Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ақмешіт апталығы

Газет 1994 жылдан бастап шығады
» » АДАМЗАТТЫҢ АДАСТЫРМАС ШЫРАҒДАНЫ...

АДАМЗАТТЫҢ АДАСТЫРМАС ШЫРАҒДАНЫ...

  «…Абай әлемі бізді жеті түнде адастырмас темірқазык іспетті. Соған қарап тірлігіміздің дұрыс-бұрысын сараптай аламыз. Өйткені, жанды жегідей жеп жүрген көп сауалдың жауабын ол кісі әлдеқашан айтып кеткен. Абайды оқып отырып-ақ, көштің басын баяғыда-ақ жөнге салып алуға болатын еді. Сорлатқанда біреудің уақыты жетпейді, біреудің ұғымы жетпейді. Шынында, қым-қуыт тірлікте адамдар бір-бірін түсінісе алмай ашу-ызаға булығып араздасып жатады. Туысқан-бауырлар сөз көтере алмай немесе аз-маз дүниені өзара бөлісе алмай бір-бірін көрместей айқайласып, арты жантүршігерлік өліммен аяқталып жатқанын да көріп жүрміз. Осындай сабырсыз пенделердің зердесіне сабақ болсын деп Абай атамыз қаншама философиялық ой-жинақтарын қара сөзбен толғап, өлеңмен өрнектеп кеткен.
Ызалы жүрек, долы қол,
Улы сия, ащы тіл.
Не жазып кетсе, жайы сол,
Жек көрсеңдер, өзің біл.
Адамдардың бойындағы жаман қасиеттерін ащы тілмен түйреген, пәрменді сөздермен санасын оятқан. «Дос жылатып айтады, дұшпан күлдіріп айтады» деген нақылға дөп келетін өлең жолында «Жек көрсеңдер өзің біл» дейді. «Турасын айтқан туғанға жақпайды» дегендей ғұламаның әрбір насихатынан өмір жолыңа бір ғибратты ақыл табасың. Ашуға булықсаң, сабаңа түсесің, адассаң жол табасың. Әйтеуір күнделікті күйбең тірлікте қолыңа қараңғылықта табылған шырақ секілді сәуле жағады.
…Қазіргідей заманда Абай жырларына айына емес, аптасына емес, күніне бір үңіліп қоймай болмайды. Сонда жан қинап жүрген қай күмәннің де бәріне жауап таба аласың.
Бұл сөздер – әрбір адамның дұрыс жетілуіне кепіл болатын, коғам өмірінде басшылыққа алатын бағдарламалық ойлар тәрізді.
Әр елдің өз ұлы адамдары болады. Оларды кезінде дұрыс танып, қалдырған мұраларын халық игілігіне қолдана білген елдер заманның қандай шырғалаңынан да еркін шығып отырады. Мысалы, бір ғана елді, көршіміз Қытайды алайық. Конфуций мұрасын олар өзінің рухани өмірінің күретамырына айналдыра білген. Ұлы ойшыл осыдан екі жарым мың жылдай бұрын өмір сүрсе де, олар оның жазғандарын әлі күнге дейін өздерінің күнделікті өмірлерінің кодексі ретінде пайдаланады. Елдің барлық саяси-әлеуметтік өзгерістерінде де ұлы Конфуцийдің ілімі ешбір мұқалмайды, қайта сол саяси өмірдің іргетасына айналып, жаңаша құбылып отырады. Оның нәтижесін осы күнгі қытай елінің қарқындап өркендеу екпінінен де көріп отырмыз. Қытай халқына ұлы Конфуций жол көрсететін шамшырағы болса, бізге – ұлы Абай бабамыз сондай шамшырақ болуға лайық.
Абай есті кісілер мен есер кісілердің мінезін, қылығын, сырт қарағанда оп-оңай көзге іліне қоймайтын ерекшеліктерін қалт жібермей, дәл басып, дәл танитын үлкен суреткерге тән көрегендікпен сипаттап береді. Ойын әсерлі бейнелеп, тікелей ақыл-кеңес айтуды да жөн көреді. «Егерде есті кісілердің қатарында болғың келсе, күнінде бір мәрте, болмаса жұмасында бір, ең болмаса айында бір, өзіңнен өзің есеп ал! Сол алдағы есеп алғаннан бергі өмірді қалай өткіздің екен, не білімге, не ахиретке, не дүниеге жарамды, күнінде өзің өкінбестей қылықпен өткізіппісің? Жоқ болмаса, не қылып өткізгеніңді өзің де білмей қалыппысың?» дейді.
Бұдан біз адамның есті болуының басты шарты – оның әрбір істеген ісіне сын көзімен қарап, дұрыс бағалай білуі, содан тиісті қорытынды шығара алуы деген түйінді аңғарамыз. Он тоғызыншы сөзінде Абай осы ойын тағы бір қырынан өрістетіп «Адам туғаннан есті болмайды, естіп, көріп, ұстап, татып ескерсе, сондай білгені, көргені көп адам есті, білімді болады және естілердің айтқан сөздерін ұғып, ескеріп жүрген кісі өзі де есті болады» дейді ұлы ойшыл.
Қалай десек те, Абай атамыздың ойлы туындыларын бойтұмардай кәделеп, жүрек түкпіріне жинақтасақ, тұшынып, қажетімізге пайдалансақ, қысқа өмірде өкініп, бармақ тістемес едік-ау... Әттең...

Гауһар ҚОЖАХМЕТОВА.
03 қаңтар 2018 ж. 1 476 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (1693)

28 қараша 2020 ж.

№91 (1692)

24 қараша 2020 ж.

№90 (1691)

21 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 

Суреттер сөйлейдi

ТҮНГІ ҚЫЗЫЛОРДА
01 қараша 2017 ж. 14 422 0
  • Акимата Кызылординской области
  • Сайт президента
  • Нұрлы жол
  • Рухани Жаңғыру
  • Жаңғыру 30
  • Egov
  • Digital Kazakhstan
  • Нақты қадам