КӨҢІЛ КӨКЖИЕГІНДЕГІ КӨРКЕМ ӨНЕР
Талантты қыл қалам шеберлерінің қабырғаға ілінген сан түрлі туындылары еріксіз көз тоқтатады. Бейне бір қызылды-жасылды көркем әлемге еніп кеткендей әсерде боласың. Бір суретте кесек тұлғалы батырдың сом келбеті мен өткір жүзі шынайы суреттелсе, бірінде қазағымыздың кеңпейіліндей туған өлкенің дарқан даласы, ал келесісінде топтасқан үйір жылқының шауып келе жатқан екпіні тура бір сені таптап өтердей өте шебер бейнеленген. Міз бақпас мүлгіген қабырғалардың бәріне жан біткендей қаз-қатар орналасқан туындылардың әрқайсысы бір-бір ойды паш етіп тұр. Қаладағы көркемсурет галереясына жол түсіп бара қалсаңыз, дәл осындай күй кешуіңіз бек мүмкін.
Алғашқы сурет екіншісіне ұқсамайтын бір-бір әлем дерсің. Ондағы әрбір бояу реңктері, әрбір сызылған сызық, тіпті әрбір нүктенің өзіндік орны бар секілді. Бірін-бірі толықтырып, әсемдік атаулыға жұмыла үлес қосып тұрғандай. Тек тілі жоқ демесеңіз, парасат-пайыммен қараған көзге ондағы суреттердің бәрі тұнып тұрған тарихтай құнды, бағалы. Қаншама еңбек, қаншама төзім, қаншама талант жатыр десеңізші. Мұнда келген бір сәтіңнің өзі тұтас ғұмырыңа жететіндей рухани азық. Көріп, біліп, көңілге түйіп қайтасың.
Өнер жанашырларына есігін ашқанына көп бола қоймаса да, бұл шаңырақ бүгінде рухани жәдігерлер мен дарын иелері жиі бас қосатын мәдени мекенге айналып үлгерді. Жан сарайыңызды ашып, өнердің қайнар бұлағымен сусындағыңыз келсе, дереу осында ат басын бұрғаныңыз жөн. Лезде жан құмарыңыз қанып, өнер атаулыға құштарлығыңыз одан сайын еселене түсері сөзсіз. Өнер осынысымен де құдіретті, осынысымен де қадірлі.Айта кетейік, бұл нысан жергілікті қылқалам шеберлерінің таңғажайып туындыларын Сыр жұртшылығына насихаттау, ұлттық өнердің дамуына үлес қосу мақсатында облыс әкімінің тікелей қолдауымен 2014 жылы ашылған еді. Өңірдің тарихи ескерткіштер тізіміне енген бұрынғы әскери комиссариат ғимаратына күрделі жөндеу жүргізіліп, облыстық музейдің бір бөлімі негізінде көркемсурет галереясы өз жұмысын бастаған еді. Нысанның бірінші қабатына толық галерея орналасса, екінші қабаттан суретшілердің шығармашылықпен айналысуына арналған алты шеберхана жасақталған. Ал, галереяның жалпы көлемі 350 шаршы метрді құрайды. Оған лайықтандырылып 3 зал жұмыс жасайды. Қазіргі таңда оның қорында 400-ге жуық туынды бар. Онда елімізге әйгілі суретшілер Ә. Қастеев, Г. Хлудов, Г. Исмаилова, А. Ғалымбаева, С. Сенчихин, Қ. Мамақов, Қ. Қожықов және Қазақстан бейнелеу өнеріне зор үлес қосқан, Қазақстан суретшілер Одағының мүшелігіне енген жергілікті қылқалам шеберлерінің қолынан шыққан дүниелер бар. Сонымен қатар, галерея жанынан қатысушылардың көркемдік талғамын арттыратын, баланың өз ойын еркін бере алатын, эмоциялық-сезімдік әлемін дамытатын арнайы студия бөлімі өз жұмысын бастады. Адамның шығармашылық көкжиегін кеңейтетін нысан бүгінде келушілерге жеке және топтық өнер көрмелерін өткізу, живопись, мүсін мен графика туындыларын жарнамалау, қолданбалы өнер туындылары, бейнелеу өнері бойынша шеберлік сағатын ұйымдастыру сынды сапалы қызмет түрлерін ұсынып келеді. Өлкеміздегі қылқалам ұшына жан бітірген көптеген хас шеберлердің қайталанбас туындыларын дәріптеу, насихаттау мақсатында мұнда өңірімізге танымал суретшілердің туындыларынан көрмелер, семинарлар, байқаулар, мерекелік шаралар жиі ұйымдастырылып, көпшілік жүрегіне жол тартуда. Қазақстан Республикасының суретшілер одағының мүшесі, көркемсурет галереясының меңгерушісі Гүлнара Рамазанованың айтуынша, рухани-мәдени шаңырақтың іші қызығушылық танытып келушілерден бір сәтке болса да арылмаған. Тек облыстық шеңберде ғана емес, республикалық деңгейдегі шаралар мұнда жиі қолға алынып, жан баласын әсемдік дүниесіне баулуға ықпал етіп отыр. Мәселен, биылғы жылы өткен «Жайнай бер, Қызылорда!» атты республикалық суретшілер симпозиумынан алған әсерлерін көпшілік әлі де ұмыта қойған жоқ. Кең ауқымдағы шараға Астана, Алматы, Ақтөбе, Тараз, Шымкент, Қызылорда, Павлодар, Петропавл, Қарағанды, Өскемен қалаларынан бір топ өнер иелері келіп, бейнелеу өнерінің түрлі жанры бойынша салынған жаңа туындыларымен бөлісті. Олардың қатарында Қазақстан Республикасының Суретшілер одағының мүшелері, Ғани Баянов, Өмірбек Жұбаниязов, Мәлік Хайдаров, Бақытнұр Бүрдесбеков сынды елімізге танымал қылқалам шеберлері бар. Мемлекеттің түкпір-түкпірінен келген суретшілер Ұлы даланың қанық бояуларын танытып, Сырдың көрікті келбетін ашып, қазақ халқының өрлігін сездіре білді. Өнер тұлғаларының өзара мәдени байланыс жасауы, суретшілердің шеберліктерін шыңдауы және тәжірибе алмасуға бағытталған бұл симпозиум суретшілердің шабыт биігіне айналғаны сөзсіз. Сондай-ақ, «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында аймақ суретшілері «Туған жер бояулары» атты қызығушылығы жоғары жастарға сурет салудан шеберлік сағатын өткізді. Иссауи Ағытаев, Аманкелді Кененбаев, Әбілда Абызбековтер сынды аталмыш өнердің майталмандары өз ізбасарларына оның қыр-сырын меңгертіп, туындыларын музей қорына сыйға тартуға мұрындық болды. Нәтижесінде биыл галерея қоры 100-ден астам туындымен толықты. Осы және өзге де «Әппақ қар», «Дала симфониясы», «Ертегі кейіпкерлерін саламыз», «Сырдың сырлы суретшілері», «Қазақстан – Ұлы дала елі», «Ұлттық музей сенің қалаңда» атты суретшілер мен балалар арасындағы байқаулар, жылжымалы көрмелер, жеке шығармашылық жиындар жиі ұйымдастырылып келеді. Бастысы, халықтың сырлы өнерге деген қызығушылығы ерекше екендігі қуантады. Рухани байлық пен өнегелі өнердің қайнаған ордасына айналған бұл шаңырақ алдағы уақытта да тағылымды әрі тәлімді мол дүниелердің жүзеге асуына ықпал ететіні анық.
Бағлан ТІЛЕУБЕРГЕНОВА.