Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ақмешіт апталығы

Газет 1994 жылдан бастап шығады
» » Қалалық мәслихат депутаты Талғат МАҚАШОВ: "Елдің сенімі бәрінен биік"

Қалалық мәслихат депутаты Талғат МАҚАШОВ: "Елдің сенімі бәрінен биік"


Халық қалаулысы атанып, ел мен билік арасында алтын көпір атану – үлкен жауапкершілік жүктейтіні рас. Әрине, оның ішінде қалалық мәслихат депутаттарының маңызы жоғары. Жасыратыны жоқ, қарапайым тұрғындар арасында «Осы біздің депутаттар не істеп жүр?» деген сұрақ жиі қойылады. Осы сауалға жауап іздеу мақсатында «Сіз не істеп жүрсіз?» айдарының бүгінгі қонағы – облыстық филармония директоры, №6 «Мұнайшы» сайлау округінен сайланған депутат Талғат Мақашов.

– Сонымен алғашқы сауалымыз, дәл қазіргі уақытта сіз не істеп жүрсіз?
– Біріншіден, биыл біздің сайлау округі бойынша инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымдарды дамыту мақсатында қарқынды жұмыстар басталды. Осыған орай, құрылысы басталып жатқан көшелердің, жаяу жүргінші жолдарының сапасына, белгіленген уақытында атқарылуына бақылау жұмысын жүргізудемін.
Екіншіден, әлемді алаңдатып отырған COVID-19 пандемиясына байланысты облыста жарияланған карантин талаптарын халық арасында сақталуына да ден қойып отырамын. Қазіргі күні «Сақтансаң – сақтаймын» деген қағиданы үлкен де, кіші де бұлжытпай орындауы тиіс. Бұл – індетті жұқтырмаудың бірден-бір жолы. Сондықтан округ, шағын топтағы тұрғындармен кездесулерде осы талап жөнінде жиі әңгіме қозғаймын.
Үшіншіден, қалалық мәслихаттың алдағы сессиясында мүмкіндігі шектеулі жандарға кедергісіз орта қалыптастыру мәселесін қарау жоспарланған. Осы сессияда №6 «Мұнайшы» сайлау округіндегі мүмкіндігі шектеулі жандардың да әлеуметтік жағынан қорғалудан кем қалмауы және қажетті медициналық жәрдемді тұрақты алып отыруы жайлы өз ұсыныстарымды айтпақпын.
– Сізге сенген халықтың сенімі қаншалықты ақталды?
– Халықтың сенімін қаншалықты ақтағанымды мен өзім айта алмаймын, оны айтатын халықтың өзі. Осыдан төрт жыл бұрын мәслихат депутаттығына сайлауға түскенде маған № 6 «Мұнайшы» сайлау округінің халқы сеніп, дауыс берді. Мен басқарып отырған облыстық филармонияның да негізгі қызметі – халыққа мәдени қызмет көрсету болып табылады. Қалалық мәслихатқа депутат болып сайланғаннан кейін халықпен жұмыс істеу міндеті арта түсті. Азамат үшін елдің сенімінен артық ештеңе жоқ. Өзіме сенген халықтың сенімін ақтау үшін бар білімімді, жинаған өмірлік тәжірибемді қолданып келе жатырмын деп айта аламын.
Өзіме сенген халықтың ризалығын алу үшін әлі де көптеген шаруа жасауым керек. Өйткені қала іргесі жыл санап кеңейген сайын, шет аймақтың шешілетін мәселесі де өсе түседі. Мәселе тынбай еңбек еткен кезде ғана кезең-кезеңімен шешіліп отыратынын өзіңіз де жақсы білесіз.
– Сайлаушылардың мұң-мұқтажын билікке жеткізу әрбір депутаттың басты міндеті. Өзіңіз сайланған округтен қандай мәселені көтердіңіз?
– Сайлау округі тұрғындарын ай сайын жеке мәселелерімен қабылдаймын. Өз округімдегі сайлаушылар алдында есеп беру жиналысында және тұрғындармен кездесулерде шешімін таппай жатқан мәселелер жөнінде ұсыныстар мен өтініштер айтады. Шет аймақта болғандықтан тұрғындардың ұсыныстары инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымдарға қатысты. Осы мәселелердің ше¬шімін табуы үшін тиісті мемлекеттік органдарға депутаттық сауал жолдап отырамын.
