«ҚОРҚЫТ ЖӘНЕ ҰЛЫ ДАЛА САЗЫ» АТТЫ ФЕСТИВАЛІ МӘРЕСІНЕ ЖЕТТІ
Қорқыт ата атындағы мемориалды кешенінде Қызылорда қаласынан бастау алған түркі тілдес елдердің халықаралық «Қорқыт және Ұлы Дала сазы» атты фольклорлық-музыкалық өнер фестивалінің қорытынды концерті өтті.
Үш жылда бір рет аталып өтетін шарада Қазақстанның халықаралық «ТҮРКСОЙ» ұйымындағы өкілі Асқар Тұрғанбаев, аудан әкімі Сұлтан Мақашов және облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысының орынбасары Жанат Құрамысова құттықтау сөз сөйлеп, өнер жұлдыздарына ақеден тілектерін арнады. Сонымен қатар, фестиваль қонақтарына сый-сияпаттар табыстап, арнайы дипломдармен марапаттады. Фестивальде Әзірбайжан, Түркия, Ресей, Татарстан, Өзбекстан, Моңғолия, Қырғызстан елдерімен қатар еліміздің өнер жұлдыздарының да жыр-термелері тамашаланды. Атап айтсақ, Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген қайраткерлері Айгүл Қосанова мен Нұржан Жанпейісов, Сыр еліндегі жыраулық мектеп өкілдері, аймағымызға танымал қобызшылар Мақсат Мұхамеджанов, Марат Сүгірбай, жыршы-термешілер Шолпан Бимбетова, Зульфия Баймұрзаева, Малика Алдамжарова және «Ақмешіт» фольклорлық ансамблінің жыр-термелері көпшілік көңілінен шықты.