Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ақмешіт апталығы

Газет 1994 жылдан бастап шығады
» » ҚОЛЫҢНАН КЕЛГЕНШЕ БАУЫРМАЛ БОЛ

ҚОЛЫҢНАН КЕЛГЕНШЕ БАУЫРМАЛ БОЛ

   Бұл – зейнеткер Игілік атаның балаларына жиі айтатын сөзі. Сексеннің үстіне шыққан тыл ардагері бала күнінен талай қиындықты көріп өсті. Жастайынан жетім қалды. Тым болмаса, қасында бауыры да болмады. Өйткені, баладан жалғыз еді.
Құдай пендесін қашанғы жылатсын. Кейін ол өзін түсінетін, әрдайым жанынан табылатын, көркем мінезді, керемет қызға жолығып, шаңырақ көтереді. Ұлдар мен қыздары дүниеге келіп, үбірлі-шүбірлі болды. Көпті көрген қария бауыр деген сөздің қаншалықты қасиетті екенін өте жақсы біледі. Оны балаларына да айтып отырады.
– Мен жалғыз болып өстім, қарақтарым. Ата-анадан да ерте айрылдым. Сондайда ең құрығанда, бір түйір бауырым болғанда ғой деп армандайтынмын. Бірақ, Аллаға шүкір, маған сендерді берді. Арыстай ұлдарым, асылдай қыздарым бар. Одан артық қандай қуаныш керек... Жастайымда көрмеген рахатты қартайған шағымда көріп отырмын. Немере, шөбере арасында үлкен атамын. Міне, бақыт дегенің осы, – деп ақсақал шүкір айтуды да ұмытқан емес.
Кейде уақыт тауып, осындай қазыналы қариялардың әңгімесін тыңдап қайтатыным бар. Себебі, олардың айтқаны – біздерге өнеге. «Кемпірімнен ерте айырылғаным болмаса, төрт құбылам түгел жанмын» деді бірде күлімдеп қарап.
– Неге, олай дедіңіз, ата?, – деп сұрадым.
– Төрт ұл, төрт қызым бар. Олар – төрт құбыламдай ғой, – деді ақсақал. Сол кезде түсіндім, балаларын құбылаға теңеген әкенің қасиеттілігін.
Армансыз адам болмайды, иә... Адам баласы қандай жасқа келсе де, армандай береді екен. Игілік атаның да өз арманы бар. Қандай десеңіз, ұрпақтарының бауырмал болғанын, бөлінбегенін қалайды.
Бірде қарияның үйіне бардым. Бір өзі бөлмесінде теледидар көріп отырды. Үй іші тып-тыныш. Немере-шөберелерінің шулағаны естілмейді. Балалары да, келіндері де көрінбейді. Тақиялы атаның жүзінде бір мұң бары байқалды. Керегесі кең үлкен үйде үлкен кісінің бар жағдайы жасалған. Бірақ, оған керегі ол емес. Оған керегі – дидарласу. Жүзбе-жүз отырып, амандық сұрасу. Расында да, біз осыдан қалып бара жатқандаймыз...
Қазір бір үйде бірнеше теледидар бар... Ата-анам айтып отыратын: «Теледидары бар үй – ауылдағы бай үй. Кешкілік көшедегі балалардың бәрі сол телевизордың алдына жиналатын. Ал, қазір мұның да қадірі қалмапты» деп. Иә, сөзінің жаны бар. Бүгінде бәрінің үйінде қос-қостан алып қойған. Тіпті, әр бөлмесінде әрқайсысы өзімен-өзі көгілдір экрандағы қалағанын көріп, ешкіммен шаруасы болмай отыра береді.
Қария да өз бөлмесінде, қалғандары өз бөлмесінде. Осыдан кейін бауырмалдық, жылылық қайдан болсын? Бір үйде тұрса да, бір-бірімен сөйлесуден қалып барады. Бәрі тек бір уақытта ғана бас қосады. Ол – дастарқан басында. Онда да кейбірінің қолынан телефоны түспейді. Міне, соның бәріне қарап қария қамығады...
– Біздің кезімізде теледидар, телефон деген болмады. Ауылда мал шаруашылығымен айналыстым. Есесіне жайлаудағы үй қонақтан арылмайтын. Марқұм кемпірімнің самаурыны үнемі қайнап, дастарқаны жайнап тұратын. Қолдан келгенше, қонақжайлылық танытып, соңында қаймана қазақпен бауырдай болып кететінбіз.
Бауыр болу үшін бір анадан туылудың қажеті жоқ. Бауырмалдық – үлкен қасиет, асыл дініміздегі ең қастерлі ұғымдардың бірі. Өйткені, оның бойында мейірімділік пен сүйіспеншілік, сыйластық пен кеңпейілділік секілді ізгі қасиеттер тұнып тұр. Осы қасиетті балаларымның бойымнан көрсем екен деймін. Мүмкін, мен әке болып, дұрыс тәрбие бере алмадым ба деп жиі ойналамын... Бірақ, бауыр етім – ұрпағымның амандығын тілеп отырамын. Себебі, олардан басқа кімім бар? – деді қария іштей бір күрсініп...
Бәрі де рас... Телефон, теледидар дегеніңіз қалады. Ол – техника, бүгінгі күнге қажеттілік құрал. Ал, ағайынның арасындағы бауырмалдық сезімге ешнәрсе жетпейді. Қарияның әңгімесін тыңдап отырып, бір-бірімізге мейірімді һәм кешірімді, жанашыр, көркем мінезділік танытып, қамқор және бауырмашыл болуды түйдім. Жүрегіңде өмірге, ата-анаңа, ең жақын адамдарға деген бауырмалдық, сүйіспеншілік бүр жарсын. Бірақ, ол сезім ешқашан сөнбесін, адамдар алыстамасын дегіміз келеді.

Ақтолқын НҰРЛЫБАЙ.

05 желтоқсан 2017 ж. 2 948 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (1693)

28 қараша 2020 ж.

№91 (1692)

24 қараша 2020 ж.

№90 (1691)

21 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 

Суреттер сөйлейдi

ТҮНГІ ҚЫЗЫЛОРДА
01 қараша 2017 ж. 14 420 0
  • Акимата Кызылординской области
  • Сайт президента
  • Нұрлы жол
  • Рухани Жаңғыру
  • Жаңғыру 30
  • Egov
  • Digital Kazakhstan
  • Нақты қадам