Жергілікті тұрғындардың ұсыныстарына сәйкес және қала әкімінің қолдауымен қалалық бюджеттен 14,4 млн теңге қаржы бөлініп, ұзындығы 540 метр болатын «Ақмаржан-14» көшесіне, 7,2 млн теңге қаржыға 240 метрден асатын Есет батыр Көкіұлы көшесіне және ұзындығы 1050 метрлік Махамбетов (бұрынғы «Ақмаржан-35») көшесіне жаңадан асфальт жабындысы төселіп, тұрғындардың және автокөлік құралдарының қозғалысына қолайлы жағдай жасалынды. Бұған қоса, С. Торайғыров пен Достық көшелерінің бойында ағымдағы жол жөндеу жұ¬мыстары атқарылды. Сонымен қатар, Мұнайшы су қоймасынан Қорқыт ата көшесіне дейінгі ауыз су желілерін қайта жаңғыртуға 108 млн теңге қаржы бөлініп, оның 97 млн теңгесі игерілді, ұзындығы 4 шақырым ауыз су желісі тартылды. Бұл жұмысты атқару барысында мал базары аумағындағы Тәуелсіздіктің 20 жылдығы, П.Артемов, Достық, Ынтымақ көшелерінің бойларындағы 1 шақырымнан асатын су құбырлары кеңейтіліп әрі жаңартылды.
Осы бағытта биыл ауқымды жұмыстар бас¬талып кетті. Қазір М.Пірімбетов көшесін орташа жөндеуден өткізу, Жаппасбай батыр көшесіне жаяу жүргіншілер жолын салу жұмысы, 2 көшенің аяқ су жүйесін орнату басталды. Жалпы біздің сайлау округі бойынша 2020 жылы 17 көше орташа жөндеуден өткізілсе, 5 көшеге малта тас төселеді, 9 көшенің бойына жаяу жүргінші жолы салынып, 6 автобус аялдамасы орнатылады.
Өткен жылы 12 азамат жеке қабылдауда болып, өздерін толғандырып жүрген мәселелер бойынша өтініштерін білдірді. Бұл мәселелер Қызылорда қаласының әкімі мен оның орынбасарларына және тиісті қалалық бөлімдерге жолданып, өтініш егелеріне тиісті заң шеңберінде жауап қайтарылды.
2019 жылы округтің сайлаушыларымен көшелерде 11 рет шағын топтармен кездесу өткізілді. Осы кездесулерде тұрғындар өздері тұратын аймақтың инженерлік инфрақұрылымдарын дамытуға байланысты өтініш білдіріп, бұл жөнінде тиісті мекемелерге депутаттық сауал жолданып, көтерілген мәселе ретімен шешімін тапты.
Биылғы жылы да тұрғындардан түскен өтініштерге байланысты атқарушы органдар мен тиісті мекемелерге 6 рет депутаттық сауалдар жолданып, бірқатар мәселелер шешімін тапса, қалғандарының шешілу жолдары қарастырылуда.
– Сессия отырысына қаншалықты дайындалып барасыз?
– Әр жылдың соңында келесі жылы қалалық мәслихаттың сессиясында қаралатын мәселелер жоспарланады. Депутаттар да жыл көлеміндегі сессияның күн тәртібіне өз ұсыныстарын береді. Ал, кезекті немесе кезектен тыс сессияның болатындығы және оның күн тәртібі туралы «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Заңы талабына байланысты әр депутатқа 10 күн бұрын хабарланады.
Сессияның күн тәртібінде қаралатын мәселелерге байланысты әр депутат өз дайындығымен барады. Қаралатын мәселеге байланысты тиісті материалдарды жинақтап, мәселенің оңынан шешілуіне қатысты өз ұсыныс-пікірлерімді, ойымды айтып отырамын. Кейде тұрақты комиссия отырыстарында қызу пікірталас болып тұрады. Бір мәселе төңірегінде түрлі пікір айтылған жағдайда, дұрыс шешім қабылданады. Мәселен, өткен жылы 4 кезекті және 15 кезектен тыс сессия, 15 тұрақты комиссия отырыстары өткізіліп, сессия қарауындағы 51 мәселе бойынша тиісті шешім қабылданды.
– Депутат болған мәртебе ме, әлде ауыр жүк пе?
– Халыққа қызмет ету үшін даңқ пен мәртебе қуып жұмыс істеу қажет емес. Халық қызметшісі болу үшін аса биік лауазымның да қажеті шамалы. Бар болғаны халқыңа шын ықылас-ынтаңмен жұмыс істегенің жетеді. Біреуге жақсылық жасадым деп, мақтаншылық ету де азаматқа жарастықты мінез емес. Әрине, депутаттық міндет негізгі қызметтен тыс жұмыс болғандықтан, өзіндік қиындықтары да болады. Кездескен кедергілер мен қиындықтарды жеңіп отыру – бізге міндет. Осы жолда тұрғындардың сенімін ақтауды басты мақсат деп білемін.
