БИЫЛ БЕЛКӨЛГЕ ГАЗ КЕЛМЕК
Соңғы жылдары аймақта мемлекеттік бағдарламалар аясында айрықша істер атқарылуда. Солардың бірі – облыс тұрғындарын көгілдір отынмен қамтамасыз ету. Осыған дейін қалаға қарасты Қызылжарма, Ақсуат ауылдық округтері мен Тасбөгет кенті табиғи газға қосылды. Ал, биыл Белкөл кентіне «көгілдір отын» келеді деген жоспар бар.
Осыған орай өңірлік коммуникациялар қызметінің бастамасымен қалаға қарасты Белкөл кентін газдандыру жұмыстарының барысымен танысу мақсатында баспасөз туры ұйымдастырылды.
– Жыл басында облыстық бюджеттен Қызылорда-2 АГТС-нен тартылатын газ құбырынан Белкөл кентін газдандыру үшін 378,8 млн. теңге қаржы қаралды. Бұл жұмыс сәуірде басталып, қараша айында ел игілігіне беріледі деп жоспарланып отыр. Мұндағы мердігер «СК Орда құрылыс» мекемесі. Қазір бұл жерде 25 қызметкер жұмыс істеуде. Бүгінде құрылыс монтаж жұмыстарының 80 пайызы орындалды. Аталған кентте газдандыру аяқталғаннан кейін 3395 адам "көгілдір отынмен" қамтылады, – деді облыстық энергетика және тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық басқармасының бөлім басшысы Мадияр Сәдуақасұлы.
Сонымен қатар, Қармақшы ауданының орталығы Жосалы кентінде АГТС орнатумен қоса «Бейнеу-Шымкент» магистралды газ және бұрма-газ құбырларының құрылысын жүргізу үшін биыл республикалық, облыстық бюджеттен қаржы бөлінді. Осыған орай, мердігер мекемемен келісім-шарт жасалып, аталған ауданда құрылыс-монтаж жұмыстары басталды. Сондай-ақ, 2018-2020 жылдарға 12 жобаны әзірленіп, республикалық бюджеттен қаржыландыру үшін өтінімдер берілген. Бұл жұмыс мақұлданса, алдағы уақытта Сексеуіл, Қамыстыбас, Теренөзек, Жалағаш, Бесарық және тағы басқа елді мекен тұрғындары көгілдір отын игілігін көреді.
– Көптен күткен «көгілдір отынның» ауылға жетер күні жақын. Енді отын жарып, пешке от жағу машақатынан құтыламыз. Халықтың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайы жақсарды деген осы емес пе? Қазір алыстағы ауылдардың өзі өркениетке қарай оң қадамдар жасауда. Мен осында 26 жылдан бері тұрып келемін. Соңғы жылдары кент жаңарып, жасара түсті, – дейді Белкөл кенті ардагерлер кеңесінің төрағасы Сартай Қайруллаев.
Ақмарал ҚАДЫРХАНҚЫЗЫ.
Суретті түсірген: Н.НҰРЖАУБАЙ.