Жасұлан ЖАРАСБАЕВ, қалалық мәслихаттың депутаты: Студент пен депутат үшін сессиядан қиын сынақ жоқ
Халық пен билік арасын жалғап, күрмеулі мәселелердің шешілуіне мұрындық болып жүрген қалалық мәслихаты облыстағы беделді депутаттық корпус болып табылады. Бүгінде онда 17 депутат тұрғындар аманатын арқалап жүр.
Әрине, депутаттың да депутаты бар. Бұл қызметтің жауапкершілігін ұғынған жан халық қалаулысы атану тек төсбелгіні кеудеге тағып, сессия жиынына қатысу ғана емес, қайнаған тіршілік пен қарбаласты байқар еді. Осы орайда депутат пен халық арасын етене байланыстыру, олардың атқарып жатқан байыпты бастамаларын елге насихаттау үшін газетімізде «Сіз не істеп жүрсіз?» атты тұрақты айдар көпшілік назарына жол тартып жүр. Мұны біздің тұрақты оқырмандарымыз жақсы біледі. Ендеше, аталмыш айдардың кезекті қонағы «Қызылорда Көркем және К» ЖШС директоры, № 16 «Сәулет» сайлау округінің депутаты Жасұлан Жарасбаевпен өткен сұхбатты назарларыңызға ұсынып отырмыз.
– Әуел баста осы сұхбатты ұйымдастыру жөніндегі ұсынысымызды жауапсыз қалдырдыңыз. Бұл ақпараттық ашықтығыңыздың болмауы ма, әлде, халық пен билік арасында алтын көпір орнатып жүрген қарбалас тірлікке толы депутаттық қызметіңіздің бір көрінісі деп түсінеміз бе?
– Алаш қайраткері Ахмет Байтұрсынов «Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі» деп атап өткендей, бұқаралық ақпарат құралдарының қоғамдағы орны ерекше екенін жақсы білеміз. Шаһардағы атқарылып жатқан шараларды насихаттауда сіздердің еңбектеріңіз бір төбе. Бірақ, өз басым жариялылықты, ашықтықты аса қаламаймын. Жасалып жатқан жағымды дүниелерді халық онсыз да жақсы біледі, күн сайын өздері де куә болып жүр. Сондықтан, тау қопарғандай газет бетіне шығуды аса құптай қоймағаным рас. Кешіктіріп, уақыт оздырып алсам, кешірім өтінемін.
– Халыққа әр жерде жақсылық шарапатын жасап жүргенмен, жоғының бәрін түгендеуіңіз мүмкін емес. Сіз депутат болғалы округіңізде қандай проблемалар шешімін тапты?
– Мен сайланған №16 «Сәулет» сайлау округіне қаланың Сәулет, Саяхат мөлтек аудандары кіреді. Бұл аумақтардың өзекті мәселелері маған етене таныс. Тұрғындар тарапынан ең көп көтерілетін мәселе – көшелерді асфальттау. Тұрғындардың басым бөлігі инженерлік инфрақұрылым жүйесі жүргізілмей тұрып алынған жер учаскелеріне үй салып алған. Көп жылдан бері жол зардабын шегіп келген халықтың мұң-мұқтажын қала әкіміне жеткізіп, бюджет мүмкіндігіне қарай кезең-кезеңімен шешуге уәде еттік. Нәтижесінде Сәулет мөлтек ауданында 30 көшеге асфальт төселсе, биылғы жылы да 23 көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Сайлау округіме қарасты бірқатар негізгі көшелерге, атап айтқанда – С.Бейбарыс, Жеңіс, Е.Көшербаев, М.Исаев, А.Иманов көшелеріне жаяу жүргінші жолдары салынуда. Сонымен қатар, Саяхат мөлтек ауданында 30 көшеге малта тас төселсе, биыл 42 көшеге тас төселіп жатыр. Оның ішінде депутаттық ұсынысыммен №3, 5, 6, 10, 11, 11А, 12, 13, 14, 15 көшелері енгізілді.
– Сайланып алып, сайлаушыларын сол күйі танымай кететін депутаттар бар. Сіз халқыңызбен қаншалықты жақынсыз?
