуынша, аталмыш бағыттағы пара алу немесе беру белгілері көбіне мемлекеттік сатып алу, құрылыс, білім және денсаулық сақтау салаларында жиі орын алып отыр. Ал, облыс бойынша Шиелі, Қазалы аудандары көш бастап тұр. Тұрақты рейдтік шаралардың нәтижесінде қалған аудандарда қылмыстың орын алу дерегі төмендегені байқалған. Аталмыш бағыттағы шаралар алдағы уақытта да өз жалғасын таппақ.
Бағлан ТІЛЕУБЕРГЕНОВА.