Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ақмешіт апталығы

Газет 1994 жылдан бастап шығады
» » «ЖАСЫЛ ТІРШІЛІКТЕН РУХАНИ ҚУАТ АЛАМЫН»

«ЖАСЫЛ ТІРШІЛІКТЕН РУХАНИ ҚУАТ АЛАМЫН»

   «Жүрекжарды әңгіме» сыр-сұхбатының бүгінгі қонағы мәдениет саласында елеулі еңбек етіп жүрген, облыс, қала халқына салтанатты шаралар тізгіншісі қабілетімен танымал, «2013 жылдың үздік мәдениет қызметкері» номинациясының иегері, «Өнер мектебінің» директоры – Қайрат Жәлімбетов.
Қайрат Тыныштықұлы, өзіңіз басқаратын «Өнер мектебі» республикаға танымал ұстаз Тәңірберген Қалауов қалыптастырған өнер ошағы екенін ел біледі. Сол құтты мекеннің бүгінгі тыныс-тіршілігі жайлы сөз қозғай отырсаңыз...


– Әрине, бұл қасиетті орданы Тәңірберген ағамыз 23 жыл табысты басқарып, үлкен биіктерге көтерген. Қазір 70 жылға жуық тарихы бар мектеп заман талабына сай оң өзгерістерге қадам басуда. Бұл мектеп мектеп жасындағы балаларға музыка, вокал, хореография, ұлт-аспаптар, ішекті аспаптар, көркемсурет өнерінен кәсіби білім береді. Бүгінде біздің түлектер Қазанғап атындағы музыкалық колледжінде, Құрманғазы атындағы қазақ ұлттық консерваториясында, Селезнев атындағы хореографиялық училищесінде білім алуда. Мектеп қабырғасындағы шәкірттеріміз халықаралық, республикалық, облыстық байқаулардың сан мәрте жүлдегерлері атанып, ел мерейін көтеріп жүр.
    – Жұрт өнер адамының алдымен өмірі, отбасы жайлы білуге құштар екенін білесіз. Екіншіден өзіңізді өнерге баулыған орта жайлы әңгіме өрбітсек.
   – Алдымен, мені өмірге әкелген ата-анам жайлы айту перзенттік парызым. Менің әкем – Тыныштық Жәлімбетов өнерге ешбір қатысы жоқ қарапайым жұмысшы. Ал, анам – Шәмшия Ибрагимова өнер десе ішкен асын жерге қоятын дарынды жан. Нағашыларым ән мен жырды бойына тұмарлаған рухани дүниеге жаны жақын жандар. Менің бойымдағы қасиет нағашы жұрттан дарыған болуы керек. Анамның ақ сүтімен берілген өнер бәйгесіне 4-5 сыныптан түсіп, шыңдалдым. Сол балалық шағымнан-ақ республикалық дәрежеде өткен «Өнерге қанат қаққандар» атты телебайқауда топ жарып, 1-орынды иемдендім. Киелі өнер әлеміне алғашқы қадамым сол бір албырт кезеңнен басталды деп ойлаймын. 8-сыныптан кейін, музыкалық училищеге оқуға түстім. Одан соң Н. В. Гоголь атындағы педагогикалық институтының халық әні кафедрасында жырау Алмас Алматовтың тәлім-тәрбиесін алдым. Өнердің тұғырлы белестеріне қанат қағып, шыңдалған жылдарым «Сыр сұлуы» оркестрінің құрамында әнші болған кезден басталады. 2003 жылы өнер сапарымен Мәскеуде, 2005 жылы «Дидар» фольклорлық ансамблімен Оңтүстік Кореяға бардым. Ал, 2007 жылы Мұстафа Шоқай атындағы «Француз-Қазақ» қауымдастығының арнайы шақыртуымен Париж қаласында жеке концертімді бердім. Ән қоржынымда дәстүрлі әндер мен Жетісу, Сыр, Арал термелері бар.
Ал өз отбасым жайлы айтатын болсам, шаңырағымның шырайын кіргізіп отырған жұбайым, Мақпал Шакирова Корқыт ата мемлекеттік университетінде оқытушы, әнші, республикалық байқаулардың лауреаты. Екеуміз Қазанғап атындағы музыкалық колледждің түлегіміз. Екі қыз, бір ұлымыз бар. Балаларымыз да өнерге өте жақын. Үлкен қызым Шаһризада біз тәлім алған қасиетті қара шаңырақ музыкалық колледждің қабырғасында әншілік өнерге бейімделді. Онда өнер саңлақтарына ортақ аяулы ұстаз Қазақстан республикасының Еңбек сіңірген әртісі Қаракөз Ақдәулетованың шеберлік мектебінен өтіп, үлкен өнер сахнасына қанат қақты. Астанадағы ұлттық өнер университетін тәмамдады. Содан соң Италиядағы Рим консерваториясында білім алды. Халықаралық «Шабыт» фестивалінің бас жүлдегері атанды. Бүгінде Астана қаласы мемлекеттік филармониясының әншісі, қазақ ұлттық өнер университетінің ұстазы. Ал екінші қызым Бибігүл Тыныштық ол да музыкалық колледж бітірді. Қазір Астанадағы ұлттық өнер университетінде білім алуда. Ұлым Даниял «Мұрагер» мектебінде 8 сыныпта оқиды.

