ҚАРБАЛАСҚА ТОЛЫ АУЫЛ ӨМІРІ
Ауылдағы ағайын үшін бұл кезең нағыз қарбаласқа толы сәт. Қазан айы тәмамдалып, қарашаның ызғарлы күні есік қағып тұр. Тек күрең күздің соңғы айында ғана қаһарлы қыстың келіп қалғаны айқын сезіледі. Дәл осы мезгілде ауылға жол түсіп бара қалсаңыз, нағыз қайнаған тірліктің қазанына түсесіз. Ондағы қыстың қамын жасауға кіріскен ағайынның тынымсыз тіршілігі терезеден енгелі тұрған тоқсан күн қысты еріксіз сезіндіреді. Бірі су тасып, бірі отын-шөп шауып, ал енді бірі шабылған жыңғылды тасып әлек. Көшені дырылдаған трактордың көк түтіні басып, айнала азан-қазан болады. Жылу отындарынан бөлек, қыстық азық, төрт түліктің жем-шөбін де жылы күздің басында дайындап қойғанды құп көреді. Үйді-үйге асарлатып отын түсіріп, мал-жанның қора-қопсысын бүтіндейді. Қашан жерді ала қар басып, үскірік аяз бетті қарығанша еңбектенеді. «Қыстың қамын жаз ойла» деген тәмсіл осындай күнделікті тұрмыстан алынып, ел аузында сақталып қалса керек. Расында, қаладағы тұрғындарға қыстың машақаты айтарлықтай әсер ете қоймаса да, ауылдағы ағайын үшін бұл – үлкен сынақпен тең. Үш айдағы кәрі құтан қыс әлегінен сескенетін халқымыз шаруаға қолайсыз аталмыш мезгілден төрт құбыласы тең аман шығуды Тәңірден тілейді. Тыңғылықты әзірлік те жасайды. Бұрын шаруаның ебін әбден бес саусақтай меңгеріп алған атамыз әкемізге ақыл-кеңесін айтып, «Қыста малыңды бақ, жазда шөбіңді шап» деп отырушы еді. Сонда көпті көрген қарияларымыз жер аяғы кеңімей, қиыншылыққа ұрынбауды әрдайым еске салып отырғаны болса керек. Сол аталы ақылдың арқасында ағайындылар жиналып, қыс қамына кірісетін. Тамылжыған тамыздың соңына қарай ауа райынан салқын леп соғып, шөптің басын шық шала бастаған сәттен олар отын-шөп шабудың науқанын бастап кетуші еді. Тіпті, бір ай, екі айлап кетіп те, қыстық отын жинап келгендерді көзім көрген. Мұның бәрі бала-шағаның, тіршіліктің тұтқасы – төрт түліктің амандығын сақтаудың, табиғат тажалынан сақтанудың үлкен жолы. Қарап тұрсақ, бұл бір жағынан ауылдағы ағайынның бір-бірімен санаспай, қиын- қыстау кезде түскен жүкті жұмыла көтеріп, өзара жанашырлық танытудың, бауырмалдықтың биік үлгісі іспетті. Әйтпесе, бүгінгідей сананы тұрмыс билеп, әуелі өзіме болсын дейтін заманда мұндай кең пейілділіктің болуы да үлкен адамгершілік қасиеттің бір парасы екені даусыз. Ал, «Балапанды күзде санайды» демекші сырбойылық диқандар биылғы азығын төкпей-шашпай ұқыптылықпен жиып алды. Дала еңбеккерлері ерте көктемнен белі бүгіліп, күз түскенше қажырлы еңбек етеді. Сондай төккен тердің нәтижесінде 3444 гектар күріш дақылының егіс көлемінен 16 мың 876 тонна өнім алынды. Қала бойынша орта өнім 49 центнерден келіп, өткен жылмен салыстырғанда 1,3 центнерге артық жиналды. Ел қамбасына еселеп өнім салып, қойманы астыққа толтырған еңбексүйгіш қауымның бүгін көңілі тоқ. Себебі, төрт түлік малының қыстай азық ететін шабындық, жем-шөбі, бала-шағасының наны да қоймада қатталып дайын тұр. Мәселен, биыл қысқа түсетін малдарға барлығы 30 мың тоннадан астам азық жиналған. Оның ішінде егілген ескі жоңышқаның 50 гектары тұқымдыққа қалдырылып, жаңа жоңышқадан 181 тонна көлемінде өнім алынған. Барлығы 4000 тоннаға жуық жоңышқа шөбі дайындалған. Ал, сабан дайындау жұмыстары күріш егісін жинау барысында жүзеге асырылды. Қысқасы, қысқа сақадай сай. Тек мезгілі жеткен күннің алдап соғар мінезінен сескеніп, аса мұқияттылықпен қимылдап бағады. Әуелі «мал-жан аман ба?» деп хал сұрасатын қазекеңнің қашаннан тіршілігі осындай қарбаласқа толы. Тұрмысы қауырт тірлікке тұнып тұрса да, қанағат көңілді халқымыз бауыры бүтін, жан-жағы аман жүргенді көп олжаға балайды.
Бағлан ТІЛЕУБЕРГЕНОВА.