Гүлжазира ЖАЛҒАСБЕКҚЫЗЫ: Нумерология – бал аштыру емес
Нумерология – ежелден келе жатқан ғылымның бірі. Ол жеке тұлғаның өзіне ғана тән мінез, мақсатқа ұмтылыс, күш-жігер сынды қабілеттерін анықтауға көмектеседі. Адамның өзі білмейтін құпияларын ашуы да мүмкін. Оны жүзеге асыру үшін нумеролог сіздің туған күніңізді білсе жеткілікті.
Кейіпкерімізді осы уақытқа жергілікті жұртшылық білім саласының білікті ұстазы, тәжірибелі психолог ретінде танып келді. Ол кісі нумерология ғылымымен айналысады екен. Н.А.Ахмадеева атындағы №112 орта мектепте әлеуметтік педагог және өзін өзі тану пәнінің мұғалімі, «Арал балалары» қайырымдылық қорының жетекшісі, бірталай жетістіктің иесі Гүлжазира Жалғасбекқызымен аталмыш тақырып төңірегінде ой бөліскен едік.
– Гүлжазира Жалғасбекқызы, нумерология ғылымын қалай үйрендіңіз? Қызығушылық неден туындады? Бұл іспен айналысуды қай жылдан бастадыңыз?
– Негізінде бұл ғылым адам баласы біле бермейтін құпияларды ашады. Мұнда сандар сөйлейді. Ал, осы салаға қызығушылығым 2017 жылдың сәуір айынан басталды. Яғни, нумеролог, психолог әрі түс жорушы Құралай Бақытқызынан онлайн арқылы сабақ алдым. Екеуміз әлеуметтік желі арқылы ғана емес жүзбе-жүз ой бөлістік. Еңбек демалысына шыққан кезімде арнайы Астанаға барып, ол кісімен кездесіп қайттым. Ойым жүзеге асты. Ақыл-кеңесін тыңдап, бірге ой бөлісудің сәті түсті.
Бір білгенім, сандар арқылы адамның бойындағы қабілеттерді анықтауға болады. Сондай-ақ, дүниеге келген күнін есептеп, кімнің қай жаққа саяхат жасауға болатынын білуге мүмкіндік бар. Егер сол бағыт бойынша адам саяхатқа барып, демалып келсе, онда оның жұмысында, жеке өмірінде бір жаңаша өзгеріс болуы әбден мүмкін.
Кейбірі бұл ғылымды Аллаға серік қосу деп жатады. Осы пікірге өз ойымды білдіре кетсем, Құранда да айтылған, біз білімді бола түсуіміз керек. Яғни, білімге, ғылымға ешқандай шектеу қойылмаған. Сондықтан нумерология психология сияқты ғылымның бір түрі. Сонымен қатар, жылдардың да құпиясын ашуға мүмкіндік бар. Кей адамға бір жылдар табысты болады. Ал, кейбіреуіне керісінше әсер етеді. Әрине, оны тағдыр санын анықтап, есептеу арқылы біле аламыз. Тіпті, әр адамның үйінде де, қолға үстап жүрген ұялы телефонында да жеке саны болады. Оның да әсері бар. Тек соның бірін есептеп, қай санның сәттілік әкелетінін аңғарамыз. Айта берсек, оның құпиясы өте көп.
– Бір сан бойынша мысал келтіре кетсеңіз...
– Мысалы, бір адамда 8 саны көп болуы мүмкін. Егер осы сан болса, онда оның кез келген жағынан жолы болады. Кәсіп ашып, жаңа жұмысты қолға алса да, берекелі болмақ. Сонымен бірге нумерология ілімі денсаулық, қаржы, мамандық таңдау, кәсіп жағынан бағыт-бағдар бере алады. Энергия деген бағыты да бар. Ол бойынша айтар болсам, әр адамның энергиясы әртүрлі. Кейбірі жұмысын жақсы істесе, енді бірі тез шаршап қалуы мүмкін. Сондай сәтте адам өзін сабырға шақырып, көңіл-күйін бірқалыпты ұстап, ашуға берілмеуі керек. Әр күнді өзінше жақсы етіп өткізу қажет. Сонымен қатар, садақа бергенде, қайырымдылық жасағанда, мейірімділік танытып, жылылықпен қарағанда рухани энергия көтеріледі. Біз сол жағынан да бағыт беріп отырамыз.
