ТОҚЫМА ТОҚУ ҰМЫТ ҚАЛДЫ МА?
Жақында алыстағы ауылдан дорба келді. Сағынып жүр десе керек, анам ішіне бар тәуірді салып, қалтаның ұшын буып жіберіпті. Бала күнімізде өз қолымен тоқып беретін жүн башмағын да ұмытпапты. Ең түбіне орап салған екен. Көрген бойда көзіме оттай ыстық басылды. Балалық шақ еске түсті ме, әлде шешемнің қаланың аязды күнінде тоңып қалмасын деген жанашырлығын сезіндім бе, әйтеуір көңілім босады. Аяғымның өлшемін де ұмытпапты. Құйып қойғандай тұп-тура. Ал, иісі жарықтық ауылды еске түсіреді. Бұрын анам күн ыз етіп салқын түскеннен үйдегі әрқайсысымызға тоқыма тоқу жұмысына кірісетін. Әкем, аға-апаларымның да қыс бойы киіп шығатын жүн шұлық, қолғап, белдік, жемпірге дейін тоқып, жерді ала қар жапқанша аяқтап бітіретін. Жалғыз менің анам емес, ол кезде қолы іс білетін барлық келіншектер осындай істің басында отырушы еді. Кәдімгі тігін цехының киімдерінен кем емес дерсің, әдемі. Арасында сан түрлі өрнек салып та тоқиды. Біз баламыз ғой, ештеңенің де мәнісін біле бермейміз. Аракідік базарлардан көріп қалатын қызылды-жасылды шұлық кигіміз келсе керек, тоқып берген киімнің иісі жаман, қой жүнінің қылы денеге кіреді деп қиғылықты салатын көрінеміз. Ал, бізді жыртық киім кимесе екен деп, жоқты бар етіп жүрген анамыздың бәрімізге дүкеннің шұлығын сатып әперетін мүмкіндігі жоқ. Бірімізге алып берсе, екіншіміздің де көңілімізді қалдырғысы келмейді. Содан бірдей етіп тоқыманың түр-түрін тоқып береді. Ал, әжеміз біз иісі жаман, қышытады деп сылтау айтпас үшін алдымен дайын болған жүн киімдердің барлығын көпірте отырып ұқыпты түрде жуып шығады. Сол кезде жүндегі қатты қылдардың бәрі түсіп қалатын болса керек, кепкеннен кейін мақтадай жұмсақ болып шыға келеді. Қоламса иіс те ғайып болады. Бұрын бас бармағы бір бөлек, қалғаны бір бөлек тұратын қолғап тоқып берсе, енді өсе келе бес саусақтысын тігіп беретін. Сол кездегі аналарымыздың шеберлігіне ерекше тәнтімін. Дүкеннен су жаңа зат алып бергендей қуана киіп, мектепке кетуші едік. Қаһарлы қыстың талай ызғырық күнінде аяғым тоңды деп бір жылауды білмей, осылайша бойжеттік. Бұл сол кездегі ауылдағы барлық отбасыда болған жағдай. Ол кезді сағына еске алмайтындар қазір кемде-кем шығар.Бүгінде қаланың көпқабатты үйінде тұратын мен анам тоқып беріп жіберген башмақты киіп қайда барайын? Ауылдағыдай басы артық жұмыс та жоқ. Болғанның өзінде де сыртқа шыға қалсақ, заманға сай арнайы тігін мәшинесі тігіп шығарған шұлық киеміз. Ал, алда-жалда тоқыма керек бола қалса, оны базар кезіп таба алмасымыз анық. Сөйтіп, әлгі анам берген башмақты көзіндей етіп, орап сақтап қойдым. Ол бейне бір балалық шағымның куәсіндей ерекше ыстық. Айтайын дегенім, бұрын кез келген үйде домалап жататын тоқыма жіптерін қазір аңғару өте қиын. Киім тоқып киетіндер де жоқтың қасы. Бәрі де цехтың дайын өнімін тұтынуға бой үйреткен. Мүмкін, тоқуға деген құлық жоқ, мүмкін уақыт жоқ. Әйтеуір, осы бір керемет шеберлік үлгісі ұмытылып бара жатқандығы қынжылтады. Кішкентайымнан есімде қалғаны тоқудың да өзіндік қыр-сыры бар. Түрлі әдіспен тоқылатын оның атаулары да жоқ емес. Әйтеуір, анам тізбектей тоқыдым, нық шалдым, қысқа шалдым деп әжеммен екеуара күбірлесіп, талқылап отыратын. Сондағы тізбек деп отырғаны бірнеше үлпілдек шалудан жасалған алғашқы қатар. Сосын ілмектің ұшына бір шалу жасайды да, жіпті ілмекке орап, алғашқы шалудың ортасынан өткізіп алады. Міне, осылайша қайталана береді. Ал, қысқа шалу әдісінде ілмекті тізбектегі үшінші шалудың алдынан артына қарай өткізеді. Содан соң ілмекке жіпті орап, оны ілмектегі екі шалудан өткізіп алады. Нық шалу алдыңғыларға қарағанда сәл күрделірек. Ілмекке жіпті орап шалып алады да, жіпті тағы да орап, енді оны ілмектегі үш шалудан өткізіп алады. Бұл әдістердің түр-түрін біздің үйдегі қос шебер жатқа біледі. Қолының жаттыққаны соншалық, теледидар қарап отырып-ақ тоқи беретін. Ал, ол бүгінде ауылдың өзінде ондай науқанның саябырлағанын айтады. Себебі, зулаған сағым уақыт анамның баяғы жүн тоқымасын қытайдың селдір шұлығына ауыстырған еді...
Бағлан ТІЛЕУБЕРГЕНОВА.