– Депутат – халықтың биліктегі сенімді өкілі. Ел басқарудың өкілді органына сайлана отырып, депутаттар өздеріне артылған сенім жүгінің зор екендігін әрдайым естен шығармайды. Бүгінде біз халықтың игілігі жолында биліктің өзге буындарымен ынтымақтастықта, бүтін бір құрылым ретінде халыққа қызмет етіп келеміз. Бұл ретте мәслихат одан әрі шыңдалуыма және халықпен етене жұмыс жасаудағы тәжірибемнің артуына үлес қосты деп айта аламын. Қазіргі уақытта халықтың талап-тілегі қаншалықты өзгерсе, депутаттардың жауапкершілік жүгі соншалықты артты. Сондықтан, өз округымның тұрғындарымен кездесіп, толғандырып жүрген мәселелерінің шешімін табуға барынша атсалысып жүрмін. Сайлаушы мен депутат арасындағы байланыс қоғамдық қабылдаулар арқылы орнайтындығы белгілі. Дегенмен, еліміздегі пандемиялық ахуалға орай енгізілген карантиндік шектеулерге сәйкес қазіргі уақытта сайлаушылар көбінесе әлеуметтік желілер арқылы мәселелерін көтеріп отырады, алғыстарын жеткізіп тұрады. Қысылтаяң шақта біздің байланыс үзіліп қалған жоқ. Керісінше, осындайда бірлігіміздің арта түскенін аңғардық.
– Өз сайлау окургіңіз бойынша дәл қазіргі уақытта күйіп тұрған қандай мәселелерді атай аласыз?
– Жоғарыда айта өткенімдей, сайлау округіндегі басты проблема – жол. Бұл мәселе қазіргі уақытта шешімін табуда. Өздеріңіз білесіздер, жыл өткен сайын Сәулет, Саяхат мөлтек аудандары тұрғындарының саны да артып, мектепке деген сұраныс көбейді. Осыған байланысты құзырлы органдарға бірнеше жыл қатарынан ұсыныс беріліп келе жатқан болатын. Биылғы жылы Саяхат мөлтек ауданында жеке кәсіпкерлерді тарту арқылы 600 орындық мектеп құрылысы басталды. Сонымен қатар, қала тұрғындарына жақсы таныс – Сәулет, Саяхат мөлтек аудандарында пайда болған сасық көлшіктердің жағымсыз иісінен жүріп-тұру мүмкін болмай қалған еді. Тіпті, қоқыс алаңына айналып, түрлі инфекциялық аурулардың таралуына себеп болды. Бұл мәселе де өз шешімін тауып, қала әкімінің қолдауымен аталған аумақтардағы көлшіктер көмілді.
– Студент пен депутат үшін сессиядан қиын сынақ жоқ. Сіз үшін қай сессия жұмысы өзінің қиындығымен есте қалды? Халық қалаулылары қандай мәселелерді шешуде ұзақ талқылауға барады?
– Өкілеттік мерзімде депутаттық корпус тиісті салалар бойынша ең маңызды мәселелерді зерделеп, сессия қарауына шығарып, оның орындалу барысын бақылауда ұстадық. Осы орайда депутаттар тарапынан көтерілген кез келген мәселеге жауапкершілікпен қарап, шешімін табуға ықпал жасаған қала басшылығына ерекше алғыс білдіргім келеді. Жалпы, қала бюджетін бекіту мен нақтылау қызу талқыланады. Себебі, әрбір депутат сайлаушылар аманат еткен мәселелердің бюджетке енуіне бар күш-жігерін салуға тырысады. Ол орынды да. Дегенмен, барлығын бір мезетте шешу мүмкін емес. Бірақ, мәселелердің ұзақ және қысқа мерзімге бағытталған жоспарларға енгізілуіне барынша күш саламыз. Бүгінгі күнге дейін сессиялар мен тұрақты комиссия отырыстары халықтың күнделікті тұрмыс-тіршілігіндегі маңызды мәселелерінің шешімін табуына тамшыдай болса да үлес қосылды деп ойлаймын.
