Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ақмешіт апталығы

Газет 1994 жылдан бастап шығады
» » Иран қазақтары

Иран қазақтары

Ата-жұрттан шет елдерге түрлі себептермен кетіп, сонда өмір сүріп жатқан қазақтар əлемнің əр түкпірінен кездеседі. Солардың қатарында кеңестік жүйеде шаруаны ұжымдастыруды сылтауратып, елдің қолында бар малын тəркілеген солақай саясаттың кесірінен Иран еліне де қазақтар барды. 1925 жылы салық қызметінің мəліметі бойынша Адай округінде 26 641 сиыр (бұл түлік негізінен Тайсойған, Сағыз, Ойыл, Қазбек облысында), 62 278 жылқы, 103 364 түйе, 916 846 қой болған. Округтегі мал шаруашылығымен айналысқан шаруашылықтар шашыраңқы отырғанын ескерсек, бұл əрине, толық мəлімет емес, мал басы бұдан əлдеқайда көп болуы керек. Маңғыстау өңірі 1851 жылдардан бастап бірнеше рет табиғи жұтқа кіріптар болды. Ал, 1927-1929 жылдар аралығының өзінде екі рет жұттың кесірінен мал қырылып қаңырап қалды. Табиғаттың қаталдығы аздай Маңғыстауда ірі байларды тəркілеу 1929 жылы басталды. Бұл бағыттағы жұмыстарды Қазақстан Өлкелік атқару комитеті мен Өлкелік партия комитетінің 1930 жылы 9-шы желтоқсандағы ауылдық кеңестерді қайта сайлау, байдың мал-мүлкін тəркілеу, кедей, жалшы топтарын құрып, малшыларды түгелдей колхоздарға ұйымдастыру жəне отырықшыландыру туралы міндеттерді атап көрсеткен 19 нұсқау хаты жеделдете түсті. Қазақ АКСР ОАК Төралқасының 1932 жыл 12-ші наурыздағы «Қазақ еңбекшілері шаруашылығының отырықшыландыру жоспары» туралы қаулысы бойынша Маңғыстауда сол жылы 400 шаруашылық қоныстанғанымен бұрын көшпелі өмір кешіп, еркін жүрген елді бір жерге топтастыру көптеген қателікпен жүргізілді. Байларды тəркілеу кезіндегі асыра сілтеу кесірінен орта шаруалар да бұл тізімге ілігіп кетті. Ел ішінде наразылық, аштық, қашу, малын айдап тұс-тұсқа көшу сияқты халықтың бой көрсету толқыны көбейді. Табиғат пен саясаттың қатыгездігінен Маңғыстау өңірінде қаңыраған тұрғыны жоқ ауылдар пайда болды. Cондықтан үкімет шоши бастап 1935 жылы шекараны тас бекітіп, Қазақстаннан тысқары жаққа көшуді тоқтатты.
Иран қазақтары 1929-1933 жылдардағы «Қызыл табан шұбырынды» кезінде Маңғыстаудан Түркіменстан арқылы Иран жеріне өтті. Қазақтар əуелі Иранның солтүстік шекарасындағы Гомишан жəне Саллақ ауылына табан тіреді. Аталған ауыл тұрғындары түгелдей түркімен болатын. Иранға көшкен қазақтарға тұрақтап мекен ету оңай бола қойған жоқ. Өйткені əп-сəтте мал бағып, шаруамен айналысып, тіршілік етіп кетуі мүмкін болмады. Бірінші себебі, Иранның мемлекеттік парсы тілін білмеуі, екіншісі, жаңа қоғамның тыныс-тіршілігімен таныс болмауы, үшіншісі, ауа райының қолайсыздығына бейімделіп кете алмауы болды. Ал, Мекке қаласын армандаған қазақтар көптеген қиындыққа төзіп, Парсы шығанағына дейін барған. Дəм-тұз тартпаған болар, ауа райы бұзылып, теңіз апталап толқып, борандатып тұрыпты. Парсы шығанағында босып жүрген қазақтар жұмыстың жоқтығына ұзақ уақыт шыдай алмай, кері қайтуына тура келді. Сөйтіп, Систан мен Бəлучстан провинциясынан өтіп, Иранның шығысы мен шығыс солтүстігінде орналасқан Хорасан провинциясындағы Машһад, Семнан не Шаһруд қалаларының