ТАБИҒАТ ТАМЫРШЫСЫНА АЙНАЛҒАН ТАЛАНТ
Ә.Тәжібаев атындағы облыстық ғылыми кітапханасында «Парасат» орденінің иегері Сайлаубай Жұбатыровтың 70 жылдық мерейтойына арналған «Тағдырым теңізбен тағдырлас» атты кездесу кеші өтті. Оған облыс әкімінің орынбасары Руслан Рүстемов қатысты.
Сонымен қатар, тағылымды шараға Қазақстан жазушылар одағының мүшелері Махмұтбай Әміреұлы, Айжарық Сәдібекұлы, Н.Бекежанов атындағы облыстық драма театрының көркемдік жетекшісі Хұсейін Әмір-Темір мен ғалымдар қатысып, мерейтой иесінің шығармашылығы мен өнегелі өмірін сөз етті. – Сайлаубай Жұбатыров – Арал мәселесіне шығармашылық тұрғыдан келген бірден-бір тұлға. Бүгін бәріміз ағамыздың мерейлі жетпіс жасқа толуына орай бас қосып отырмыз. Бұл шараны облыстық деңгейде, ақынның туған жері – Арал ауданында кең көлемде аталып өту жоспарланған. Ал, кітапхана ұжымы алғаш болып бастама көтеріп, жылдың рухани пердесін осындай тағылымды шарамен ашып отыр. Бұған біз руханият жанашырлары ретінде қуаныштымыз, – деген облыс әкімінің орынбасары жазушы-экологтың шығармашылығы жайлы әңгімеледі. Сондай-ақ, ол облыс әкімінің жылы лебізін жеткізіп, арнайы құттықтау хатын табыс етті. Арал мәселесімен қатар жеке шығармашылығын да қатар алып жүрген қарымды қаламгердің бұған дейін «Отты өткел», «Бумеранг», «Жасыл сағым», «Алыстағы аралдар», «Зеленый мираж» бен өзге де әңгіме-новеллалары жарық көрді. «Алақандағы ұя» әңгімесінің өзі әлем халықтарының бес тілінде жарияланды. Тіпті, «Қазақфильм» саласының да дамуына үлес қосып, елуге тарта шетел көркем фильмін тәржімалады. Келелі басқосу барысында жазушының өмірі мен шығармашылығы жайында бейнеролик көрсетіліп, «Абыржы» трилогиясының толықтырылған жаңа нұсқасы таныстырылды. Сондай-ақ, «Табиғат тамыршысына айналған талант» атты кітап көрмесі көрермен назарына ұсынылды.
Бағлан ТІЛЕУБЕРГЕНОВА.