Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ақмешіт апталығы

Газет 1994 жылдан бастап шығады
» » АЛҒАШҚЫ АСТАНАДАҒЫ АЛАШ БАСЫЛЫМДАРЫ

АЛҒАШҚЫ АСТАНАДАҒЫ АЛАШ БАСЫЛЫМДАРЫ

  Халқымыз өткен тарихи жолдарды саралау мен ұлттық құндылықтарын бағамдауда Қызылорда өңірінен шыққан басылымдар басты дереккөз болып табылатыны анық. 1925 жылы Қызылорда Қазақстанның астанасы атанды. Сол уақытта Сыр өңірінде мерзімді ұлттық басылымдардың шыңдалу кезі қалыптасты. Осы жылы барлық республикалық газеттер жаңа астанаға көшірілді. 1925-1929 жылдар арасында «Жас қайрат», «Еңбекші қазақ», «Лениншіл жас», «Қызыл Қазақстан», «Жаңа мектеп» секілді басылымдар қазақ тарихына, Сыр өңіріне қатысты зерттеулер мен дерегі мол мақалалар жариялап тұрды.
Сонымен қатар, қаламызда дүниеге келген басылымдардың бірі ауылшаруашылығына арналған тұңғыш салалық – «Ауыл тілі» газеті болды. Ол 1926 жылдың шілдесінен 1929 жылдың 12-ақпанына дейін шығып тұрды. Онда барлық басылымдар сияқты оқу-ағарту, денсаулық, ауылды кеңестендіру, қазақ байларын тәркілеу, мәселелері жазылды. М.Дулатов аталмыш газеттің белді қызметкерінің бірі атанды.
Алғашқы журналда Сыр өңірінен бастау алды. 1926 жылы «Әйел теңдігі» журналы өмірге келді. Оның редакторлық қызметін С.Есова, Н.Сәнәлева, Н.Арықовалар атқарды. Осы жылдары әйелдерге арналған бірден-бір журнал болғандықтан, оқырмандарды толғандыратын мәселелерді көтерді. Партия мен кеңес ұйымдарының алдында тұрған негізгі міндеттерді насихаттау, қазақ әйелдері арасындағы саяси-тәрбие жұмысына, оларды елдің қоғамдық-саяси өміріне қатыстыру мәселесіне аса көңіл бөлді. Сондай-ақ, қазақ әйелдерінің тұрмыс-тіршілігі, қалың мал, ағарту саласындағы жетістіктері мен кемшіліктері және тағы басқа да мәселелерді көтере білді. М. Дулатовтың «Қазақ әйелі» деп аталатын мақаласында қазақ қыздарын әдет-ғұрып бойынша атастыруы бесіктен басталатындығы, тіпті кей жағдайда ананың құрсағында жатқан кезде атастыратындығы, бұл «қарғы бау» деп аталатындығы келтірілген. Сондай-ақ, «Дені саудың — жаны сау» айдарында Нәзипа Құлжанова, Аққағаз Досжанова, Сара Қапакелінінің отбасылық тазалық, бала мен әйел күтімі, жұқпалы аурулармен күресу барысы турасында дәрігерлердің кеңес берген мақалалары басылды. Оқырмандарын салауатты өмір сүруге шақырды. Журнал 1934 жылы Қазақстан өлкелік комитетінің қаулысы бойынша жабылып, оның редакциясы «Ауыл коммунисі» журналымен біріктірілді. Кейін «Қазақстан әйелдері» деген атаумен қайта шықты.
1929 жылы халыққа жаңа әліппені насихаттау үшін «Жаршы» журналы шығарылды. Журнал латын әліпбиіне көшу барысындағы жетістіктерді насихаттауды, сыни, сықақ материалдарды жариялауды мақсат тұтты. 1930 жылы оның редакторлығын Б. Майлин атқарды. Оның беттерінде жергілікті халық арасында сауатсыздықты жою және басқа да маңызды мәселелер кеңінен сөз болды.
Ал «Сыр бойы» газетінің алғашқы саны 1929 жылдың 1 шілдесінде жарыққа шықты. Алғашқы жылдың өзінде-ақ газеттің таралымы 2000 данаға жетті. Әрине, сол кездегі ұжымдастыру, ашаршылық, жаппай саяси қуғын-сүргіннен-де басылымнан тыс қалған жоқ. Қандай қиын уақыт, тағдыр талқысына түскеннің өзінде уақыт төрелігіне жүгінді. Оқырманын рухани биікке жетеледі. Арада үш жыл өткеннен кейін 1932 жылы сол кездегі уақыттың пәрменімен газеттің атауы «Ленин туы» болып өзгертіліп, аудандық газеттің мәртебесімен жарық көре берді.