бірінде тұруды ұйғарып, сол жаққа барған. Ондағы тұрғынның барлығы парсы тілді, шейт мəзһабындағы ел екендігін білген қазақтар ол жерде олармен тез арада тіл табысып кетуі мүмкін еместігін сезген. Содан барып, кеңесе отырып, тілі, діні, ділі бір деген түрікмендерге жақын болайық деп қайта Түркімен сахараға оралды. Бұл ретте басында Бəндəр Түркімен шаһарына жақын Низамабад ауылына, Гүмбез, Кавус қаласының өзен жағасындағы Шəйбойы ауылына тұрақтанды. Бірақ бір топ қазақ парсылар тұратын аймақтарға көшті. Соның бір бөлігі Горган қаласының Əтрəкчал мен Сұлтанабад ауылдарының тұрғындары болды.
Əйтсе де уақыт өте келе шаруашылығын дамыту үшін азын-аулақ малменен қоса егіншілікпен де айналысуларына тура келді. Соның арқасында ғана жаңа мекенде тұрмыс тапшылығынан аз да болса құтылғандай болды.
Əу баста Иран шекарасынан шамамен бес жүз отбасы, кейбір айтуларға қарағанда, он мың отбасы өтіпті. Олар екінші рет Түркімен даласының маңына келгенде Горган қаласының Күрдкүй, Бəндəршаһ қалалары маңайындағы түрлі жұмысқа кірісті. Атап айтқанда Беһшаһар мен Бəндəршаһ қалалары арасында салынып жатқан жол мен темір жол құрылысында жұмысшы болып еңбек етті. Қазақтар жол және ғимарат салу еңбектері үшін жергілікті халықтың алғысына бөленіп, Иран өкіметі тарапынан ерекше бағаланды. Алайда жұмыс қиынға соқты. Жаңа ортаның табиғатына да үйренісе алмай бастапқы жылдары қазақтар арасында өлім-жітім өте жоғары деңгейге жетті. Әрбір он кісінің алтауы қазаға ұшырады.
Ақсақалдардың айтуына қарағанда, жас-кəрі демей адамдар жаппай безгек ауруына шалдығып, іші ісініп, бірнеше күннен кейін қайтыс болатын. Біршама уақыт өткеннен кейін жаңа ортаға үйренісе алмай экология зардабына душар болды. Сөйтіп, қала төңірегіндегі жұмыстардан бас тартып, Горган, Бəндəршаһ жəне Гүмбез-Қауыс қалаларына көшіп, «қазақ маһалле» ауылдарын құра бастады.
Кейінгі жылдары аталған үш қала Мазандаран провинциясынан еншісін алып, Гүлстан провинциясы деп аталады. Жаңадан құрылған Гүлстан провинциясының орталық қаласы Горган шаһары болып бекітілді.
Алайда қазақтардың енді-енді ес жиып, өмір мəнін сезе бастағандары көпке ұзамай жаңа бір пəлекеттің тығырығына шалдыққандарын сезді. Ол жаңа қоныста ер мен əйелдің бедеу болып қалуы еді. Осылайша күндер, айға, жылдарға ұласып, бес жылдан кейін əрең дегенде үміт сəулесі жарқырай бастады. Бірақ та дүниеге келген сəбилер шетінеп кететін болды. Үмітсіз шайтан демекші, əйтеуір, он жыл өткен соң дүниеге келген сəбилер күнделікті тіршілікке дағдыланып, ата-ананың ұрпақты жалғастыру арманы іске асты.
Қазақтар өмір мен өлім арасында арпалысып жүрген сол бір жылдары Мекке қаласын кие тұтып сонда барып орналасуды ұлы арманына айналдырған еді. Соның бір айғағы бір-екі отбасы Байпақ Ескелді атаның басшылығымен 1941 жылдар шамасында Меккеге барып тұрақтады. Қазіргі кезде олардың ұрпақтары он шақты шаңырақ болды. Арабия елінің азаматтары арабтармен де құдандаласып, жегжат болып кеткен. Байпақ қажы Меккеде қайтыс болса, туған інісі Ордабай Иранның Горган қаласында қартайған шағында дүние салды. Ордабай ағаның Бəйділлə, Тойжан, Зейнеш, Қазжан, Айти атты екі ұл, үш қызы мен Қазақстанға кеткенге дейін тату-тəтті араласып, қуанған, мұңайған күндерді бірге өткіздік.
