АРДАГЕР АҚЫНДАР МҮШӘЙРАСЫ ӨТТІ
Қазалы аудандық ардагерлер ұйымының өнегелі істері Сыр өңірі, қала берді, республика көлеміне жақсы танымал.
Қашанда ел ішіндегі игі жұмыстардың басы-қасында жүретін осынау іргелі ұйым бұл жолы да көпшіліктің көңілінен табылды. Ардагерлер ұйымы мен аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі бірлесіп ұйымдастырған «Ардагер ақындар мүшәйрасы - 2017» байқауы аса тартымды өтті.
Ардагерлер ұйымының құрылғанына 30 жыл толуына орай ұйымдастырылған мүшәйраға елді мекендер, Қазалы қаласы мен Әйтеке би кентінен көпшілікке танымал ақындар қатысты. Халықтар достығын, еліміздің өсіп-өркендеу жолын, саяси тұрақтылықты дәріптеуді тұтынған байқауға белгілі әнші Галя Оспанова, ардагер өнерпаз Ұлжан Ахметова, ақындар Сержан Берденұлы, Ермекбай Ағыраев қазылық жасады.
Сайыс қорытындысында Жанқожа батыр ауылынан келген ақын Әли Шайқұлов, кент тұрғыны Мақсат Айгелдиев, Қазалы қаласының ақыны Салия Дүзбаева облыстық ақындар мүшәйрасына жолдама алды. Барша қатысушылар мен жеңімпаздарға аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Оразғали Бекбанов марапаттар тапсырды. Байқау соңында өзіміз тілдескен Қазалы аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Ғани Темірбаев әрбір адам үшін ардагерлердің орны ерекше екендігін, аға буынға жасалар құрметтің алдағы уақытта да жалғаса беретінін жеткізді.