Жалпы алғанда, 1925-1940 жылдары Қызылордада шыққан ұлттық мерзімді басылымдар халықтың қоғамдық-әлеуметтік ой-пікірін оятуға, мәдени-әдеби дүниетанымын қалыптастыруға, кеңейтуге едәуір әсер етті. Ахмет Байтұрсыновтың «Баспасөз – халықтың үні, құлағы, көзі болуы керек», – деген даналық сөзінің үдесінен шығуға тырысты. Қазақтың алдыңғы қатарлы азаматтары осы газет-журналдар арқылы қарапайым халыққа өз шығармашылықтарын насихаттай білді.
Қоғам дамуының қай кезеңінде де болмасын, өзгерістері мен серпілістері болары хақ. Еліміз Тәуелсіздік алған жылдан кейін  қаланың тұңғыш газеті 1994 жылдың 14 маусым айында жарық көрді. Оның алғашқы редакторы болып Шәріп Сардаров тағайындалды. Газеттің аты «Қызылорда» деп аталды. Орыс-қазақ тілдерінде аралас жетісіне бір рет шығып тұрған бұл басылым қала өмірінің айнасына айналды. Осы жылдың желтоқсан айында редактор болып Галина Крючкова келді. 1998 жылы «Кызылорда таймс» болып өзгерді. Облыс орталығында экономикалық аймағының құрылуына байланысты, болып жатқан өзгерістерді халыққа тез арада жеткізіп беру мақсатында және жергілікті ұлт өкілдерінің 98 пайызы қазақ екендігін ескеріп қазақ тілінде газет шығару қажеттілігі туды. Осыған орай, 1997 жылдың 22 наурызында «Ақмешіт ақшамы» газеті тұсауын кесті.
Биыл өзінің 200 жылдығын атап өткелі отырған Қызылорда бір кездегі Қамысқаладан сәулетті, көркем үлкен қалаға айналды. Бұл газет өміріне де елеулі өзгерістер әкелді. Сыр өңірінің алғашқы басылымдарында ел зиялыларының көптеген буын өкілдері ұзақ жылдар қажымай-талмай еңбек етті. Соның негізінде қоғамдағы саяси, рухани және мәдени ахуалға зор ықпалын тигізді. Шығармашылық үлкен үрдіс қалыптасты. Олар қаланың өсуіне, дамуына және көркеюіне орасан зор үлес қосты.
Тәуелсіздік жылдарында қаламызда «Ақмешіт апталығы», «Қызылорда», «Кзылорда Таймс», «Ел тілегі», «Халық», «Сыр ардагері», «Сыр мектебі», «Тіл сақшысы», «Ақмешіт жастары» және т.б жаңа басылымдар жарық көрді. Аталмыш басылымдар Сыр аймағының бірлігі мен тірлігін, халықтың тұрмыс-тіршілігі  мен мұң-мұқтажын елге танытты.
Қазіргі уақытта ақпарат айдынында өзіндік орны бар басылымдар жетерлік. Қызылорда қаласы ретінде танылғаннан кейін оқырмандар сеніміне ие болған газет-журналдар көптеп саналады. Олай болса, өңірімізде ұрпағына кемел ой айтып, жолбасшылық жасайтын дәуір үніне айналған басылымдардың ғұмырының ұзақ болатындығына сенім білдіргіміз келеді.
                                                                       Айтолқын АЙТЖАНОВА.
26 маусым 2018 ж. 2 124 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (1693)

28 қараша 2020 ж.

№91 (1692)

24 қараша 2020 ж.

№90 (1691)

21 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 

Суреттер сөйлейдi

ТҮНГІ ҚЫЗЫЛОРДА
01 қараша 2017 ж. 14 422 0
  • Акимата Кызылординской области
  • Сайт президента
  • Нұрлы жол
  • Рухани Жаңғыру
  • Жаңғыру 30
  • Egov
  • Digital Kazakhstan
  • Нақты қадам