«ЕНШІ» ЗИЯТКЕРЛІК-ТАНЫМДЫҚ ЖОБАСЫ ҚЫЗЫЛОРДАДА
Алдағы жаңа маусымда Ұлттық арнадан көрерменге жол тартатын «Енші» зияткерлік-танымдық телевизиялық жобасының аймақтық іріктеуі Қызылорда қаласында өтті. Облыс орталығындағы білім ордаларының бірі – №101 мектеп-лицейінде өткен жобаға облыс бойынша 127 үміткер қатысуға ниет білдірген. Олардың 15-і екінші кезеңде бақ сынау мүмкіндігіне ие болса, телевизиялық кезеңге 6 қатысушы ғана жолдама алды.Айта кетейік, аталмыш жоба Қазақстан Республикасы мәдениет және спорт министрлігі тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыс комитеті «Ш. Шаяхметов атындағы тілдерді дамытудың республикалық үйлестіру-әдістемелік орталығы» РМҚК тапсырысы негізінде қолға алынған еді. Байқау барлығы 4 кезеңге негізделген. Бағдарламаға республика бойынша 10-11 сынып оқушылары мен 1-2 курс студенттері ғана қатыса алады. Олардың ішінен 48 қатысушы іріктеліп, жолдама алуға мүмкіндігі бар. Ал, білім бәсекесінде қойылатын сұрақтар көбінесе, ұлттық салт-дәстүрге, тарих пен мәдениет, әдебиет, фольлор мен логикаға негізделген. Қазақ тілінің мәртебесін арттырып, төл тіліміздің зияткерлік сайыстағы қолданысын жаңғырту мақсатында эфирге шығатын жобаның іріктеу кезеңі екі бөлімнен тұрады. Ереже бойынша қатысушы мұнда 3 блокқа бөлінген тапсырмаларды орындауы шарт. Тестілеуден жоғары ұпай жинағандар екінші кезеңде ауызша сауалдарға жауап береді. Бұған дейін іріктеу шаралары Ақтау, Өскемен, Ақтөбе, Алматы, Шымкент, Астана мен еліміздің өзге де қалаларында ұйымдастырылған еді.
Бағлан ТІЛЕУБЕРГЕНОВА.