Төреғали Төреәлі: Ұлым 7 айлық нәресте болып туылды
“Ұлым мен келіншегім перзентханада біраз уақыт болды. Себебі, батырымыз жеті айлық дүниеге келді. Сондықтан, салмақ жинап, өздеріне келіп алуларына уақыт қажет болды”, -деп бір сырдың шетін шығарды Төреғали.
Үш қыздан кейін өмірге келген ізбасарының салмағы мен бойын жұлдызды әке білмейді. Алайда, үлкен жауапкершілік сезініп жүргенін жасырмады. “Тәтті қыздардан кейін ұлды болу қуаныш қой. Шынымды айтсам, әлі толқып жүрмін. Төренұр деген есімді әкем қойды. Әулетіміздегі ұлдардың есімі Төреден басталады. Сол үрдісті жалғастыруды жөн санады. Шынымды айтсам, менің балам емес, әке-шешемнің меншіктері ғой”, -деді ұлы дала баласы. Ал, ұлының болашақта әке ізін жалғауына әулеттің үлкендері қарсы емес. “Мен қыздарымды өнерге бермеймін. Үзілді-кесілді қарсымын. Қыз бала ол бір әулеттің ұйытқысы болу керек. Ал, ұлымның дарыны мен талабы болса қолдаймын”, - деп ағынан жарылды әнші. Оған қоса, перзентіне кіндік әке-шеше таңдау жүгін Төреғали өз ата-анасына тапсырған. Алайда, ақжаулықты ана әзірге мұндай жауапкершілікке кім лайықты екенін ойланып жүр екен. ”Әзірге өкіл әке-шешесін таңдамадық. Қазір бастысы балаларымызды аман есен үйге шығарып, күш жинап алу керек. Ал, басқа ырымдарымызды қырқынан шығарғаннан кейін де жасап үлгереміз” , - деді ол.
Дереккөз: qaz.stars