ТАРТОҒАЙДА Ш.ЕСЕНОВТІҢ БЮСТІ АШЫЛДЫ
Өткен аптада Сыр өңірінде қоғам және мемлекет қайраткері, академик Шахмардан Есеновтің 90 жылдығына орай Шиелі ауданында «Тұлғасы биік Шахмардан» атты республикалық ақындар айтысы өтті. Ақындар айтысына республикалық «Айқын» газетінің директор-бас редакторы Нұртөре Жүсіп қазылық етті. Ал, қоғам қайраткерлері Алтыншаш Жағанова, академик Асқар Жұмаділдаев, сенатор Мұрат Бақтиярұлы және өзге де азаматтар көрермен қатарынан табылды.
Айтыстың ашылу салтанатында аудан әкімі Қайратбек Сәрсенбаев сөз алып, ақындарға сәттілік тіледі. Он екі айтыскер алты жұп құрап көрермен көңілінен шығар айтыс додасын жасады. Сөзден маржан терген саңлақтар арасында 6 өнерпаз 150 мың теңгелік ынталандыру сайлығыне ие болды. Сондай-ақ, 2 айтыскерге аудан әкімінің 200 мың теңгелік арнайы жүлдесі табысталды. Бірнеше сағатқа созылған сө сайысында жүлделі үшінші орын Иран-Ғайып Күзенбаевқа бұйырып, оған 300 мың теңге берілді. Ал бірінші-екінші орын алған Серікзат Дүйсенғазин мен Аруна Керімбекке 500-700 мың теңге көлемінде жүлде берілді. Кіл мықтылар төл өнерді төрге оздырған ұлық өнер бәйгесінде шиелілік Мейірбек Сұлтанхан барлығынан оқ бойы озық шығып, мейманасы тасыған жұрттың мерейін өсірді. Оған жеңіл автокөлік берілді.