Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ақмешіт апталығы

Газет 1994 жылдан бастап шығады
» » Айдос РАХМЕТОВ, айтыскер ақын, жырау: ҚАНМЕН КЕЛГЕН ҚАСИЕТ ТАСАДА ҚАЛМАЙДЫ...

Айдос РАХМЕТОВ, айтыскер ақын, жырау: ҚАНМЕН КЕЛГЕН ҚАСИЕТ ТАСАДА ҚАЛМАЙДЫ...

  Сыр өңірі – қашаннан жыраулық өнер мен айтыстың алтын қазығы қағылып, тектілік туы тігілген мекен. Талай тума талант, суырып-салма ақындар дүниеге келген қасиетті топырақ. Кезінде мұнда жыраулық өнердің небір данагөй өкілдері өмір сүрді. Бір Қар-мақ¬шының өзінде жүз шайыр туылып, қара сөзбен құндақталып өсті. Бір қуантарлығы, кешегі өткен Тұр¬ма¬ғамбет пен Көшеней жыршылардың жалғап кеткен дәс¬түрлер арқауы әлі күнге дейін ұрпақтар сабақтастығында үзілмей келеді. Өткен мен бүгінді жалғап, оны жастар санасында жаңғыртып жүрген осындай өнер жанашырларының бірі, республикаға белгілі айтыскер ақын, жырау Айдос Рахметов. Асыл мұраны дәріптеген ағамызбен кең отырып әңгімелесіп, бабадан қалған текті өнер төңірегінде аз-кем ой бөліскен едік.
Саф өнерді бойға жиған тума таланттың бірісіз. Осы жолды бала күннен армандап ержеттіңіз бе?
– Мен дүниеге келген Жалағаш ауданы – Сыр сүлейлерінің үлкен бір шоғыры шыққан қасиетті жер. Сондағы Мәдениет ауылына қарасты Аққолқа елді мекенінде туылдым. Кішкентайымнан сол өнердің қайнаған ортасында өстік. Әкем – Сәндібек 40 жылдан аса қой баққан шопан болса да, өнерден құр алақан жан емес еді. Бізді тізесіне отырғызып алып, домбыра шертіп, жыр айтатыны әлі есімде. Әкемнің Қитарбек Рахметов деген аты алты Алашқа танымал жырау бауыры болды. Соның даусы жазылған үнтаспасын әкеліп, үнемі тыңдататын. Жиын-тойларға арнайы ертіп апарып, жыршы-термешілердің мақамын үйрететін. «Бес ғасыр жырлайды» деген кітапты жата-жастана оқып өстім. Нағашы жұртым да осы тектілікпен бұтағын кеңге жайған үлкен әулет еді. Кезінде, Нартай, Кенендермен айтысқан әйгілі ақын, жыршы Әбділда Жүргенбаевтың жиенімін. «Тау баласы тауға қарап өседі» демекші, осылайша қос әулеттен қанмен берілген қасиет менің де қолыма екі ішекті домбыра алғызып, осы жолға әкеліп қосты. Осындай жыр дарыған ортада өскен менің ойыма басқа маман иесі болу кіріп те шықпапты. Қанмен сіңген қасиет деп осыны айтса керек.
Кейін мектеп бітірген соң оқуға түсудің орайы түспей, ауылда 2-3 жыл жүріңкіреп қалдым. Трактор айдап жүрген кезім. Бір күні Өзбекстан жақтан сапарлап келе жатқан Алмас ағамыз ауылға жолай соққаны бар. Сонда алғаш рет даңғайыр жыраумен дастарқандас болып, алдында жыр айту бақыты бұйырды. Ауылдастардан қағаз бетін шимақтайтын қасиетімді де естісе керек. Мені қалаға оқуға шақырды. Сөйтіп, 1997 жылы Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің «музыка және ән салу» мамандығы бойынша оқуға түстім. Бұрын бала күнімде Алмас ағаларымыздың дауыстарын үнтаспалардан тыңдап отырып, сол кісілермен дәм-тұздас болуды, дәріс алуды армандаушы едік. Тіпті, Алмас Алматовпен үнемі ет жеп отыратын сәттерді түсімде жиі көруші едім. Қазір соны өнердегі әкеммен күліп еске алып отырамын.

