ПАРАСЫЗДЫҚҚА БАҒЫТТАЛҒАН ШАРАЛАР
Қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру мақсатында ағымдағы жылы мемлекеттік органдарда 60-тан астам тексеру шаралары жүргізілген.Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыс бойынша департаменті басшысының орынбасары Берікбол Байхожаев баяндады.Оның айтуынша, аталмыш әлеуметтік індетті жою мақсатында биыл департамент тарапынан арнайы кешенді жоспар қабылданған. Ол «Оқулық», «Тәрбие», «Ғылым», «Үгіт», «Азаматтық бақылау», «Ашық келісім» сынды сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға бағытталған барлығы 13 жобаны құрайды. Бұл жобаларды жүзеге асыру барысында ең негізгі сыбайлас жемқорлық тәуекелдері басым салалар қамтылған. Оның ішінде білім беру, салық, кеден қызметі, құқық қорғау, сот жүйесі, денсаулық сақтау, мемлекеттік сатып алу, сот актілерін орындау, квазимемлекеттік және жеке секторлар бар. Бұл тұрғыда арнайы мобильді топтар аудан және қала әкімдіктері жанынан құрылып, олар апта сайын ауылдық елді мекендерде халықпен кездесіп, аталмыш тақырып аясында мемлекеттік саясаттың басым бағыттарын насихаттауда. Ал, сыбайлас жемқорлық профилактикасы басқармасының басшысы Бағдат Ізкенов құқық бұзушылыққа жол берген тұлғаларға заң шеңберінде берілетін жаза түрлерін түсіндірді. Оның айтуынша, орын алған кейбір жағдаяттарда қылмыстық жазаланатын іс-әрекет белгiлерi болмаса, екі жүз айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салынады. Сала мамандары осындай заңсыздықтардың алдын алу мақсатында арнайы ұйымдармен бірлесіп мемлекеттік органдар мен мекемелерге қоғамдық мониторинг жұмыстары жүргізіліп жатқандығын хабарлады.
Бағлан ТІЛЕУБЕРГЕНОВА.