– Елдегі пандемия кезінде көптеген атымтай жомарт жандар қайырымдылық істің басы-қасында жүрді. “Бар болсаң, бергеніңді айтпа, ер болсаң, жеңгеніңді айтпа” деген бар. Десе де, игі істен халық хабардар болуы керек деп ойлаймын. Бұл орайда сіздің тарапыңыздан қандай шаралар атқарылды?
– Бұл сынақ тұтас еліміз үшін оңайға соқпады. Халқымыз бұған дейін бастан өткерген талай зұлматқа төтеп берсе, бұл ауыртпалықты жеңуде де жігерлілік танытты. Әрине, бұл біздің ауызбіршілігіміздің, тату тірлігіміздің арқасы. Осындай халықтың басына түскен қиын-қыстау кезеңде кәсіпкерлер, қоғам белсенділерімен қатар, халық қалаулылары да үнсіз қалмады. Жең ұшынан қол жалғады. Емдеу мекемелері мен науқас азаматтарға қажетті оттегі конденсаторлары, азық-түлік және басқалай көмек түрінде 17 млн. теңге көлемінде қолдау көрсетілді. Үстіміздегі жылдың 10 шілдесінен бастап бір ай көлемінде облыстық жұқпалы аурулар ауруханасының оқшауландырылған 100-ден астам дәрігер мамандарын күнделікті 4 мезгіл арнайы автобуспен тасымалдауға және осы ауруханаға оттегі баллондарын жеткізуге демеушілік жасады. Осындай шарапатты іске аз да болса үлес қосқаныма қуанамын.
– Сіз басшылық жасайтын «Қызылорда Көркем және К» ЖШС 20 жылдан астам уақыт шаһар шырайын көркемдеумен айналысып келеді. Қаланың көркею жолында елеулі үлес қосып келе жатқан серіктестік жайында айта өтсеңіз...
– Мектеп кезінен графикаға, дизайн саласына қатты қызығып өстім. Осы бала арманым мені Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ Ұлттық университетінің құрылысшы мамандығына алып келді. Жалпы, біздің буынның өсіп-жетілуі Астана қаласының жасампаз құрылысымен, әлемдік архитектурада өзіндік стиль, өзіндік қолтаңбасы бар ғимараттардың бой көтеруімен тұспа-тұс келді. Бұл – біздің рухымызды көтерді, максимализмге толы асқақ арманымызға қанат бітірді. Жоғары оқу орнын бітірместен бұрын, мен келешекте немен айналысатынымды алдын ала жоспарладым. Осылайша, 2009 жылы «Қызылорда Көркем» мекемесі құрылып, өзім осы мекемеге жетекшілік еттім. Бүгінде ұжымда 57 адам тұрақты жұмыс жасайды. Бірінші кезекте әрбір жұмысшының әлеуметтік жағдайын жақсартуға, еңбек ақысының уақытылы төленуіне баса мән береміз. Біздің ұжымда қалыптасқан жақсы дәстүр бар. Тәжірибелі мамандар жаңадан қабылданған қызметкерлерге білгенімен бөлісіп, үйретеді. Яғни, жұмыскерлер арасында сабақтастық бар. Қазір қаланың әрбір бұрышында, даңғылдарда тұрған келісті дүниелердің барлығы өзіміздің мамандардың идеясынан туындаған. Әзірге маман тапшылығы жоқ. Өзіңіз де қала тұрғыны ретінде соңғы жылдары қала келбетінің ерекше әсемделе түскенін байқаған боларсыз. Қызылорда қазақылықтың қаймағы бұзылмаған өңір болғандықтан сәулеттік формаларды жасағанда көбіне ұлттық құндылықтарға аса мән береміз. Әрбір тұрғын көше бойымен серуендегенде халқымыздың рухани байлығын бойына сіңіріп, жастарымыз жадына тоқып жүрсе екен деген ниет бар.
– Уақыт бөліп, әңгімелескеніңізге рақмет!
Сұхбаттасқан
Бағлан ТІЛЕУБЕРГЕНОВА