– Өзіңіз айтқандай, осы өнермен кішкентайыңыздан біте қайнасып келесіз. Жыраулық дәстүрдің қазіргі қал-ахуалы жайлы не айтасыз? Көпшілік бұл өнердің насихаты аз деп жатады...
– Жыраулық дәстүрдің бүгінгі жағдайы мүшкіл деп мен тіпті де айтпас едім. Насихат жоқ деудің де реті жоқ. Мәселен, "Қазақстан-Қызылорда" телеарнасында «Сыр сүлейін сұрасаң» – көрерменге өте сәтті жол тартқан бағдарлама. Осы бағыттағы байқау-фестивальдер жиі ұйымдастырылып жүр. Одан кейін «Жыр керуені» деген бағдарлама әуелі тек телестудияның ішінде ғана жұртшылық назарына ұсынылса, кейіннен көрермендердің көптеп қызығушылық білдіруіне байланысты А.Тоқмағамбетов атындағы мәдениет үйінде, Н.Бекежанов атындағы облыстық драма театр сахналарында кең көлемде өткізіліп жүр. Мұнда дәстүрлі өнермен рухани сусындауға келген нағыз өнерсүйер қауым жиналады. Осы тұрғыда мен Жағыппар Қарабаланың Сыр өңірінің дәстүрлі өнеріне деген осындай жанашырлығын ерекше құрметтеймін. Бұл тек телеарна деңгейінде көрсетіліп жатқан насихат болса, облыс шеңберінде қолға алынып жатқан мәдени шаралар қаншама? Сондықтан, бұл текті өнердің құндылығы әлі де жойыла қойған жоқ, қу шөппен ауыз сүртерлік жағдайда емес деп мен толық айта аламын.
– Тыңдаушысы жоғалмайтын мәңгілік өнер дейсіз ғой...
– Әрине, тыңдарманы бар. Ұлан-ғайыр еліміздің қай түкпіріне барсақ та, халық тұра қарсы алып, қошеметтеп шығарып салып жатады. Мұның өзі өнерге, оны насихаттап жүрген жандарға берілген құрмет. Жыр айтсаң, әлі де таңды таңға ұрып тыңдайтын жандар бар. Хәкім Абай «Сөз түзелді, тыңдаушы сен де түзел» дейді. Расында, халық осындай жыр-термелерден тәлім-тәрбие алуы тиіс. Өнер ешқашан көрермен деңгейіне көшпеуі керек. Керісінше, оларды өнермен тәрбиелеп, дұрыс жолға түсуге, адамдық қасиет атаулыны бойға жиюға ықпал етуі қажет. Мәселен, Тұрмағамбет Ізтілеудің бір «Рауабануының» өзі қыз баласына тұнып тұрған тәрбие құралы.
– Бұл саланы одан әрі дамытуда қандай да бір кедергілер бар ма? Бұл мамандықтарға мемлекеттік гранттың бөліну жағы қалай?
– Жоқ, бәлендей тосқауыл бар дей алмаймын. Қайта ілгері жылжу бар. Мәселен, мен осы музыкалық колледжге келген жылдары екі-ақ студент ғана мемлекет гранты негізінде оқуға мүмкіндік алды. Одан кейінгі жылдары бұл көрсеткіш төртке, одан алтыға өсті. Жаман емес, жастарда қызығушылық жоғары. Оны жыл сайын келетін жанарында ұшқын бар талапкер жастардан айқын байқаймын. Бәрі үйренсем, білсем деп келеді.
– Жалпы, бұл саланы зерттеп, бір ізге түсірген фольклортанушы мен ғалымдардан кімдердің есімдерін атар едіңіз?
