СЫРДЫҢ СИҚЫРЛЫ САЗДАРЫ
Қызылорда қаласындағы көркемсурет галереясында белгілі фотосуретші Андрей Тайгуновтың «Сырдың сиқырлы саздары» атты жеке фотосурет көрмесі ашылды. Бұл шара Ел Тәуелсіздігінің 26 жылдығына орай Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында ұйымдастырылуда.
Оған «Петро Қазақстан Құмкөл Ресорсиз» АҚ вице-президенті Болат Көшербаев, кәсіподақ төрағасы Елеусін Дүйсенов пен аймақтағы фотосуретшілер қатысты. Бір айға созылатын көрмеге Сыр өңірінің тыныс-тіршілігін бейнелейтін 40-тан астам дүние қойылған. Мұнда шын өнердің құдіреттілігін түсінген жұртшылықтың қарасы қалың болды. Олардың барлығы да кейіпкердің туындыларын көруге құштар.
– Бүгінгі көрменің ашылуымен шын жүректен құттықтаймын. Көп жылдан бері Андрейдің ерінбей ерекше дүниелерді суретке түсіріп жүретінін білеміз. Өз басым оның шеберлігін жоғары бағалаймын. Біздің мұнай компаниямыз, әріптестері қолдау көрсетіп, шығармашылық кешін өткізуге атсалысуда. Оның атасы мен ағасының да осы саланың хас шеберлері екенін айта кету қажет. Андрей де қанына сіңген қасиеттен аттап кетпей, кенжелеп қалған өнердің шоқтығын биік көтеріп жүр. Қазіргі кезде ол елге танымал фотосуретшілердің бірі, – деді Б.Көшербаев.
Кеш иесінің бұл өнерге деген құштарлығы 10 жасында оянған. Оған туған күніне ағасы сыйлаған фотокамера себепші болса керек. Сөйтіп, балалық шағында бастаған ісін бүгінге дейін жалғастыруда. Соңғы жылдары тек тылсым табиғаттың құпиясына бойлап, әр мезгілдің сырына қанығып, қас қағым сәттерді тарихқа айналдырып жүр.
– Әрбір азамат туған жерінің түлегенін қалайды. Оның өткені мен бүгінін саралайды. Байқай білген кісіге дарияның жағасындағы Қызылорданың келбетінде ерекше сұлулық бар. Сіздерге ұсынған таңдаулы туындыларым Сырдың сиқырлы саздарына елітіп қана қоймай, фотосурет өнерінің өзіндік тылсым құдіретіне бойлауға мүмкіндік береді деп үміттенемін. Маған туған топырақтың табиғатын таспаға түсіру ләззат сыйлайды. Менің кіндігім кесілген киелі жерге деген құрметім осы шығар. Сондықтан да бұл фотокөрмем «Туған жерге тағзым» республикалық акциясы аясында қолға алынды. Ол мәйекті мәдениетіміздің одан әрі өркендеп, өсе түсуіне қосар үлесім деп білемін. Өз басым қызылордалық екендігімді әр кез мақтан тұтамын. Өйткені, ерекшелігімен күллі әлемге кеңінен танылған киелі Сыр топырағында дүниеге келдім, өсіп-жетілдім. Несібемді осында теріп жүрмін, – деді фотосуретші.
Қайталанбас дүниені қарбалас сәтте қалт жібермеудің өзі асқан шеберлік. Оның ішінде Табиғат-ананың ғажап көрінісін қаз-қалпында ұсыну кез келгеннің қолынан келмейді. Мәселен, асқар таулардың биіктігін аласартпай, дархан даланың кеңдігін дәріптеу әрбір шығармашылық иесінің қиялына байланысты.
Қашанда өнер атты құдірет халықтың ұлылығын ұқтыруға қызмет етеді. Ал, сурет арқылы айналадағы әсемдікті көріп, оны сезіне аламыз. Көрмедегі туындыларды тамашалап табиғаттың тылсым құдіретін сезінгендей болдық. Сондай-ақ, Тәуелсіздігіміздің тұғыры асқақтап, дүние-жүзілік беделі жоғары деңгейде тұрған заманның куәгерлері екенімізге суреттерге қарап көз жеткіздік.
Ақмарал ОЛЖАБАЕВА.