Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ақмешіт апталығы

Газет 1994 жылдан бастап шығады
» » ҚОС ҚАРЛЫҒАШ, ҚИЯҚ ҚАНАТ ДОСТАРЫМ...

ҚОС ҚАРЛЫҒАШ, ҚИЯҚ ҚАНАТ ДОСТАРЫМ...

Осы көктемде нағашымның ауылына бардым. Нағашымның қара шаңырағы шағын. Десе де, іші берекеге толы жылдар өтіп, үй ескірді. Ескі үйді үлкендер бұзғысы жоқ. Өйткені, ол – көпті көрген ата-әжемнің көзі еді. Содан балалары сыртқы бөлмесін ғана бұзып, қалғанына жөндеу жүргізіп, ескінің жанынан жаңа үй көтеруге ниеттенді.
Бір күні ауылға тағы бет алдым. Сөйтсем, ағаларым тірлікті тоқтатып қойыпты. Неге десеңіз, сыртқы кіре беріс бөлменің төбесіне қос қарлығаш ұя салып жатыр екен.
– Жұмысты енді бастағалы отыр едік, мына құстар келіп, ұя салуда. Енді біз тірлігімізді балапандарын ұшырғаннан кейін жалғастырамыз деп шештік. Әйтпесе, қарлығаштарға қиын ғой, – деді нағашы ағам.
Бұл сөзге іштей көңілім жылып қалды. Дереу құс ұясына қарай бардым. Қос қарлығаш көзге түсті. Сүп-сүйкімді қанаттылар өз ұясын салып жүр екен. Бір сәтте есіме «Нұрмұқасан» тобының «Қос қарлығаш» әні түсті. Осын әнді іштей айта бастадым.
Бала кезімді сағынышпен еске алдым. Ол кезде біз «Қарлығаштың құйрығы неге айыр?» деген мультфильмді көретінбіз. Осы бір кішкене құсты барша адам баласы өзіне жақын тартады. Басқа қанаттылар бізден қорқып, үркіп қашып жүреді емес пе? Қарлығаш шаңыраққа ұя салады, адамға бауыр басады. Үйіңіздің ішіне үйін салып, балапанын қанаттандырып ұшырады. Адамдар да оған тиіспейді. Ол – адамның досы, жанашыры, қай кезде де қамқор, адал құс.
Қарлығаштың ұясын ешкім бұзбайды. Оны киелі деп есептейді. Қарлығаш əр шаңыраққа еркін кіріп ұшып жүре береді. Соңғы уақытта бұл көрініс көзге шалына бермейді. Әсіресе, қалада тым сирек. Ұя салуға қамданған қарлығашты, есігін айқара ашқан үй иесін де көрмейтін болып барамыз. Есіктер жабылды, құс та өз панасын іздеп кетті. Қазір адамдар пейілі қандай? Соңғы кезде адамдар үйдің айналасын биік етіп қоршаған. Мұндай үйлерге құс та кіре алмайды, көршіні де көрмейді. Тіпті, танымайтын дəрежеге жетті.
Ал, бұрын қандай едік? Дарқан көңілді қазақтың қай шаңырағы болмасын, барлық жанға ашық болған. Бір-бірінің үйіне еркін кіріп-шығып жүретін. Қарлығашқа да орын табылатын. Қазір адамдардан мұндай кеңдікті, жанашырлықты көрмейсіз. Мұны құс та сезгендей...
Қазақ ұғымында ол пейіштің құсы. Білетіндердің айтуынша, əн салатын құстың көмейі қасиетті Құран сүрелерін шырқайтын көрінеді. Ел аузында Ескендір Зұлқарнайынды қарлығаш пəле-жала, қауіп-қатерден сақтапты деген тəмсіл бар. Бұл құс екі көзі соқыр болып туған балаларға арнап көкнəрдің сөлін жияды дейді. Ақ жəне қара қауырсыны алмасқан оның қанаты түнек пен жарықтың белгісі деседі. Міне, кішкене ғана құстың киесі осында…
Тағы бір кереметтілігі, олар балапандарын құлап кетпес үшін аяғын аттың қылымен байлап қояды екен. Кейін ұшар кезде сол қылды өздері шешіп тастайды.
Негізі адамға жақын құс ұя салса, ол үйге береке кіреді деген наным бар. Соны түсініп, қарлығашқа қиянат етпеген нағашы ағама да, әлгі табиғаттың сыйы – қасиетті құстардың аман-есен қанаттанып кеткендеріне де қуанып қалдым. Шіркін, адам жүрегі үнемі осындай жылылыққа толы болса ғой...
Нағашы ағамыздың үйінен шыққанда «Нұрмұқасан» тобының «Қос қарлығаш» әні алыстан естіліп жатты...

Қос қарлығаш, қияқ қанат достарым,
Қанатымен тілгілеген аспанын.
Тілгіленіп қалап еді-ау жүрегім
Ұя салса ауласына басқаның.
Аспанда қалықтаған қарлығаштар да көзге түсті. Ал, жүрек түкпірінде оларға деген қимастық бар...
Ақтолқын НҰРЛЫБАЙ.
17 шілде 2018 ж. 3 141 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (1693)

28 қараша 2020 ж.

№91 (1692)

24 қараша 2020 ж.

№90 (1691)

21 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 

Суреттер сөйлейдi

ТҮНГІ ҚЫЗЫЛОРДА
01 қараша 2017 ж. 14 422 0
  • Акимата Кызылординской области
  • Сайт президента
  • Нұрлы жол
  • Рухани Жаңғыру
  • Жаңғыру 30
  • Egov
  • Digital Kazakhstan
  • Нақты қадам