– Шүкір, бұл өнердің шығу тарихын қатпар-қатпарына дейін зерделеп-зерттеп, елеп-екшеп жүрген ғалымдар баршылық. Тіпті, олардың кейбіреулері жыраулы ауыл-аймаққа өздері арнайы барып, көз көрген қариялардың аузынан тікелей жазып алғандары да бар. Ал, мұндай деректер фольклор ғылымында өте құнды жәдігерлер болып табылады. Оның көш басында Мардан Байділдаев тұр. Ол көзі тірісінде Хиуа барып, құм кешіп, бүкіл жырау-жыршылардың мұраларын түгел жинап, бір жүйеге түсірген бірден-бір ақсақал. Шығармаларын жинақтап, Алматы қаласындағы ғылым академиясына апарып, суреттері, өмірбаяндарына дейін қағаз бетіне түсірді. Қанша еңбекпен олардың бәрін Қазақ-Кеңес энциклопедиясына енгізді. Кейін өмірден озар шағында жинаған мұраларының барлығын Алмас Алматовқа тапсырған. Тұрмағамбеттің шығармаларын жарыққа шығаруға ақтөбелік ғалым Бекарыстан Мырзабеков екеуіне аманаттаған. Өздеріңіз білесіздер, кейін ол «Шахнама» тақырыбында оқырман назарына ұсынылды. Сондай-ақ, жерлесіміз Берік Жүсіпов «Сыр сүлейін сұрасаң» атты жыр жинағын жарыққа шығарды. Рахманқұл Бердібаев ағамыз да осы бабадан қалған текті өнердің бір ізге түсуіне үлес қосты.
Енді әңгіме ауанын айтысқа қарай ойыстырсақ. Кішкентайыңыздан бұл өнерге де бір табан жақын өскеніңізді білеміз. Кейінгі уақытта өзіңізді сөз майданынан жиі көрмейтін болдық...
– Мен қазір бұл өнердің ізінде жүрген жан емеспін. Шақырып жатса, барамыз. Шақырмаса, домбырамды алып шаба берудің де реті жоқ сияқты. Айтыскерлік, ақындық өзі қанымда бар қасиет. Бұрын бала күнімізде де өлең шимақтайтын әдетіміз бар еді. Кейіннен шаршы топта талай дүлдүл, сөз мергендерімен айтысқа түстік. 1999 жылы «Студенттер көктемі» атты ақындар айтысына қатысып, бас жүлдені иелендім. 2007 жылы республикалық «Қазақстан» ұлттық телеарнасында тікелей эфирде «Аламан айтыс» тележобасына қатысып, есімімді үздік ақындар қатарына ендірді. Одан кейін де бірнеше мәрте айтысып жүрдім. Жақында Зейнолла Шүкіровтың 90 жылдығына арналған шарада айтыс десе делебесі қозатын ағайынның алдында бар өнерімізді көрсетіп, жүлделі оралған жайымыз бар. Негізі, ақын айтысқа бірдене арқалап қайтсам деп бармайды. Дүйім жұрттың алдында ақтарыла, ашыла жырлап қайтса, нағыз айтыскер үшін сол да үлкен бақыт.
– Қазіргі айтыскерлер халықтың көкейіндегісін қаншалықты дөп басып айта алып жүр?
«Айтыс та шоуға айналды» деп жүргендер бар. Осыған алып-қосарыңыз бар ма? – Бұрынғы Біржан мен Сара, Шөжелердің айтысын, беріректе Бекұзақ Тәңірбергеновтердің қайым айтысының арқауын біржола үзіп алдық деуден аулақпын. Бәрі де Тәңірдің берген талантымен шама-шарқынша шауып жүр. Мәселен, жерлес ініміз Мұхтар Ниязов қазір шаппа-шап айтыс жасап, сөз өнерінің көркін қыздырып жүр. Алғаш оны Жалағашта өтіп жатқан оқушылар айтысында көрген едім. Мені сол шараға қазылық етуге шақырған. Сонда қара домалақ баланың жап-жақсы айтысып отырғанын көріп, болашақта осы