Баланы баптау ұядан
Бүгінде өмірлік ауыр жағдайға тап болған отбасылар саны аз емес. Бұл – осы күнгі өзекті мәселеге айналды. Соған орай облыстық білім басқармасы мен «Арал балалары» қайырымдылық қоғамдық қоры семинар өткізді.
«Өмірлік қиын жағдайға тап болған отбасы мен балаға әлеуметтік-психологиялық қолдау көрсетудің заманауи технологиялары» атты шараға білім саласының мамандары, әдіскерлері, әлеуметтік педагогтар мен психологтары қатысты. Семинарда оларға көрсетілетін әлеуметтік қызмет түрлеріне талдау жасалды. Қолайсыз отбасылармен жұмыс тәжірибесі ұсынылды.
Сондай-ақ, шара барысында тақырыпқа қатысты видеокөріністер көрсетілді. Сонымен қатар, жан-жақтан жиналған сала өкілдері ҚР 2030 жылға дейінгі әлеуметтік дамудың жалпыұлттық тұжырымының мақсаты мен міндеттеріне тоқталды.
– Жалпы, осындай семинарлар өтіп, мамандар бір-бірімен ой бөлісіп, тәжірибе алмасқан дұрыс. Өкінішке орай, қазір өмірлік қиын жағдайға тап келген отбасылар баршылық. Оған қоғамдағы әртүрлі оқиғалар себеп. Ондай жайт балаларына да әсер етеді. Сол себептен осы мәселеге әлеуметтік қызметкерлер барынша мән беруі тиіс, – деді Н.Ахмадеева атындағы №112 орта мектептің әлеуметтік педагогы, «Арал балалары» қайырымдылық қоғамдық қорының тренері Гүлжазира Жалғасбекқызы.
Айта кету керек, аталмыш семинар Қармақшы, Қазалы аудандарында жалғасын тапты.
Ақтолқын НҰРЛЫБАЙ.