Сіз бен біз қазір жастар арасында отан алдындағы абыройлы әскери борышын өтеуден жалтарып жүр дегенді жиі естиміз. Осы бағыттағы көзқарасыңыз қандай?
– Халық арасында «Отан оттан да ыстық» деген тамаша қанатты сөз бар. Отбасыңмен қатар айтылатын қасиетті мекен ол әр азаматтың туған отаны. Туған отан тұғырлы бәйтерек секілді. Тұғырлы бәйтеректің тыныштығын, азаттығын қорғау елжанды азаматтардың абыройлы парызы. Әрине, патриоттық тәрбиенің қарқыны бір сәт бәсеңдеуге болмайды. Менің ойымша мектеп қабырғасындағы әскери-патриоттық тәрбиені беретін ұстаздардың білімі мен білігі мықты болу керек. Қазір білім ошақтарындағы материалдық-техникалық база жақсы болуы керек. Меніңше, мәселе кадрда деп ойлаймын. Жергілікті әскери комиссариатпен мектептер арасында тұрақты байланыс орнатып, мамандармен жүздесу ұйымдастырып, тәрбиелік іс-шараларды үнемі жүргізіп отырған жөн. Сонда ер балалардың бойында өжеттік, патриоттық сезімдер қалыптасып, әскери өмірге деген қызығушылығы оянары анық.
Сіздің бойыңыздағы өнеріңіз көпшілікке өте таныс. Сіз үлкен сахналардан жиі көрінесіз, бізге құпия жеке айналысатын қандай сүйікті ісіңіз бар?
– Мен есіктің алдын гүлдендіргенді ұнатамын. Жайқалған қызылды-жасылды әсем тіршіліктен рухани қуат аламын. Жасыл желек, гүл де өмір ғой. Өз қолыңмен табиғат жанашыры болып, тіршілікке жаңа тыныс беріп, өмір сыйлағанға не жетсін. Менің сүйікті машығым гүл өсіру.
Қазіргі таңда ортақ келісіммен отау құрған жастардың арасында ажырасу белең алып барады. Жанашыр азамат ретінде бұған не айтасыз?
– Ортақ отаудың ыдырауы кім-кімді де қынжылтады. Ұлт жанашыры ретінде қоғамды алаңдатып отырған мәселеге бей-жай қарауға болмайды. Жастарға төзімділік, шыдамдылық серік болуы тиіс. Жоққа шыдаммен, барға қанағатпен қарауға кеңес берер едім. Менің ойымша жастар саясатында жас отбасыларға қамқорлық жасау үшін нақты мемлекеттік бағдарламаларды жетілдіру қажет секілді. Оларға аяғынан тік тұрып отау болып қалыптасып кетуі үшін материалдық көмек берген артықтық етпейді деп ойлаймын. Сонымен қатар, жаңа неке құрған жас отбасыларының ата-аналары тарапынан да үлгілі ақыл-кеңестер, ұлағатты үрдістер үнемі айтылып отырған дұрыс. Сонда олардың өмірге оң көзқараспен қарауына ықпал етіп, жаман қылықтан жиренуіне әсер ететіні сөзсіз.
Өмірлік ұстанымыңыз қандай?
– Менің өмірлік ұстанымым – адалдық. Адалдықтың ұғымы терең. Ол қызметіңе, жарыңа, туысыңа деген шынайылық. Ең бастысы өз-өзіңе адалдық, уәдеде тұру, біреуді алдамау. Біреуге берген сертіңді аяқасты етпей қадірлеу. Адалдық адамның тұлға болып қалыптасуы үшін ең маңызды ұстаным деп ойлаймын.
Сіздің ұлық тұтатын ұстазыңыз кім?