– Әр санның өз сыры, құдыреті бар дейді. Сол қаншалықты рас?
– Дұрыс айтасың. Әр санда құдырет бар. Киелі сан деп айтып жатамыз. Мысалы, 1 саны көп адамды алсақ, ол дипломант болуы ықтимал. Өзінің айтар ойы бар, алдына қойған мақсатына жететін, көпшіліктің алдында өзін ұстай білетіндерге жатады.
– Қазіргі күні сізге келіп, өз саны бойынша құпиясын, сырын білгісі келетіндер көп шығар...
– Негізі, маған әлеуметтік желі арқылы көп адам хабарласады. «Менің туған күн, ай, жылымды есептеп, бағыт бересіз бе?» деген сұрақтар жиі кездеседі. Арасында балаларының болашағына да алаңдап, туған күндерін есептетеді. Өзім мектепте әлеуметтік педагог болғандықтан жұмыс жеткілікті. Кейде уақыт тапшы. Бірақ, маған көмек сұрап хабарласқан жанға мен уақыт табуға тырысамын. Өйткені, адамның көңілін қалдырғым келмейді.
– Өзіңіз айтқандай, уақыт жетпей қалатын кез болады. Себебі, бұл ғылымнан бөлек, тұрақты жұмысыңыз бар. Яғни, ұстазсыз, психологсыз. Жалпы, өмірде белсенді адамның бірісіз. Сондай-ақ, арасында іс сапарға жиі шығып, «Арал балалары» қайырымдылық қорын қолға алдыңыз...
– Қазір осылай белсенді, жан-жақты болу қажет. Бүгінгі күннің талабы солай. Ал, қайырымдылық қорына келсек, облыстық білім басқармасының қолдауымен өмірлік қиын жағдайға тап болған отбасы мен балаға әлеуметтік, психологиялық демеу көрсетудің заманауи технологиялары тақырыбында ауқымды жобалары өтіп жатыр. Ол бойынша аудандардағы мамандар арасында осы жобаның мақсатын түсіндіріп, оларды оқытып, білімін жетілдіру үстіндеміз. Алдағы уақытта да бұл жобаның ауқымы бұдан да кеңейе түседі деген ойдамын.
– Бізде қазақтың жаңа жылы енді келеді. Яғни, Ұлыстың Ұлы күніне санаулы сәт қалды. Жалпы, нумеролог ретінде наурыз айына болжам жасай аласыз ба?
– Әрине, жасауға болады. Менің есептеуімше, наурыз айы әдемілік әкелетін, жаңаратын ай болып саналады. Көп адамдар үшін жаңа бизнес бастауға, жаңаша жобаны қолға алуға тиімді уақыт. Сонымен бірге кей адам денсаулығына орай дәрігерге көрінетін болса, ота жасататын кез туса, сәтті болмақ. Бұл жағынан қауіп байқалмайды. Оған қоса тұрақтылық айы болып табылады. Сондықтан көктем мезгілі жақсы болады деген ниеттемін.
Тағы бір айта кететін болсам, нумерология бойынша бір адамның санында мыңдық код кездесуі мүмкін. Бұл код соңына із қалдыра алатын адамдарда болады.
– Нумеролог маманы ретінде кеңесіңіз...
– Бұл ғылымды бала аштырумен шатастырмау керек. Себебі, одан мүлдем бөлек. Яғни, адамның бойындағы нақты саны арқылы жүзеге асып отырады. Жалпы, сан атаулының түрлі құпиясын ақтаруға көмегін тигізетін нумерология ғылымына, оның ішіндегі қазақ халқының киелі деп есептеген сандарының сырын білуге денген құштарлық сезімі заман мен қоғам алға қарыштап қадам басқан сайын өсе түспесе, өшпейді. Ендеше, халық ойын түсініп, ата-бабадан келе жатқан қасиетті сандарға үңіліп, құпиясын түсіне білу қашанда өзекті мәселе болып қалмақ. Сондықтан осы бағытта игілікті істі жалғастырып, әр пенденің алғысын ала береміз.
– Әңгімеңізге көп рақмет! Сәттілік әрдайым серігіңіз болсын!
Сұқбатты жүргізген: Ақтолқын НҰРЛЫБАЙ.