ИТТІҢ БӘРІ ТАЗЫ ЕМЕС
Көшпелі бабамыз жаз жайлауды той-думандатып өткізсе, қысқы күнде ит жүгіртіп, құс салып саятшылық құрған. Сөйтіп, аңға салатын құстарды, мінетін атты – жүйрік ат, қыран бүркіт, алғыр қаршыға, құмай тазы, айлалы сұңқар деп ерекше қасиеттерімен атаған.
Тазының ең жүйрігі мен ұшқырын құмай, құмай тазы деп атайды. Халқымыз тазының ең жүйрігіне «нағыз құмай екен, қанатты құмай екен» деген секілді мадақ сөздер айтқан, оның ерекше қабілетіне сүйсінген. Қазақ халқының ұлттық болмысында да ит жеті қазынаның бірі деп дәріптеледі. Оның ішінде бойына біткен ептілік, жылдамдық, әдісқойлық, түлкі-қоянды құйындай соғатын, тіпті арқарға, қасқырға шабатын қасиеттердің бәрі құмайға тән. Ол өзінің ізшілдігімен, желмен жарысқан жүйріктігімен, сұлу мүсінімен өз аталастарының ішіндегі сырттаны, төресі деп есептелген. Асылы, құмайдың ерекше белгілері күшік кезінен-ақ байқалса керек. Мысалы, М.Мағауиннің «Тазының өлімі» атты шығармасындағы құмай тазы – Лашынның күшік кезіндегі сипаты: «Кеуделі екен, ұзаққа шабар. Қысқа мойын, әрі шықшытты, езулі көрінеді, қайратсыз да болмас. Артқы аяғы да келісті, маймақ біткен – жүйріктіктің белгісі», ал өсе келе «Шодыр төбелі басына түйе жапырақтай жалпақ, ұзын шашақты құлақтары әсем кейіп беріп тұр» деген теңеулер айтылған.
Кәнігі аңшылар тазының алғыр болып қалыптасуын, оның құмай дәрежесіне жетуін қатаң қадағалаған. Құмайды алты айынан бастап аңшылыққа баулып, 8-9 ай шамасында ұсақ аңдарға салады. Саятшылық кезіндегі мінез-құлқына да аса мән берген. Жүні тықыр құмай қысқы ұзақ жолда аттың үстіне, иесінің алдына қарғып мініп, тонының етегін жамылып жататын болған. Аңшы оның аңшылық рухын ортайтпауға, аязға тоңдырмай үйіне алып келу үшін «тәйт» демеген. Аңшылар арасында тараған мынадай ырымдар бар. Егер тазы үйіне жеткенше аң ұстамаса, ол үйіне жеткенше мойны қатып қалады да, алғыр тазы бола алмайды немесе тазыға ауылдан шыға берісте қоян кездесе қалса, оны міндетті түрде соғып алу керек, олай болмаса сапар сәтсіз болмақ. Иттің бұл тұқымы өте адал жануар болуымен де қасиетті. «Қазаннан қақпақ кетсе, иттен ұят кетеді» деген мақал оған қаратып айтылмаса керек. Өйткені, ол өзіне арналмаған асқа жуымайтын қасиетімен халыққа сүйкімді болған. Одан иіс шықпайды, жуынды, өлексе жемейді. Тазалықты сүйетін халқымыз тазының осы қасиетін ерекше бағалап, оған ішерге таза ас беріп, үйдің бір бұрышынан орын сайлаған. Тазының кербез де салқын мінезіне сүйсінген.
Өкініштісі сол, құмай тазы тұқымы жоғалып құрып бітуі мүмкін. Қазақ ит баптап, құс күйттейтін, бұлғақтап жүретін заманнан айырылып, құмайдың тұқымы, тіпті құрып кетті деуге де болады. Бүгінде тазының отаны саналатын Қазақстанның өзінде бұл тұқымдастың саны 500-ден астам екен. Ал, құмайы ілуде бір кездесері хақ. Мамандар құмай тазы жуық арада «Қызыл кітапқа» енуі де мүмкін» деген пікірде.
Ғасырлар бойы халқымыздың жансерігі, өзінің айрықша қасиеттерімен халқымызға сүйкімді болған, сүйсіндіре білген, алғырлығымен, жүйріктігімен, қырағылығымен бабаларымызды тәнті еткен құмай тазы бүгінгі қазақтың санасынан алыстап барады. Көпшілігіміздің құмай қасиетін танымай, қазақтың саятшылық өнерінен бейхабар ұрпақ болып келе жатқанымыз өкінішті-ақ. Десе де, жоғалудың сәл-ақ алдында тұрған осынау иттің текті түрі құмай тазының тұқымын жоғалтып алмау – бүгінгінің еншісіндегі іс.
Гауһар Асқарқызы.