1960 жылдары Меккеге жету арманы тағы бір топты құбылаға беттеуге итермелейді. Ораз Олжасы Жеменей мен Сүйеп Алтын Жаппас, Бердəулет Жаман Адай ағалар араб еліне сапар шегеді. Бірақ оған жетпей Иорданияда (Үрдін) қоныс тебуге мəжбүр болады. Ораз ағаның үш ұлы болды. Салық пен Аллаберген жəне Сапар. Ораз аға ондаған жыл бойы Иорданияда (Үрдін) тұрды. Балалары ер жетті. Сосын жалғыз екенін сезіп, ағайын іздеді. Үлкен ұлы Салыққа құда түскісі келді, бір ғажабы Алла бізге көрші Ордабай ағамен құдандаласуды жазды. Ордабайдың Зейнеш деген қызына құда түсті. Зейнеш он тоғыз жасында келін болып, Иорданияға аттанды. Олар үш ұл мен үш қыздың ата-анасы атанды. Қазіргі кезде Салықтың барлық отбасы мүшелері Түркия азаматтары, Стамбулда тұрады. Меһмет атты ұлы Қ.А.Яссауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің заң факультетін бітірген. Сонда оқып жүріп, келешек жарын тапты. Ол - дəрігерлік салада оқыған Венера. Көңілі жарасқан екі жас үйленіп, Түркияға аттанды. Қазіргі кезде Стамбулда жеке шаңырақ құрып, өз салалары бойынша тіршілік етіп жүр. Салық қызы Фатима болса ұшақта жолсерік. Ораздың екінші ұлы Аллабергеннің жұмыс орны Сирияның астанасы Шам (Дамаск) шаһарында болған. Өкініштісі, Сириядағы саяси қақтығыстан туындаған қиындықтарға төзе алмай үйін, жұмыс орнын тəрк етіп, зайыбымен Стамбулдағы Салық ағасының жанына тұрақтауға мəжбүр болған. Ораздың кенже ұлы Сапар еті тірі, өмірге құштар болса да тағдырдың жазмышынан құтыла алмай отыз бес жас шамасында 1995 жылы жол апатынан қаза тапты. Артында бір ұл, бір қыз қалды. Сапардың ұлы Білəл 23 жаста, Йорданияда жұмыс істейді, қызы анасымен бірге Антакия қаласында тұрады. Ораз ата 95 жасында қайтыс болды.
Ораз қариялар мұсылман елдерде өмір сүріп жатқаны жұбаныш болса да көңілдің түбінде тегін іздеген түйсік тұрды. Бәлкім сондықтан шығар, қария ұрпақтары тегін «қазақ» деп қойды. Атамекен тəуелсіз ел болған жылы шет ел қазақтары ғаріп халден шықты. Өздерін əлемдегі азат елдердің қатарында сап түзегенін терең сезінді. Атамекенге барып, ағайындармен кездесіп, олармен жүздесуді, елді аңсаған көңіліне демеу тұтып жүрген жандардың бірі Салық Қазақ еді. Ол жастайынан Иорданияда тұрған. Оншақты жыл бұрын тəуелсіз Қазақстан елінен бір топ делегат аталған елдің астанасы Амман қаласына барғанда Салықпен кездесіп қалған. Солардың арасында қазақтың ақыны Ғалым Жайлыбай да болған. Салық пен Зейнеш Ғалымды айрықша бір көңілмен сүйсіне еске алып, онымен бауыр басып дос болғандарын айтып отырады. Елге барсақ пана болар таудай бауырларымыз бар деп мəз болады.

Ислам ЖЕМЕНЕЙ
27 наурыз 2020 ж. 1 442 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (1693)

28 қараша 2020 ж.

№91 (1692)

24 қараша 2020 ж.

№90 (1691)

21 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 

Суреттер сөйлейдi

ТҮНГІ ҚЫЗЫЛОРДА
01 қараша 2017 ж. 14 422 0
  • Акимата Кызылординской области
  • Сайт президента
  • Нұрлы жол
  • Рухани Жаңғыру
  • Жаңғыру 30
  • Egov
  • Digital Kazakhstan
  • Нақты қадам