Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ақмешіт апталығы

Газет 1994 жылдан бастап шығады
» » ҒАСЫР ДЕРТІ ОЙЛАНДЫРЫП ТҰР

ҒАСЫР ДЕРТІ ОЙЛАНДЫРЫП ТҰР

  Жұмбақ кейіпкеріміз аты-жөнін айтудан бас тартты. Өзінің өміріне наразы екенін жеткізген жасы 40-қа жақындаған қала тұрғыны осы уақытқа дейін көпшіліктен жасырынып, құпия өмір сүруді, ортадан гөрі жалғыздықты қалаумен күн кешті. Басында бәрі жақсы еді. Жиырма жастан енді асқан кезде бойжеткен отбасын құрды. Ерлі-зайыптылық өмір жап-жақсы басталған сияқты еді. Бірақ, жайлы өмір ұзаққа бармады.
Өйткені, кейіпкер адамның иммунитет тапшылығының вирусын (АИТВ) жұқтырып алды. Өкінішке орай, оны денсаулығына қауіп төнген кезде ғана кеш біледі. Мұндай жағдайда отбасындағы екеуі де толық тексеруден өтеді. Медициналық сараптаманың нәтижесі бойынша келіншегіне бұл дерт күйеуінен жұққаны белгілі болды.
– Сол кезді есіме түсірсем, өмір сүргім келмей кетеді. Қатты қиналдым. Тіпті, аурудың атын атауға да аузым бармады. Әйткенмен, балам үшін есімді жинау керек болды. Екеулеп емделдік. Нәтижесінің жақсы болуына біраз уақыт кетті. Оған да шыдадым. Дегенмен, бұл қиындықтан жолдасым сабақ алған жоқ. Әрмен қарай теріс жолда жүре беруін жалғастырды. Сондықтан ажырасуға тура келді, – деді кейіпкер ауыр күрсіне.
Иә, мәселе оңай емес. Көпбалалы болуды, шаңырақты шаттыққа бөлеуді армандаған екі жұптың отбасылық күйі осылай сәтсіз аяқталды. Қауіпті індет шаңырақты шайқалтты. Жалпы, мұндай жайсыз жайттар қазір жиі орын алуда.
Бұл індет қайдан шықты? 1981 жыл жұқтырылған иммунитет тапшылығының синдромы (ЖИТС) ауруының алғашқы оқиғасы АҚШ-та тіркелді. Содан біртіндеп олардың саны арта түскен. Айталық, 1984 жылы – 7000, 1985 жылы – 20 мыңға жетті. Олардың 50 пайызы қайтыс болған. 1982 жылы алғашқы рет СПИД деген термин өмірге енді. Одан кейінгі жылдары қоздырғыш анықталып, 1986 жылы ВИЧ деп атала бастады.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының деректеріне сүйенсек, әлемде АИТВ жұқтырған балалардың 90 пайызы анасынан жұқтырған және жыл сайын 80 мың бала анасынан ВИЧ жұқтыратын көрінеді.
Аталмыш ұйымның ұйғарымымен 1988 жылы бірінші рет 1 желтоқсан дүниежүзілік СПИД-ке қарсы күрес күні ретінде аталып өтілді. Содан бері мемлекеттік және үкіметтік емес ұйымдардың, әртүрлі серіктестіктердің атсалысуымен барлық елдерінде АИТВ/ЖИТС-ке қарсы түрлі іс-шаралар өткізіліп келеді.
Қазіргі күні бұл дерт біздің мемлекетте ғана емес, әлем бойынша қоғам назарын аударып отырған мәселелердің біріне айналды. Мамандардың дерегі бойынша республика аумағында індетті жұқтырып тіркелгендер саны 29201 адамды құрап отыр. Олардың 29,8 пайызын есірткі тұтынушылар құраса, қалғаны жыныстық қатынас арқылы жұқтырғандар. Сондай-ақ, әйелдерден гөрі ерлер арасында көптеп кездесуде.
Ал, Қызылорда облысында АИТВ/ЖИТС оқиғасы анықталған сәттен бері тіркелгендер саны – 120, оның ішінде 36 адам аудандардан болып отыр. Яғни, Арал – 5, Қазалы – 8, Қармақшы – 4, Сырдария – 2, Шиелі – 10, Жаңақорған – 6, Жалағаш – 1, Қызылорда қаласы бойынша 84 адамға жетті.
Жұғу жолдары бойынша 120 адамның 33-і инъекциялық есірткі тұтынушылар. Осы жылдың 9 айында 17 адамнан АИТВ инфекциясы анықталды. Олардың 11-і – ер адам, 6-ы – әйел. Жас топтарына қарай бөлетін болсақ, 20-29 жас аралығында – 6, 30-39 жас – 5, 40-49 жас – 4 адам.
Мамандардың айтуынша, ЖИТС орталығының жұмысындағы басымдық бағыттардың бірі – мінез-құлқы қатерлі, яғни АИТВ жұқтыруға бейім топтар арасында профилактикалық шараларды күшейту. Облыс орталығында оларға арналған арнайы кабинет, 2 стационарлық, 1 көшпелі сенім пункті жұмыс жасайды. Дегенмен, аймақта аждаһа дертті ауыздықтаудың алғы шарттары жасалса да, күрмеуі қиын күрделі мәселе екені белгілі.
Жұмбақ кейіпкерімізден «Айтарыңыз бар ма?» деп сұрағанды жөн көрдік. «Айтарым бар, СПИД сияқты кеселдердің ошағына айналған клуб, монша, сауна және қаншама отбасының берекесін қашырып отырған түнгі көбелектердің ісін қолға алу керек. Міне, болашақты ойласақ, осылармен күресу қажет» деген ойын жеткізді.

Ақтолқын НҰРЛЫБАЙ.

14 қараша 2017 ж. 1 791 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (1693)

28 қараша 2020 ж.

№91 (1692)

24 қараша 2020 ж.

№90 (1691)

21 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 

Суреттер сөйлейдi

ТҮНГІ ҚЫЗЫЛОРДА
01 қараша 2017 ж. 14 420 0
  • Акимата Кызылординской области
  • Сайт президента
  • Нұрлы жол
  • Рухани Жаңғыру
  • Жаңғыру 30
  • Egov
  • Digital Kazakhstan
  • Нақты қадам