ҒАЛЫМДАР ҰЙҚЫНЫҢ ҚАНБАУЫ НЕЛІКТЕН ҚАУІПТІ ЕКЕНІН АЙТТЫ
Ұйқының қанбай қалуы біздің әлемге деген көзқарасымызға әсер етеді. Мұндай қорытындыны Лос-Анджелес қаласындағы Калифорния университетінің ғалымдары жасады. Олар өз зерттеулерін Nature Communications басылымында жариялады, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі.
Ғалымдар эпилепсия дертіне шалдыққан 12 адамның миына зерттеу жүргізген. Зерттеуге қатысқан пациенттер әртүрлі суреттерді белгілі бір категория бойынша бөлуі қажет болған. Алайда олар ұйқылы-ояу болғандықтан, аталған тапсырманы орындаған кезде қиналып қалған.
«Біз ұйқының қанбауы мидың белсенділігіне әсер еткенін байқадық», - дейді аталған зерттеудің жетекшісі, доктор Юваль Нир.
Сонымен қатар ғалымдар адам ұйықтамағанымен, оның миындағы жасушылардың бір бөлігі «ұйықтағанын» анықтаған. Бұл адамның уақытша жадынан айырылуына әсер етіп, көз проблемасын да тудыруы мүмкін. Яғни, көлікті жүргізген адам ұйқысы қанбай қалса, жаяу жүргіншілер жолында кетіп бара жатқан адамды байқамай қалуы мүмкін деген сөз.
«Бұл жағдай біздің қоршаған ортаны қалай қабылдайтынымызды және оған қалай әсер ететінімізді көрсетеді. Яғни жаяу жүргіншілер жолында болып жатқан процес шаршаған мида баяу өтеді. Сол себепті ми болып жатқан жағдайды тіркеп үлгеруі керек», - дейді зерттеу жұмысы авторының бірі, профессор, нейрохирургия докторы Ицхак Фрид.
Оның айтуынша, ұйқының қанбауы миға көп мөлшерде алкогольдік ішімдік ішкенмен бірдей әсер ететін көрінеді.
«Бірақ, мас жүргізушіні анықтағандай, заңды тұрғыдан да, медициналық тұрғыдан да шаршап тұрған жүргізушіні анықтау мүмкін емес», - дейді Фрид.