АЛКОГОЛЬДІ ІШІМДІК ІШУДІҢ ЗИЯНЫ АНЫҚТАЛДЫ
Ішімдік ішетін адамдардың ми импульсі тексеріліп, олардың өз іс-әрекетін басқара алмайтыны анықталған. Калифорния штатындағы америкалық университет ғалымдары осындай қорытынды шығарған. Бұл жөнінде segodnya.ua сайтында жазылған.
18 ерікті адам қатысқан зерттеу жұмысына экран ортасында пайда болған шаршы пішіннің түсін анықтау тапсырылған. Ал экранның басқа тұсынан шығып жатқан пішін түстеріне мән бермеуі керек болатын. Дегенмен, ішімдік ішкен адамдардың экран ортасынан емес, шетінен шыққан шаршы түсін айтқаны анықталған.
Сонымен қатар, ғалымдар арнайы құрылғы арқылы зерттеу жұмысына қатысушылардың ми импульсын анықтап көрген. Яғни, ішімдік ішкен адам болып жатқан жағдайды дұрыс қабылдағанымен, дұрыс әрекет жасай алмайтыны белгілі болған. Зерттеу жұмысына қатысып жатқандар берілген тапсырманы дұрыс түсінген. Бірақ экран ортасындағы емес, шетіндегі шаршы пішіндердің түсін айтқан. Адамның мұндай күйі көлік жүргізген кезде өте қауіпті болып саналады.
Айтолқын АЙТЖАНОВА.