СУ ҚҰЮДЫҢ СЫРЫ БАР...
Ауыл ғибратты тәрбиенің қасиетті ордасы десем қателеспейтін шығармын. Тәлімнің көпшілігін сол жерде бойымызға сіңіріп, шыңдалып өскеніміз шындық. Иісі қазақтың қанымен берілген қонақжайлық, бауырмалдық, қайырымдылық, мәрттіктің үлгісін кіндік қанымыз тамған аядай құтты мекеннен алдық. Әр күні сәлем-сауқаттан басталатын ауыл адамдарының көңілі дархан, дастарханы мол, берекелі болатын. Түтіні будақтап, менмұндалап шақырып тұратын тоқал тамдарда екі күннің бірінде қара қазан қайнап тұратын. Елдің ақсақалдары, үлкені-кішісі қауқылдасып отырып үлкен ас желініп болғаннан кейін, ұлықты қария бата беретін. Ас қайтарылған соң, жағалай жайғасқан қонақтардың қолына су құю рәсімі басталатын.
Осы рәсім жайында ел ағасы болған Өміртай қарияның айтары мол. «Қазақтың қай салт-дәстүрін алсаң да тәрбиенің мөлдір бұлағынан сусындағандай боласың. Ол кәдімгі қадірлі дәстүр еді. Перзентіне су құйғызып, оның батасын алуды үй иесі өзіне мәртебе санайтын. Бір қолға құман, бір қолға леген, мойынға сүлгі асып, балалар қолға су құятын. Оның да өзіндік тәртібі бар. Ата-аналарымыз «Су етектен, бата төрден» деген, «оң жақтан бастап құй», «бір қолыңмен шүмегін ұстап тұр», «сарылдатпа, үзіп-үзіп үш рет құй», «төртіншісін қонақ сұраса ғана құй», деп бақылап тұратын» дейді ол.
Суды не үшін үзіп құятынын да есейе келе білдік. Әдетте, қайтқан кісінің денесін жуындырып, мейрам суын құйған кезде ғана ожаудағы су таусылғанша үзбей құяды екен. Байқап қарасақ, ұлы дала өсиетіне балаған ұлтымыздың салт-дәстүрінің пәлсапалық мәні тереңде жатыр. «Батаменен ер көгереді, жауынменен жер көгереді» дегендей, өсіп келе жатқан ұрпақтары халықтан бата, алғыс алып, өркен жайсын, өсіп-өнсін, үлкен кісіге құрмет көрсетсін деген ниетпен сондай жақсы қадамға бағыттайды екен.
Осы дәстүр жайында ел аузында мынадай аңыз да бар деп қария тамағын кенеп қойып, әңгімесін жалғай түсті. «Дәуіт пайғамбар отыз ұлынан айрылған соң қайғыдан қан жұтады. Ұлық Алла оны жұбату үшін тағы бір ұл сыйлайды. Перзент сыйлардың алдында оған шарт қояды.
«Әй, Дәуіт, ұлық Алла саған бір ұл нәсіп етеді. Бірақ, ол баланың қызығын тоғыз жыл ғана көресің. Осыған ризасың ба?» дейді. Ол іштей қынжылса да «Жаппар иемнің әміріне не қылса да, ризамын», – деп келіседі.
Көп ұзамай ұлды болып, есімін Сүлеймен қояды. Дәуіт патша болғандықтан, оның сарайына күн сайын жүздеген адам қонаққа келеді екен. Сол кезде жеті жасар Сүлейменді бір қолына құман, бір қолына сүлгі ұстатып, сарайдың алдында қызметке қояды. Бала күні бойы кірген-шыққан қонақтардың қолына су құйып, алғысын алады. Оның адал қызметіне риза болған қонақтар тоқсан тоғыз түрлі тілек айтып, бата береді екен. Арада он бес жыл өтеді. Сүлейменнің бұғанасы бекіп, қабырғасы қатайып, ойы да, бойы да өсіп, азамат болып ер жетеді.
Бір күні Дәуіт ұлық Аллаға:
– Уа, Алла, маған ұлыңның қызығын тоғыз жыл ғана көресің деп едің. Бұл не хикмет?, – деп сұрайды.
– Рас айтасың. Сүлейменнің пешенесіне тоғыз жылдық ғұмыр жаздым. Бірақ зерек ұлың қонаққа қызмет етуден шаршамады. Ақсақалдардың батасын алуға құмар болды. Күн сайын адамдар оған менің 99 есімімді айтып, шын жүректен алғыс жаудырып, батасын берді. Көптің алғысымен оның ғұмыр жасы ұзарды. Менің бір есімім – халық. Халықтың тілегін қабыл етпеу ұлықтығыма сын болар. Бүгіннен бастап Сүлейменге 99 түрлі мұғжиза берем. Жердегі бүкіл тау-тас, аң-құс, он сегіз мың ғаламға патша етемін, – дейді. Содан бастап Сүлейменге дарымаған керемет қалмапты деседі.
Осыған орай ел аузында «Сүлеймен де су құйған», «Су иесі – Сүлеймен» деген нақыл сөздер таралып кеткен, балаларым» деп Өміртай қария әңгімесін ұлағатты аңызбен қорытты.
Бүгінде үйге қонақ келгенде жас баласының қолына құман мен сүлгі беріп «Үлкен кісілердің батасын ал» деп су құйғызып, атадан қалған ғибратты дәстүрге баулитын ата-аналар азайып барады. Жоғарыда айтқандай көнекөздердің шұрайлы сөзі де оқта-текте айтылады. Менің ойымша, рухани тәрбиенің алтын діңгегі іспеттес ұлттық болмысымызға бойлайтын, бастауы тереңнен тамыр алған осындай әдет-ғұрпымыз жоғалмаса екен. Себебі, ол бізге атадан қалған асыл мұралардың ең ізгісі мен қадірлісіне баланады.
Гауһар АСҚАРҚЫЗЫ.