ӘРІ ТАМАҚ, ӘРІ ЕМ...
Халықтық медицинада картопты ерте заманнан-ақ шипалы ем ретінде қолданып келеді. Қазір ғана пісіріп, езілген картоптың буын иіскеп, ішке тарту жоғарғы тыныс жолының ауруын емдеуге көмектеседі екен. Түйнектен алынған шырынды да емге пайдаланады. Оны гастритке, асқазандағы он екі елі ішекте пайда болған жараға қарсы қолданады. Картоп шырыны асқазан серециясын тұншықтырып жойып жібереді, сөйтіп салқын тию әсерін жоюға қолайлы әсер етеді. Шикі картопты күйген жерге басса, тезірек жазылады.
Толық және семіруге бейім адамдар картопты көп жеуге ұмтылмауы керек, оның құнарлылығы және жақсы сіңетіні сөзсіз салмақ қостырады. Пайдалы заттарының барлығы қабығының астында болады, сондықтан оны тазартқанда қалың кеспеу керек. Дені сау адам үшін суда пісірілген немесе қуырылған картоптың ешқандай айырмашылығы жоқ. Ол әркімнің қалауына байланысты.
Асқазаны ауыратын адамдарға, мысалы, тұрақты гастриті, жарасы барларға суда немесе қыздырып пісірген картопты пайдаланған жөн. Қыздырып пісірілген картоп жүрегінде дімкәсі барлар да пайдаланады, өйткені, онда калий көп, жақсы сіңіріледі, крахмал мол. Құнарлылығы да едәуір жоғары. 100 грамында 83 ккал болады.
Ас қорытатын ферменттердің әсерінен крахмал кәдімгі үйреншікті қанттың, тәттінің, балдың негізін құрайтын қарапайым қантқа ыдырайды. Сондықтан қант диабеті бар және семіруге бейім адамдар аз тұтынғаны жөн.
Тілші түйіні: Реті келсе, ауырмаңыздар, ағайын! Дендеріңіз сау болсын!
Дайындаған: Ақтолқын НҰРЛЫБАЙ.