Құрбан айт қуанышқа жетелейді
Күллі мұсылмандар кең көлемде атап өтетін мейрамның бірі – құрбан айт. Бұл күні барша адамзат баласы намаз оқып, Аллаға құлшы
лық етіп, дұға-тілек тілейді. Елдің бірлігін нығайтып, қайырымды істерге бастайтын айтулы күннің орны бөлек. Ендеше, алда келе жатқан Құрбан айт мейрамының мән-маңыздылығы жөнінде Қызылорда қалалық «Сұлтан» мешітінің бас имамы Қайырбек Отызбаевпен аз-кем сұхбаттасудың сәті түсті.
лық етіп, дұға-тілек тілейді. Елдің бірлігін нығайтып, қайырымды істерге бастайтын айтулы күннің орны бөлек. Ендеше, алда келе жатқан Құрбан айт мейрамының мән-маңыздылығы жөнінде Қызылорда қалалық «Сұлтан» мешітінің бас имамы Қайырбек Отызбаевпен аз-кем сұхбаттасудың сәті түсті.
– Құрбан айттың тарихына тоқталып өтсеңіз? Қай уақыттан бері тойланып келеді?
Құрбан шалу Ибраһим Пайғамбардан келе жатқан сүннет жолы. Ол өте мейірімді, тым жұмсақ жан болатын. Ол Алла Тағаладан өзінен кейін халықты тура жолға бастайтын ұл сұрап, көп жыл бойы Жаратқанға жалбарынады. Бұл тілегі әбден қартайып, ұрпақ сүюден үміті үзілген уақытта қабыл болады. Дүниеге Исмайыл атты Пайғамбар келеді. Ибраһим баласын жақсы көретін. Бір күні Ибраһим пайғамбар түс көреді. Онда Алла Тағала былай деп аян береді: «Әй, Ибраһим! Балаңды өз қолыңмен бауызда, оны құрбандыққа шал!», – деді. Бұл оған ауыр сынақ болды. Ибраһим Пайғамбар баласына келіп: «Балам! – Алла Тағала түсімде аян беріп, сені құрбандыққа шалуға әмір етті. Бұған сен разысың ба?» – деген сауалға баласы: «Әке, Алла Тағаланың әмірін орындаңыз. Мен сабырлы боламын», – деді.
Ибраһим баласының екі қолын мықтап байлап, оны жерге жатқызып, қолындағы пышағымен тартып жібереді. Бірақ пышағы өткен жоқ. Бірнеше рет қайталаса да болмай қойды. Сол кезде Алла Тағаладан тағы да аян келеді: «Әй, Ибраһим сен көрген түсіңе адалдық таныттың. Міндетіңді мүлтіксіз орындадың. Исмайылдың орнына құрбандық ретінде шаларсың деп көктен қошқар түсірдім. Біз адал құлдарды осылайша марапаттаймыз!, – депті.
Міне, осылай Исмайылдың орнына құрбандыққа шалуға Алла Тағала көктен қошқар түсірді. Бұл қой Исмайылдың орнына шалынған құрбандық еді. Осылайша әкелі-балалы қос пайғамбар адамзат тарихында ұлы сынақтан өтіп, құрбан шалу сынды ұлы ғибадаттың ізін салды. Содан бері мұсылмандар осы уақиғаны атап өтіп, Алла разылығы үшін құрбандық шалатын болған. Әрі құрбан айт мейрамы күллі мұсылманның қуанышты күндеріне айналды. Ардақты Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Құрбан шалыңдар! Өйткені ол Ибраһим әкелеріңнің сүннеті», – деп айтқан екен.
– Жылдың қадірлі күні құрбан айтта қандай амалдар жасалады?
– Айт сөзі – «мерекелеу», «бір-бірін мерекемен құттықтау» деген мағынаны қамтиды. Айт мейрамы намаз оқумен басталады. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) өсиетінде: «Айт күні бірінші орындайтын амалдың бірі – намаз оқу, қайтып келіп құрбанымызды шалу», – делінген. Бұл күні ертемен ғұсылданып, дәрет алып, әдемі киімдер киіп, ертемен айт намазына бару керек. Айт намазын оқып, бір-бірімізді мерекемен құттықтау – бауырмалдыққа жетелейді. Шамасы жеткен жан құрбан шалып, Аллаға жақсы амалымен жақындайды. Айт мейрамында ата-ананың, науқастың, туған-туыстың хал-жағдайын сұрап, оларға айттап бару да – сауапты іс.
– Құрбан айттың алдында келетін «Арапа» күнінің маңыздылығы қандай?
– Арапа күнінің уақыты – мұсылман күнтізбесі бойынша зүлхиджа айының тоғызы. Яғни құрбан айттан бір күн бұрынғы күнді «Арапа» күні деп атайды. Бұл күннің «арапа» аталуының себебі бар. Зүлхиджа айының сегізі күні Ибраһим пайғамбар түсінде құрбандыққа баласын Исмайылды шалу жайында түс көреді. Алғашқыда көрген түсін «жәй түс пе, әлде аян ба» деп ойлайды. Ибраһим пайғамбар ертесіне тағы көреді. Осыдан кейін оның Алладан келген аян екенін біледі. Сол себепті бұл күнді «арапа» деп атап кеткен. Бұл күні қажылық етушілер Мекке жанында Арафат тауында болып, құлшылық жасайды. Қажылыққа бара алмаған кісілер арапа күні ораза ұстап, нәпіл намаздар оқып, Алладан дұға тілеуі қайырлы амалдың бірі болып табылады.
– Құрбан шалудың арнайы уақыты бар ма?
– Әрине, уақыты бар. Құрбан айттың бірінші күні айт намазынан кейін басталып, айттың үшінші күні ақшамға аз уақыт қалғанға дейін жалғасады. Шариғи себепке байланысты, яғни сырқаттанып қалу сынды себеппен құрбан айт намазына бара алмай, айт намазын оқымаған кісі намаз оқып болатындай уақыт өткеннен кейін құрбанын шала беруіне болады. Ал айт намазынан бұрын шалынған мал құрбандық болып есептелмейді. Себебі, ардақты Пайғамбарымыз: «Кімде-кім намаздан бұрын құрбанын шалса, қайтадан шалсын», – деп ескерткен.
– Құрбандыққа шалынатын малдардың ерекшелігін атап өтсеңіз? Бірігіп құрбан шалуға бола ма?
– Қой мен ешкі, сиыр, бұқа, ірі қара, бес жасқа толған түйе құрбандыққа шалына береді. Аталған төрт түліктің дені толықтай сау болуы қажет. Малды бірігіп шалуға болады. Бірақ аражігін ажырата білген жөн. Әрбір адам бір қой немесе ешкіні құрбандыққа өз атынан шала алады. Яғни, мұндай уақ малдарды бірігіп шалуға рұқсат етілмеген. Ал ірі қара малды немесе түйені бір адамнан бастап, жеті адамға дейін шала алады. Тек бірігіп шалушылардың жетеуі бірдей ниет етуі керек. Сонда ғана қабыл болады, – деген құрбан қағидаттарында.
– Әңгімеңізге үлкен рахмет. Елімізге Алланың рахымы жаусын!
Сұқбаттасқан Айнұр ТӨРЕМҰРАТОВА