Мен өткен өмірге көз жүгіртсем өзімді бақыттымын деп ойлаймын. Себебі, 1987 жылдан бері облыстағы бетке ұстар өнер тарландары мен жырау-жыршы танымал адамдардың арасында өнердің құдіретін терең сезініп, маржандай жырларын өн бойыма тұмардай тағынып, шыңдалып жетілдім. Бала кезден мені өнерге баулыған ұстазым Базарбай Мырзахметов болатын. Бертін келе үлкен жүректі аяулы азамат Шайтұрсын Әбдібаев өмірде де, өнерде де ұлағатты ұстазым бола білді. Қаракөз Ақдәулетова апайдың да көп тәлімін алдым. Ақылшы ұстаздарымның білгір тәжірибесінен үйренумен қатар, олардың өн бойынан адами парасатты да, тектілікті де, бекзат болмысты да өзіме үлгі еттім.
Жылдың қай мезгілін ұнатасыз?
– Мен үшін жылдың ең керемет айы – көктем. Себебі, көктемде дүние жаңарып, қайта түлеп, мақпалдай самал өн бойыңды сергітіп, жылылық шуақ жаныңды тербетеді. Жер-ананың беті жылынып, жасыл дүние жаңарып, жасампаз табиғат жасыл желекке малынып, жер үстінде қызу тіршілік басталып кетеді. Маған осындай дүбірлі шақ ұнайды.
Сіздің сүйіп оқитын шығармаларыңыз?
– Мен кітап оқығанды өте жақсы көремін. Маған әсіресе тарихи кітаптар ұнайды. М. Әуезовтің «Абай жолы» романын, Ш. Айтматовтың «Қош бол, Гүлсары» мен орыс тіліндегі әдебиеттерден «Плаха» романы мен соғыс жылдарындағы әңгімелерді үнемі оқып жүремін. Күніне бір кітап оқып отыруды әдетке айналдырғанмын. Бұл рухани дүниеге құмартуым бала кезімнен басталды. Мен орыс мектебінде оқыдым. Ұстазым орыс тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Мария Пантелеевна бізге 5 сыныптан 8-сыныпқа дейін сабақ берді. Бізге арнайы мектеп оқулығында болмайтын көркем әдебиеттерді оқуға тапсырма беріп, оны арнайы дәптерге түсінігіңді жазып отыруға бағыттайтын. Оны жазғы демалыста да үзбей жалғастыруға міндеттеп отыратын. Құнды әдебиеттерді құмарта оқуды мен мектеп қабырғасынан бойыма сіңірдім десем қателеспеймін.
Сіз көбіне салтанатты шараларды жүргізесіз. Сахнада, шымылдық артында езу тартар тосын жәйттар немесе сценарийде жоқ қойылымдар болды ма?  Егер ыңғайсыз жағдай болса, одан қалай шықтыңыз?
– Ондай сәттер болды. Бір күні орталық алаңда үлкен шара өтетін болды. Оған дайындық керемет жүргізілді. Қазір есімде жоқ біреу қолыма микрофонды беріп, «салтанатты кешті баста» деді. Ойымда дым жоқ, неше күн бойғы дайындық жайына қалып, сахнаға шығып, шараны бастап жіберіппін. Сөйтсем, сценарии бойынша алдымен пролог оқылу керек екен. Сонда қатты абыржып, әрі қарай әлгі кешті жүргізуге ұялып, «құбылаға қарауға бет жоқ» дей беріппін. Оным халыққа қарауға ұят, сырттан хабарлай берейінші дегенім еді.
-Сүбелі сұхбатыңызға рахмет.Жұлдызды сәттеріңіз көп болсын!
                                                                                Сұқбатты жүргізген      Гауһар Қожахметова
30 қазан 2018 ж. 1 967 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (1693)

28 қараша 2020 ж.

№91 (1692)

24 қараша 2020 ж.

№90 (1691)

21 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031 

Суреттер сөйлейдi

ТҮНГІ ҚЫЗЫЛОРДА
01 қараша 2017 ж. 14 048 0
  • Акимата Кызылординской области
  • Сайт президента
  • Нұрлы жол
  • Рухани Жаңғыру
  • Жаңғыру 30
  • Egov
  • Digital Kazakhstan
  • Нақты қадам