Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ақмешіт апталығы

Газет 1994 жылдан бастап шығады
» » ЕСТЕ ҚАЛҒАН ЕРЕКШЕ КҮН

ЕСТЕ ҚАЛҒАН ЕРЕКШЕ КҮН

Көпшілік күткен жаңа жыл да жақын қалды. Әр мейрамның өз ерекшелігі бар. Бірі бұл күнді басқаша атап өткісі келеді. Алдын ала жоспар құрады. Енді бірі аяқ астынан түрлі қызықтарға тап болып жатады. Айталық, ресейлік «Ирония судьбы» мелодрамасы тәріздес.
Ал, сіздің өміріңіздегі қай жыл өз ерекшелігімен есте қалды? Бұл мерекені қалай атап өтесіз? Осыған орай бірқатар жерлестерімізді әңгімеге тартқан едік.
Далада тоңып қалдым
Айгүл Сағымбай, облыс әкімінің кеңесшісі:

– Жаңа жылдағы бір оқиға есімде қалыпты. Мен 1 қаңтар күні таңертеңгі сағат 8.00-ден түскі 12.00-ге дейін кезекшілігімді атқаруға жұмысқа келдім. Ол кезде жас едім. Сол жылы қыс өте суық болды әрі мұздақ.
Мекемеге келсем, күзетшілер есік ашпайды. Сөйтсем, ұйықтап қалыпты. Жарты сағаттай есік алдында тұрып қалдым. Олар есік ашқанда ернім сөйлеуге келмейді. Аяғым бір жерде тұра беріп, қатты тоңса керек, жүруге шамам жоқ. Содан екеуі кешірім сұрап жүріп, жылынсын деп жылудың қасына апарды. Әлім кіргеннен соң жылап жіберіппін. Екеуі қорыққаннан не істерін білмей, бастарын сипай беріпті. Содан бері қаңтардың алғашқы күнінде кезекші болмаспын дегенмін. Келесі жылы 2 қаңтарға қойыпты. Бұл да – жұмыстың өз қызығы.
Осы мейрам – отбасылық мереке. Анамнан көргенім бар, Жаңа жыл алдында міндетті түрде ыдыс-аяқты жаңадан сатып алып пайдаланамын. Анам және бауырларыммен бірге қарсы аламын. Үйді безендіреміз, дастарқанға қоятын ас мәзірін әзірлейміз. Кішкентайлардың өнерін тамашалаймыз. Сосын жыл сайынғы әдет – көршілеріміздің үйіне барып, құттықтап шығамыз. Бұл – адамның бір-біріне деген жақсы ниетінің түзулігі, көңілінің ақтығы, бауырмалдықтың, бір-бірімізге деген сыйластықтың белгісі.
Аяз ата атанған әжемін
Қайыркүл Балманова, қала тұрғыны:

– Біздің бала кезімізде сексеуілді шырша ретінде пайдаланатынбыз. Оны қолдан безендіретінбіз. Ойыншықтарын қағаздан қиып, оны әр түске бояймыз. Оларды жіпке тізіп, сәндейміз. Соның өзі қызық. Үстімізге үлкен шапан, бетке маска киіп аламыз. Негізі Жаңа жыл мерекесі балалық, жастық шағымды, ауылды еске түсіреді. Өзім Жалағаш ауданының Аққыр ауылынанмын.
Айтпақшы, мынадай қызықты жайттар болды. Ағжан, Мағжан есімді немерелерім бар. Бүгінде екеуі – студент. Әр жыл сайын оларды алдайтынмын. Есіктің алдына сыйлық дайындап, үйге ақырын кіремін. Содан өзім әдейі тықылдатып, «Есікті ұрып тұр-ау, көріңдерші» деп жіберемін. Бала ғой, жүгіріп кетеді. «Алақай, Аяз ата келіпті, сыйлық әкеліпті. Өзі жоқ» деп аң-таң күй кешеді. Көрші балалардан «Сендердің үйлеріңе Аяз ата барды ма?» деп сұрайды. Сосын кейіннен оны жасап жүрген мен екенімді білді. Ашуланған жоқ. Қайта күліп, әлі күнге дейін айтады.
Пойызда қарсы алдым
Сәбит Құдайбергенов, асаба:

– Жеті қазынаның бірі – ит жылы табалдырығымызды аттамақ. Өзім сол жылы дүниеге келгенмін. Сондықтан тек жақсылықтан, қолға алған мақсаттың орындалуынан үмітім көп.
Біз үнемі жолда жүреміз. Мерекелік кештер, шақыртулар көбейе түседі. Әрине, әртүрлі оқиғалар болады. Соның ішінде есімде қалғанын айта кетейін. Өткен жылдары Жаңа жыл қарсаңында бір досым келді. Өзі жолсерік болып істейтін. Бір кезде Арал ауданына қайтатын болды. Мен оны шығарып салуым керек. Содан вокзалда пойыз 15 минут тұрады ғой. Ішіне кіріп, жолдас баламды орналастырып жүргенде түсуге үлгере алмай қалғаным бар. Сөйтіп, Жалағаштан кері қарай қайтуға тура келді. Сондай сәттер жиі орын алады.
Жаңа жылды жақындарымның ортасында өткіземін. Жалпы, қазақ халқы Ұлыстың Ұлы күнін асыға күтеді. Өйткені, нағыз мерекеміз – сол кез.
Анаммен бірге тойлаймыз
Нұржан Бихожаев, қала тұрғыны:

– Мен үшін Жаңа жыл ол – анамның дүниеге келген күні. Біз 1 қаңтарда Сырдария ауданы Шіркейлі ауылындағы үлкен шаңыраққа жиналамыз. Барша ағайын сол жерде бас қосады. Кезінде ауылдың сыйлы келіні болған анамыз – бүгінде ақжаулықты әже. Анамыз – отбасының аяулысы болып отырған жан. Сондықтан үнемі мереке қарсаңында сыртта, жолда қалып қоймай, анамды ертерек құттықтауға асығамын. Өйткені, бізді дүниеге әкелген, әкем екеуі тәрбие берген олардың еңбегі өте зор.


Дайындаған: Ақтолқын НҰРЛЫБАЙ.
03 қаңтар 2018 ж. 2 848 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (1693)

28 қараша 2020 ж.

№91 (1692)

24 қараша 2020 ж.

№90 (1691)

21 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 

Суреттер сөйлейдi

ТҮНГІ ҚЫЗЫЛОРДА
01 қараша 2017 ж. 14 420 0
  • Акимата Кызылординской области
  • Сайт президента
  • Нұрлы жол
  • Рухани Жаңғыру
  • Жаңғыру 30
  • Egov
  • Digital Kazakhstan
  • Нақты қадам