– Халық қалаулысы ретінде көбінесе қарапайым тұрғындармен етене араласасыз. Олардың тұрмыс жағдайымен танысасыз. Осы орайда, қоғамдағы әлеуметтік жағдайға көңіліңіз тола ма?
– Әрине, бес саусақ бірдей емес. Халықтың арасында тұрмысы төмен отбасылар, асыраушысы жоқтар, жұмыссыздар, мүгедек жандар бар екені жасырын емес. Қоғамның осы тобына жататындарға атқарушы органдар мен мемлекеттік мекемелер тарапынан әлеуметтік қолдаулар қажет. Тіпті мемлекет тарапынан, қажет болған жағдайда демеушілер мен жекелеген, жанашыр азаматтардан да қолдау жасалынса артық болмайды.
– Жұмыстың ең ауыры – халықпен тіл табысып, жұмыс істеу. Уәдеде тұру сіз үшін қаншалықты маңызды?
– Жазушы, қоғам қайраткері Шерхан Мұртаза: «қолыңнан жақсылық істеу келсе – халыққа жаса, соның ішінде өзің де барсың» деген. Халықтың ішінде біте қайнасып жүрсең, неге тіл табыса алмау керек? Шерағаң халықтан ажырама дегенді меңзеп тұрған жоқ па? Ал уәде беру, оны орындау – аза¬маттық іс. Орындалмайтын уәде беріп, халықты алдауға болмайды. Бейуәдешіл болу – ең сүйкімсіз іс.
– «Өмір ұзақтығымен емес, мазмұнымен мәнді» дейді. Өмірді қалай бағалайсыз? Өзіңізді мақсатқа жеткен жанмын деп санайсыз ба?
– Менің түсінігімде бүгін «болдым, толдым» деген адам тоқырауға ұшырайды. Өйткені, заман бір орнында тұрмайды. Елбасымыз елімізді әлемнің дамыған елдері қатарына қосылуды алға мақсат етіп қойды. Осының өзі көп нәрседен хабар береді ғой. Ел дамымаса, оның халқының күйі не болмақ? Сол секілді әр адам өзінің алдына мақсат қоюы тиіс. Мақсатсыз адам болмақ емес. Менің де приципім осындай.
Сұрағыңыздағы «Өмір ұзақтығымен емес, мазмұнымен мәнді» дегеніңіз өте дұрыс сөз. Мазмұн, мағынасыз өмір сүру босқа өмір кешу дегенмен тең.
Әрине, қол жеткізген мақсаттарым да баршылық, ғұмыр болса, алға қойған міндеттерім де бар.
– Отбасында ер адамның жоғары тұратыны белгілі. Бала тәрбиесі – үлкен бір ғылым. Ұрпақ тәрбиелеуде қандай мәселеге мән берген жөн?
– Қазақта қашаннан да отбасының басшысы отағасы екені ежелден белгілі. Біздің әулетімізде де осы үрдіс қалыптасқан. Қазақтың салт-санасы, әдет-ғұрпы тәрбие жұмысында ұмыт қалмауы тиіс. Бала тәрбиесінде қазақи дәстүрге мән берген дұрыс деп есптеймін. Баланың бойында ұлттық менталитет қалыптасқаны жөн. Ұлы Абай «толық адам» туралы сұраққа жауап іздегенде: «Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста, Сонда толық боларсың елден бөлек» демей ме? Отбасындағы әр бала «толық адам» болуы керек. Мен өзім ата-ана ретінде де, педагог ретінде де осыған мән беремін.
– Абайдың қара сөзін оқымады дей алмаймын. Сол қара сөзден өзіңізге бағдар еткен бір жолын атасаңыз?
– Хакім Абайдың қара сөздері ұлы ақынның сөз өнеріндегі көркемдік қуатын, философиядағы даналық дүниетанымын даралап көрсететін классикалық стильде жазылған прозалық шығармасы ғой. Ақынның осындағы қайбір сөзі де адам өміріне қажетті екені белгілі.
Маған «...Тіл жүректің айтқанына көнсе, жалған шықпайды. Амалдың тілін алса, жүрек ұмыт қалады...» деген он төртінші қара сөздегі бір жолы ұнайды.
– Сұхбатыңызға рақмет.

Сұхбаттасқан Айтолқын АЙТЖАНОВА
16 маусым 2020 ж. 1 048 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (1693)

28 қараша 2020 ж.

№91 (1692)

24 қараша 2020 ж.

№90 (1691)

21 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 

Суреттер сөйлейдi

ТҮНГІ ҚЫЗЫЛОРДА
01 қараша 2017 ж. 14 415 0
  • Акимата Кызылординской области
  • Сайт президента
  • Нұрлы жол
  • Рухани Жаңғыру
  • Жаңғыру 30
  • Egov
  • Digital Kazakhstan
  • Нақты қадам