өнердің көш басында жүретінін іштей сезген едім. Сол Мұхтар бүгінде аламан айтыстың алдын бермей, талай жампоздарды шаң қаптырып жүр. Әзіл де айтады, қылдан май суырғандай етіп шындықты да жырлайды. Қуанасың, іштей сүйсінесің. Ал, айтыс шоуға айналды деген пікірлерді мен де естіп жүрмін. Жасыратыны жоқ, айтыскерлер қазір жаттанды айтыс жасайтын болды. Ол рас. Басында халықпен амандасудан бастап ұзын-сонар толғауды жібереді. Сосын бұрынғы әніне басады. Ал, әрбір айтысты жібермей көретін халық ненің шынайы, ненің жаттанды екенін жазбай танып отырады. Сондай-ақ, бұрын кіммен айтысатындарын сол мезетте ғана біліп жатса, қазір алдын-ала оларды жұптап қоятын да болды. Осындай мәселелерге келгенде әттеген-ай дейтін дүниелердің бары рас. Десе де, суырып-салма жекпе-жек жасайтын әріптестердің бар екендігін де жоққа шығара алмаймын.
– Сіздіңше, адамнан ақын тәрбиелеп шығару мүмкін бе?
– Дәл осы сауалға байланысты бір оқиға болған. Аламан айтысқа қатысқанымнан кейін маған ақындар тәрбиелеп шығаратын мектеп ашуға ұсыныс түскен еді. Мен оған келіспедім. Себебі, термеші боламын деп келетін жастарды тәрбиелеп, терме-толғаулардың, жырлардың мақамын, иірімін үйретіп, соңында баланың ынтасымен бірге бірдене шығаруға болады. Ал, ақын тәрбиелеп шығару деген ол меніңше, мүмкін емес жағдай секілді. Баланың арғы жағында, қанында, жаратылысында жоқ дарынды мен қайдан табамын? Мектеп болып ашылғаннан кейін ол жыл сайын жаңа талапкерлермен толығып отыруы тиіс. Ал, жылда маған ақын қайда? Сондықтан, ақындық деген үйреніп алатын дүние емес. Оған шабыт керек, талант керек. Дұрыс, ізденіс те, еңбек те сөзсіз ықпал етеді. Дегенмен, «Қарғаны баптағаныңмен сұңқар болмайды» деген бар. Негізі, қаныңда бар нәрсе өзі-ақ сені жарыққа алып шығады. Балам ақын болады деп әр жерге тықпалай берудің де қажеті шамалы.
– Бала деп жатсыз, өзіңіздің көзге көрінген ұл-қыздарыңыздың өнерге жақыны бар ма?
– Әрине, балаларымның барлығы да өнер десе елеңдеп тұрады. Үлкен қызым осы музыкалық колледжде студент. Одан кейінгі балаларым мектептің мәдени шараларында белсенділік танытып, өнер көрсетіп жүр. Бойларында Тәңірдің берген таланты болса, тасада қалмас деп ойлаймын. – Уақыт бөліп, емен-жарқын әңгімелескеніңізге рақмет!

Сұқбатты жүргізген: Бағлан ТІЛЕУБЕРГЕНОВА.




16 қазан 2017 ж. 4 078 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (1693)

28 қараша 2020 ж.

№91 (1692)

24 қараша 2020 ж.

№90 (1691)

21 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 

Суреттер сөйлейдi

ТҮНГІ ҚЫЗЫЛОРДА
01 қараша 2017 ж. 14 420 0
  • Акимата Кызылординской области
  • Сайт президента
  • Нұрлы жол
  • Рухани Жаңғыру
  • Жаңғыру 30
  • Egov
  • Digital Kazakhstan
  • Нақты қадам