"БЕСІКТІ ЛАҚТЫРМАҒАНДА..."
Қазақ халқы шаңырақты, бесікті, босағаны қасиет тұтқан. Кез келген үй босағадан бастау алады. Жаңа түскен келін «Босағам берік болсын» деген ниетпен оң аяғымен аттап кіреді. Шаңырақпен еңсеңіз биіктейді. Берекелі үйдің шаңырағынан түтіні түзу шығады. Ал, бесікпен ұрпақ жалғасады.
Сол себептен бұл үшеуін ешқашан аяқпен теппеген, лақтырмаған. Өйткені, әрқайсысының киесі бар. Тілші болған соң халықтың арасында жиі жүреміз. Бірінің жайдарлы жүзін көріп, жарқырап қаламыз. Енді бірінің жабырқаулы түріне қарап, еңсеміз төмен түсіп кететіні рас. «Бес саусақ бірдей емес». Әр адамның өзі де, тағдыры да әртүрлі болады.
Сексеннің сеңгіріне шыққан атамның үй жағына жиі бардым. Амандығын біліп, арасында әңгімесін тыңдап қайтамын. Үй жанында көршісі бар. Қарт кісі, үнемі жалғыз жүреді. Көбіне «Бесікті лақтырмағанда...» деп қайталап, қалың ойдың үстінде отырады. Ондай кезде ешкімді елемейді. Көзіне қарай қалсаңыз, бір мұңды жасырып тұрғандай... Кейде атама келіп, ішіндегі шерін ақтарып кетеді. Басқа ешкіммен ашылып сөйлеспейді. Оны іздеп келіп жатқан жанды көрмейміз. Біз ағайын-туыс, бала-шаға болып жиналып, үлкен үйге бара қалсақ, көрші қарт қызыға, күлімдеп қарап тұрады.
Балаларының жанында жарқырап отыратын қарттық шағында мұндай күйге қалай түсті? Анамның «Ер-адамның сағы сынбасын» деп үнемі айтатын сөзі бар. Бір үйдің бәйтеректей қазынасының сағы неліктен сынды? Сырласы, мұңдасы, ақылшысы атамды сөзге тарттым.
– Қызым, ол адамның тағдыры. Әркім маңдайына жазылғанын бастан өткереді. Оның да бір кездері бақытты шаңырағы болды. Өзі ұста, қолынан көп нәрсе келеді. Алла бір ғана перзент берді. Кейіннен ұлы ержетіп, үйленді. Пейіліне қарай келіні жақсы боп кездесті. Замандасым да немере сүйді. Сол кездегі «Мен ата болдым» деп, Жаратқанға шүкір еткен қуанышы әлі есімде. Сондай жүзін көрмегеніме біраз болыпты, – деп атам әңгімесін қайта жалғастырды.
Жасыратыны жоқ, «Шаңыраққа ие болып қалатын ұлдың аты ұл ғой, шіркін қашанда» деп ақындарымыз жырлағандай, қыздан гөрі ұл дүниеге келсе, бірінші қуанататын халықпыз. Әйткенмен, келіні қатарынан 4 қызды өмірге әкелді. Оған дейін «Ұлды боламын» деген үмітпен келген күйеуі төртінші перзентін көруге құштар болмады. Сол күні үйіне ащы суға тойып кеп шаңырағының шаттығын қашырды.
– Ең қиыны, төрдегі бос бесікті босағаға лақтырып, сындарғаны жанға батты. Содан кейін бұл үйде береке болмады. Қыз тумадың деп әйелімен ажырасып, отбасы екіге бөлінді. Мұндай ауыртпалыққа анасы шыдамай көз жұмды. Ал, одан кейін ұлы көліп апатына ұшырап, дүниеден озды.
Адамның жалғыз қалуы бір-ақ сәтте. Бұл сынаққа да менің сырласым сабырлық танытып, өз күнін өлместің қамымен көріп келеді, – деді атам күрсіне... Сол кезде ғана әлгі кісінің «Бесікті лақтырмаған да...» деп айтатын сөзін, көзіндегі мұңын енді ұққандай болдым.
Әдетте, шаңырағын қиратып, бесігін бұзып, босағасын теуіп жататын келеңсіз көріністі теледидардан көретін едік. Өкінішке орай, өмірде де кездесіп отыр. Көпті көрген көнекөз атам айтқандай, адамның жалғыз қалуы бір-ақ сәтте. Сол үшін тірісінде барына қанағат тұтып, бағалап, сыйласқанға не жетсін...
Ақтолқын НҰРЛЫБАЙ.